"Мына жақта масқара болып жатыр". Шоу-бизнестегі даулар

20 мамыр 2022, 17:37

Шоу-бизнесте танымал өнер адамдары арасында дау-дамайлар көп. Tengrinews.kz тілшісі кейінгі кезде танымалдардың басы қандай дауға қалғанына шолу жасап көрді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

"Ақ жол емес, сор жол". Айгүл Елшібаеваға қандай жала жабылды?

 

25 наурызда танымал дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева Facebook-парақшасында жазба жариялаған болатын. Онда Алматыға барар жолда жолсерікпен арада түсініспеушілік болып, арты дауға ұласқанын айтты.

 

"Бұл ақ жол емес, сор жолға айналарын кім білген? Қаскелеңдегі Қарақалпақ, Түрікмен, Өзбекстаннан көшкен ағайындардың көрісу күніне Айгүл келіп жырласын дегесін, бағалары басқа компаниядан қымбат болса да, Air Astana ұшағына билет алып, "Алматым, қайдасың?" деп, көптен жыр тыңдайтын ортаға түспегесін, алып ұшқан көңілім, түнімен ұйықтамай, домбыраммен қуанып бара жатқан сәттерімде осындай жайға ұшырайды деп кім ойлаған?" - деп жазды әнші.

 

Ол мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп берді.

 

"Air Astana жолсерігінің, басқа ұлт өкілінің қазақ тілінде менің айтқан сөзімді түсінбей жала жапқаны, үстімнен әуежай полициясына арыз жазғаны жаныма батты. Ұшақ ұшып-қонар кезде , "орындығыңды түзе" дегесін, 3 рет бастым. Орындық ақауы бар екен, орнына түспей, 3-рет артымдағы адам итеріп қалпына келтірді. Жабық терезені аш деді, оны аштым. "Қақылдап қоймады ғой, қанды ішіп, мына қыз, ұйықтап жатқанда" дегеніме, жаман сөз айтқандай, орысша тәртіпке келтіріп жатқан соң, "ұйықтап жатырмын, мазамды алма" дедім. "Девушка, я буду на вас жаловаться" деп салонға естірте айтқан соң, намысыма тиіп, шыдай алмай, "Если, кресло не работает, я виновата что-ли, тогда ремонтируйте" деп айқайлап жібердім. Салон естіді, екінші жолсерік "тише-тише" деп жатқан соң, ұйқымды жалғастыра бердім", - деді әнші парақшасында.

 

 

 

Кейін жолсерік полицейлерді ертіп келген.

 

"Борттан шығып келе жатсам екінші жолсерікпен бірге қасында 4 полицей мені күтіп алды. Қолымда домбырам, жолсерік "вот это, вот она" дейді, қылмыскерді ұстағандай. Амандасқан соң, екі полицей кетіп қалды, екі полицей қалды. Полицейлер "мына стюардесса ішіп алған, бағынбайтын жолаушы деген соң төртеуміз шықсақ" деп қарап тұр. Күлейін бе, жылайын ба? Бір ауыз қазақша түсінбейтін жолсерік орыс қыз жала жауыпты. "Сіз сау екенсіз ғой, сізді мас деп жүрер, анықтама алыңыз" деген соң өмірі арақ ішіп көрмеген ғазиз басым, бөлімшеге барып, құрылғыға үрлеп "сау" деген анықтама алдым", - деді әнші ашынып.

 

АҚШ-та өтпей қалған концерт. Кім кінәлі?

 

Биылғы даулы оқиғаның бірі Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизхан Шекербековке қатысты болды. Желіде қос әнші АҚШ-тың Орландо қаласында концерт өткізбей тастады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Facebook-те Айжан Хамит (Aizhan Khamit) есімді қолданушы жазды.

 

"Мына жақта масқара болып жатыр. Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизхан Шекербеков Американың Орландо қаласындағы қазақтарға концерт өткізбек болған. Қазақтар мәз, неше түрлі штаттардан келген, билеттерді сатып алған, енді мына екі жұлдызымыз концертке келген жоқ. Қазақтар телефон соқса, ойбай, концерт па деп, дым білмегендей отыр. Сонда мына видеоны кім жасаған? Екі ортада ұйымдастырушылар кінәлі болып қалды, залдың ақшасын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болды. Жігіттер, мыналарың ұят енді. Мына жақта ерігіп жүрген адам жоқ, барлығы жұмыс істеп ақша тауып Қазақстандағы туыстарын асырап жатыр", - деп жазған ол.

