Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Мәдидің жанды бейнесі табылды!

28 қаңтар 2011, 12:41

Асқақ әнші, композитор, дауылпаз ақын, қолөнердің тамаша шебері, қазақ ұлт-азаттық күресінің құрбаны, Қазыбек, Бекболат билердің сойы, Алшынбайдың немересі Мәди Бәпиұлының сом тұлғасы көрініс тапқан бейнетаспа шаң басқан мұрағаттардан қайта «тірілді». Мәдитануға Әлжаппар Әбішев, Әшімбек Бектасовтардан кейінгі зор үлес қосқан өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім болды. Бұған дейін Мәдидің суретін халқымен қауыштырған Жәкең атаулы бейнетаспаны тапқанына біршама уақыт өтсе де (2006 жыл), жалпыхалықтық деңгейде үлкен сілкініс тудырмай отыр.
Заңғар тұлғаларымыздың мерейтойлары жетім қыздың тойындай болып өтетін болғалы қашан?! Оған етіміз де үйреніп кеткендей. Мәдидің 130 жылдығы Астана мен Алматының төрінде дүр­кіреп тойланбаса да, туып-өскен Қарқаралы бау­райы әнмен көмкерілді. Онда жаңа табылған «Қош, елім», «Үшқараның» екінші нұсқасының тұсауы кесілді. «Осы күнге дейін дүлдүл әнші­нің «Қаракесек», «Үшқара», «Қарқаралы», «Шіркін-­ай» тәрізді әндері ғана белгілі болып келген еді. Енді оған тағы жаңа табылған бейнетаспаны қо­сыңыз. Бейнетаспа қазақ кино мұрағаттарынан табы­лыпты. Оның кеңейтілген үлгідегі түпнұсқа­сы Мәскеу мұрағаттарында болуы әбден мүмкін», — деп есептейді Жарқын Шәкәрім. Қас-қағым сәттегі таспаға кең жазира дала, мыңғырған мал және әншіге қызмет көрсетіп жатқан келіншектер көрінісі де сыйып кеткен. Бер жақтағы үлбіреген жас келіншектің биязы да сымбатты, қазақы бітім-болмысы қырағы көзден таса қалмайды. Бүгінгі ұрпақ үшін тәлім-тәрбиелік мәні зор кадр болашақта жалпы халықтың көзайымына айналар деп үміт етеміз.
***
«Небәрі алты секундтық үнсіз бейнетаспадағы қолына домбыра ұстап отырған адам расында Мәди ме?» деген көкейдегі сауалды «олжалы» ағамыз Жарқын Шәкәрімге қойған едік.
– Бейнесюжеттегі қолына домбыра ұстаған адам 1968 жылы табылған Мәди фотосуретімен айна-қатесіз ұқсас. Қабағы мен қасы, мұрны мен мұрты, жақ сүйегі, сонымен қатар көз қиығы дәл келеді. Бұрынғы суретте Мәдидің түрмеден шыққан сәттегі жұпыны киінген бейнесі кескінделсе, бұл таспаның бір сәттік мезетінен алынған суреттегі адамның да киген киімі оңып тұрған жоқ. Тағдыр талапайында бұрқанған, бірер күн де болса қапастан шығып, пана табайын деп келген суыт жолаушы адамның кейпін береді. Бет әлпетінен Мәдиге тән қажымас қайраттың, ерліктің, қайсарлықтың табы білінеді.
Қолына ұстаған домбырасы, байлаған перне буындары Қарқаралы өңіріне тән. Шын мәнінде, кинохроникадағы адам мен фотосуреттегі адам – бір адам. Сөз жоқ, ол – Мәди.
 Мәди кинохроникаға шамамен 1918-1921 жылдар аралығында ілінген. Өйткені кинохроникаға түсіру Кеңес өкіметі терри­ториясында 1918 жылдан басталғаны тарих­тан белгілі («Қазақстан Ұлттық энцик­­лопедиясы», IV том, Алматы, 2002 жыл, 570-бет). Өткен ғасыр басында Орын­борға қараған Семей губерниясының Қарқаралы уезіне Ресейден ат басын тіре­ген талай-талай оқымысты мен саяхатшы­ның келгені белгілі. Қарқаралының таңға­жайып табиғаты мен дала көріністерін фотосуреттер мен кинохроникаларға түсір­ген­­дер де солардың бірі болуы әбден ықтимал. Кинохрониканың түпнұсқасын Мәскеудің, Санкт-Петербургтің және Орын­бордың мемлекеттік киноқұжаттары мұрағаттарынан іздестіруге тура келеді. Орынборға қараған кезде түсірілген там-тұмдаған сирек жәдігерлер осы күндері қазақ бейнемұрағаттарында кездеседі. Тек оларды дөп басып тани білу қажет. Сондай көзімізге түскендердің бірі – Мәди баба­мыздың қас-қағым сәттегі қимылы бейне­ленген, қолындағы домбырасы мен анық бет әлпетін көрсеткен белгісіз  кинох­ро­ни­ка. Анықтап, халқы­мызға жеткіздік. Оған да тәубе.
– Әншінің алғашқы суретінің табылу тарихын әңгімелеп берсеңіз...
– 1968 жылдың қаңтар айында Қарағандыға жақын тұрған Абай қаласына келген сапарымда Тоқаш Кәдікеев деген қариямен жолықтым. Ол: «Қарағым, ел іші­нен көріне қалған елгезек, есті бала екенсің. Өркенің өссін! Бір керегіңе жарар, берген батам болсын», – деп, көнерген қоңыр сандықтан сарғыш тартқан Мәдидің фотосуретін алып, маған тапсырып, аманат етті.
Мәди фотосуретке осыдан 95 жыл бұрын, яғни 1915 жылы Атбасар абақты­сынан қашып шығып, жасырынып жүргенде түскен. Күйеу баласы Тоқашқа өз қолымен тапсырып тұрып: «Көзіңнің қарашығындай сақтағайсың», – деген екен... «Басындағы тымақты абақтыда бірге болған алшын-жаппас елінің азаматы берген», – деп Мәдидің айтқанын еске алып еді сонда Тоқаш қарт.
Тоқаш қарттың айтуынша, Мәдидің әкесі Бәпи Алшынбайұлы – екі әйел алған адам. Бәйбішесі – Күләнда Бітібайқызы. Одан Мәди және Үрқия, Мәпіш деген екі қыз туған. Мәдидің «Қарқаралы» әнінде «Атадан жалғыз туған Мәди едім» дейтіні сондықтан. Тоқаш Мәдидің туған қарындасы Мәпішке үйленген. 1921 жылы Мәди атылғанда, айналасына кесірі тиетін болған соң, Ресейдің Барнауыл өңіріне бас сауғалап барып, содан 50-жылдары қайта еліне оралып, Абай қаласына тұрақтаған көрінеді. Тоқаш пен Мәпіштен Ләтәй есімді жиені, Ләтәйден Ермек, Мәди, Шәкен есім­ді дүлдүл әншінің жиеншарлары дүниеге келген екен.

 Иә, бұл сурет болмаса, таспадағы Мәдиді тану мүмкін емес еді-ау. Енді осы таспа түрткі болып Мәскеу жақтан ұлт перзентіне қатысты тарихи деректердің шеті шығып жатса, қайран қалмаспыз. Тек ұлыларға іздеу салар ұрпақ болса...