Өркениет

Қыз алмай қашу

  • Қыз алмай қашу

    Қыз алмай қашу

Бұл сөздің авторы мен емес, ер кіндіктілердің өздері, дәлірек айтқанда, көпке танымал әзілкеш Марат Оралғазин. Өзінің twitter парақшасына осылай деген Мараттың тобықтай сөзі бүтін бір заманның «маскасын» сыпырып алып тастауға жарап тұр.
Ал бізде әлі күнге «қыз алып қашу – қылмыс» деп, соған арнайы «күлтөбенің басына» жиналып жүрген топ бар. Соларға да, өзімізге де дәлел ретінде бүгінде сүйген жігіті алмай қашып кеткен қыздардың жайына «Алаш айнасы» үңіліп көрген еді.

Әуелі еркек әйелді, сосын әйел баланы...
Қазір кім көп, әкесіз өсіп жатқан бала көп. Бұрын ауылда оң жақта отырып бала табудың өзі өлімнен күшті ұят саналса, қазір жар құшпай жатып-ақ, құрсақ көтеріп қою деген  одан да сорақы іс шықты. Оны анасы әуелі «аборт» жасатып тастамай, тоғыз ай аман-есен көтеріп, жарық дүниеге алып келсе бір сәрі. Сосын оны қоқыс жәшігі немесе жетімдер үйінің табалдырығына тастап кетпесе... Кей дерек көздері Қазақстанда барлығы 75 мыңға жуық тағдыры талайлы тастанды баланың барын айтса, енді бірі, нақтырақ айтсақ, azattyk.kz сайты мемлекеттік емес ұйымдар жүргізген зерттеулерге иек арта отырып, соңғы 10 жылда елімізде ата-анасының қарауынан айырылған балалар саны 96 мыңға жетті деп хабарлайды. Олардың 80 пайызының ата-анасы тіріболғандықтан әлеуметтік жетімдер қатарына кіргізіледі екен. Ал бұл – жоғарыда Марат айтпақшы, қыздың етегін көтеруді ғана мақсат тұтып, иелік етуге келгенде тайып тұрған, «алмай қашқан» жігіттің және соған ерік беріп қойып, соңында не істерін білмей баласын тастап кете барған «көкек аналардың» лаңы. Бұл бір деңіз.