 

Ал Ғазизхан Шекербековтің продюсері АҚШ-тағы концерттерді Данияр есімді жігіт ұйымдастырғанын, ешқандай ақша алмағанын айтты.

 

 

 

"Еш жерден бір теңге алған жоқпыз. Аламыз деп те бармадық. Наурызға қатыстық. Ол жақтан да ақша алмадық. 4-і күні Орландода, 2-сінде Филадельфияда концерт болды. Ол жақта концерт залында өтті. Одан да ештеңе алмадық. 1,5 сағаттық шара өтті. Сол күні түнде ме, Орландоға ұшу керек болды. Ал Орландодан тіке келетін билет біздің Стамбулға кететін билетпен бірдей екен. Транзиттік сияқты болып кетті. Үлгере алмай қалуымыз да мүмкін еді. Тәуекел болды. Орландодан ешқандай ақша алып қойған жоқпыз. Даниярға бара алмайтынымызды айттық, ол әрі қарай түсіндірді. Орландоға барар бір күн бұрын үлгермейтінімізді білдік. Ұйымдастырушылар дұрыс есептемеген", - деді продюсер.

 

Даудың басы - Желідегі жарнама

 

Қазақстандық өнер жұлдыздарының Желідегі жарнамасына қатысты да даулы мәселе көп. Былтыр сәуірде алматылықтар танымал тележүргізуші мен вайнерлер жарнамалап жатқан қаржы пирамидасына шағымданған болатын.

 

Кейінірек Желіде тағы бір бейнеролик пайда болған, онда белгілі тележүргізуші, продюсер Баян Алагөзова ASTEX компаниясын жарнамалағаны көрінеді. Ол өз ақшасын салу мәселелерінде осы компанияның құрылтайшылары - ағасы Алмас пен Шыңғысқа сенім артатынын айтқан.

 

"Бұл Қазақстандағы жалғыз компания, соның арқасында тендерлік жобаларға инвестиция салып, тәуекелсіз ақша табуға болады", - деді Алагөзова жарнама ролигінде.

 

 

Жарнама жасап, басы дауға қалғандардың бірі - әнші Бүркіт. Алматыда Safari Mebel компаниясының басшысы ұсталған еді. Бұл компанияны эстрададағы танымал дуэт жарнамалаған болатын. Клиенттер компанияны алаяқтық жасады деп айыптаған. Олар компания ақша алып, уәде етілген жиһазды жасап бермегенін айтып шағымданған.

 

Алматылық Айгүл Алдаярова былтыр көктемде Алмалы ауданындағы жаңа үш бөлмелі пәтеріне жиһаз алғысы келген. Әйелдің айтуынша, бұл компанияны отандық жұлдыздар жақсы пікір білдіргенін көрген соң таңдаған.

 

 

Әнші де оқиғаға қатысты пікір білдірді.

 

"Бір жарым жыл бұрын Instagram арқылы өтініш жасады. Тапсырысқа жиһаз жасап бере алатынын айтты. Үйге жиһаз қажет болғандықтан келістік. Бартер ретінде келістік: олар бізге балалар бөлмесіне жиһаз жасап береді, ал біз Instagram арқылы жарнама жасап береміз. Артынша, Аманжол есімді жігіт үйге келіп, бәрін өлшеп, бір айдан кейін дайын болатынын айтты", - дейді әнші.

 

Сонымен қатар, әнші кейінірек тағы да жиһазға тапсырыс берген.

 

"Басқа бөлмеге жиһаз жасап беруін сұрадым. Олар тапсырыс көп болған соң кейінірек жасап беретінін, қолы босағаннан кейін келіп өлшеп кететіндерін айтты. Біраз уақыттан кейін жігіттер келді, біз не қалайтынымызды көрсеттік. Сол уақыттан бері жиһазымызды жасап жатыр. Одан бері бір жылдан аса уақыт өтті.

 

Оларға хат жазсам, жақында жасап береміз деп жауап береді. Бірақ қазір үміт аз. Не болып жатқанын және неге бәрін кешіктіріп жатқанын түсінбей отырмыз. Бәлкім, біз жақсы жарнама жасағаннан кейін клиент көп шығар. Меніңше, олар көп тапсырыс алып, бәрін орындай алмай жатыр", - деп қосты ол.

 

Желідегі дау-дамай

 

Әлеуметтік желіде оқырмандарымен арада дау-дамай туындап жататын танымалдар да аз емес. Соның бірі - Мөлдір Әуелбекова. Әнші Instagram-парақшасында жеке басын қорлайтын сөздер жазып, пікір қалдырған оқырманын ресми түрде сотқа бергенін мәлімдеді. Алайда кейінірек өнер адамы болған соң өзіне айтылатын түрлі сөзге "қойшы, қойшы" деп, "қойшыға" салып келе жатқанына 18 жыл болғанын айтты. Сондай-ақ, салдары ауыр болатынын ескеріп, оқырманын кешіргенін жазды.