«Отырған қыз» қайдан шығады?..
Екіншіден, жә, мейлі, қыздың аяғы ауырламай-ақ қалды делік. Жігіті оны «алмай қашты». Бірақ ол бәрібір кінәлі ғой? Ең біріншіден, ол қыз жүрегін ойыншық етті, бәлкім абыройдан айыруы да ғажап емес. Ендігі жерде ол бейбақ тұрмыс құра ала ма, жоқ па? Яғни, қыздардың отырып қалуы тегін емес, бірақ біз осы жағына мән бермей, тек «бала санын көбейтпей неғып отыр?», «кетпей ме?» деген сияқты қатаң әрі сауатсыз көзқарастың жетегінде жүрміз, шыны керек.
Осы тұста бір тәмсіл айтсақ...
Баяғыда бір кедейдің қызы тойға барғысы келіп, әкесінен қайта-қайта сұрана берсе керек, әуелі «бармайсың» деп кесіп айтқан әке, кейін тағы сұранған қызының жүрегін жаралап алмайын деп «қызым бара ғой, бірақ барғызбасың барғызбай қоймаса» деп жауап қатыпты. Мұны ести сала «бара ғойына» ғана мән берген бойжеткен сол күн келіп жеткенде, тойға барайын деп киім іздейді ғой. Қараса, иығы жылтырақ бір киімі жоқ екен. Сонда барып түсініпті «барғызбастың» мәнісін. Яғни, қызды тойға жібермейтін әкесі емес, жоқшылық екен.
Сол секілді, қыз байғұстың кеткісі-ақ келеді, бірақ «барғызбасы» бар, соның ең негізгісі әуелде оның өмірімен әлдекімнің «ойнап кетуі» болуы бек мүмкін. Яғни, «алмай қашып кеткен» жігіттің қиянаты. Бұл екі деңіз.
Елімізде бүгін 10 мыңнан аса жезөкше бар
Тәуелсіз сарапшылардың дерегі осылай дейді. Ал бұл – үшінші бір үлкен мәселе. Және бұл – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген транзитті жезөкшелерді есепке алмағандағы өзіміздің қаракөздер құрайтын қомақты сан. Мәселен, Шымкент қаласында бір түнде 2000 жезөкше көшеге шығады десе,  жуырда сол екі мың жезөкшені тексере келгенде 24-інен вич-инфекция табылып, құқық қорғау орындары мен жергілікті өкіметтің көтерген шуы әлі басыла қойған жоқ. Мұнайлы мекендердің көптеп табылуына және соған орай шетелдік жұмысшылардың ағылып келуіне байланысты, Ақтау мен Атырауда бұл кәсіп иелерінің қарасы күрт көбейіп кеткен. Бұл Жер бетінде ежелден келе жатқан «кәсіп» болса да, оны өршітетін сырттан келген біреу емес, өз ішімізде, өзіміз. Яғни, «алмай қашқан» жігіттің кесірі осы жерден тағы әшкере болады. Ол жай ғана «ойнап» кетті, ал оның салдарынан бір тағдыр төңкеріліп түсті. Әу баста бәлкім әдепті, арлы қыз ба еді, соңында ашынғаны соншалық ар мен ұятты жинастарып қойып, былайша айтқанда беттің арын белбеуге түйіп, кәнігі кәсіптің иесі болып шыға келді. Әрине, қате ешқашан біржақты болмайды, «тана көзін сүзбесе...» деп келетін мақалды көлденең тартатындар да табылады, ол негізсіз де емес.
Біз – «алып қашқан» буынның ұрпағымыз
Салмақтап көрелікші, көнбей жүрген қызын қолға түсіріп, зорлықпен үйіне алып барып, табалдырығын аттатып, басына ақ жаулық салса, әрине, қылмыс. Әсіресе еуропалық түсінікпен өскен қыз-келіншектер үшін қыз алып қашу – ең бір жабайы дәстүр. Ал біздің қазақы көзқарас жағынан алғанда, бұл – үйленудің бір тәсілі. Мысалы, әке-шешеміздің кезінде жігіт қызды ұнатты ма, келісе ме, жоқ па, қыз отынға, суға барғанда бас салып, алып қашып кеткен. Қазақтың көптеген шаңырағы солай құрылған, қыздар күйеуін тек төсекте ғана көрген. Ал солар ешуақытта «ищай» десіп, бір-бірінің бетіне келмеген. «Еркек – үйдің егесі, әйел – оның шегесі» деген түсінік әр қазақ отбасының берік концепциясы еді. Екіншіден, келісіп алып қашу деген бар, ол – екі жақтың салтанатты түрде той жасауға шамасы келмегенде тоқтайтын байламдары. Қайсысы болсын, жақсы ниет, жақсы нәтиже. Ал енді осылай алып қашса да отбасын құрған жақсы ма, болмаса қыздардың отбасын құрмай, оң жақта жүкті болып қалып, тастанды балалар санын көбейтіп жатқаны жақсы ма?Ең басты айтарлығы мұнда жігіт қызды «бұл қыз менің өмірлік жарым бо-лып, үйімде жүреді, балаларыма ана болады» деген ниетпен алып қашады. Егер оның басқа ойы болса, біркүндік құмар болса, ол басқаша әрекет жасар еді. Яғни, алдымен «тояттап», сосын болары болып, бояуы сіңген соң, іс насырға шапқанда «күйеу жігіт» алмай қашады. Сонда үйлену үшін алып қашқан жігіт қылмыскер ме, әлде...




Көрілген: 2453    Пікірлер: 1

сейсенбі, 25.02.2014, 11:58

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30