 

Арандатушылық па? Желіде тараған видео

 

Желіге жүктелген кез келген видео тез арада таралып кетеді. Оның үстіне, танымал адам болса, халық оған жарыса пікір жазып жатады. Биыл әлеуметтік желіде белгілі әнші Ерлан Орынбасаров балаларды балағаттады деген видео тарап кеткен еді.

 

 

Әншінің өзі даулы оқиғаны түсіндіріп берген болатын.

 

"Біздің 6 жасар Назарали есімді баламыз бар. Бір жылдан асты, көшедегі балалар сол баламызға "толстый, лошара" деп тиіседі. Оны өз құлағымызбен де талай естідік. Олардың ата-анасына да айтып, сөйлескенбіз. Бірақ ата-анасы да "Видеоға түсірілген дәлеліңіз бар ма?" деп, балаларын жақтап сөйлейді", - деді әнші.

 

Сондай-ақ, видеоның тез таралып кеткеніне таңданғанын жасыра алмады.

 

"Біраздан соң балам тағы келді. Балам "Папа, маған ана бала "Сені ұрып-соғу үшін құрдастарыңа ақша бердім" деп айтты. Бірге жүрші, велосипедім сол жақта қалды, қорқамын, велосипедімді алып келейікші" деді. Содан мен шығып, сол балаға олай жасауға болмайтынын түсіндіргім келді. Әлгі бала былапыт сөздер айта бастады. Өзімнің де ашуым келіп тұр еді, мен де былапыт сөзбен жауап беріп жатыр едім, ол бірден сыпайы болып, өзіме ақыл айта бастады. "Балалардың көзінше былапыт сөз айтпаңыз" деп, "сен" дегеннен "сіз" дегенге көшті. Сөйтсек, осы видеоны түсіру үшін арандатып жүр екен. Себебі бұл видео 10 минут ішінде топтарға бірден тарай бастады", - деді белгілі әнші.

 

Кейін әнші баланың әкесімен сөйлескенін айтып, кешірім сұрағанын жеткізді.

 

"Тоқалы жоқ". Шоу-бизнестегі танымал отбасындағы дау

 

Шоу-бизнестегі даулы қарым-қатынастың бірі Қайрат бен Жұлдыздың отбасылық өмірі болғаны жасырын емес. Әншінің анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова Қайрат пен Жұлдыздың арасында не болғанын айтып берген еді.

 

"Жұлдызды мен жаман деп жатқаным жоқ, кінә екеуінен де бар. Бүгін ұрысса, ертең татуласуы мүмкін. Көрінгеннен кір іздеп азғырып не керек. Қайрат та, Жұлдыз да жаман емес, араларына жалмауыздар түсіп жалмады, болды. Сендер ойлағандай тоқалы да жоқ. Енді ойламаса әлі күнге дейін тоқал алу миына да кіріп-шыққан емес. Жұрттың сөзі өсегі, арандатушылығы құртатын, бір-біріне жамандар өсектеп", - деп пікірлерге жауап берді Гүлзира Айдарбекова.

 

Ал кейінгі сұхбаттардың бірінде Нұртас Айдарбеков Қайрат пен Жұлдыз бірге екенін айтты.

 

"Екеуі бүгінде бірге, бірақ отбасы болғасын ыдыс сылдырламай тұрмайды. Құдайға шүкір, төрт немере бар. Жұлдызды әрқашан жоғары қоямын. Құдай маған қыз бермеді, үлкен қызымдай болып келді. Өз тарапымнан ешкімнен кем қылған жоқпын. Өздерінің арасындағы кішкене бір кикілжіңге кіріскім келмейді. Екеуі 33-34 жасқа келіп қалды. Бұл жағын өздері шешеді. Ең бастысы, екеуі бірге", - деді Нұртас Айдарбеков.

 

"Қателеспейтін адам бар ма бұл өмірде?". Димашқа қатысты сын-пікірлер

 

Қазақ атын төрткүл дүниеге танытып жүрген Димаш Құдайбергеновке қатысты түрлі сын-пікір жиі айтылады. "Дос-Мұқасан" ансамблінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, танымал композитор Мұрат Құсайынов жақында ғана "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын қазір екінің бірі алып кеткеніне наразылығын білдірген болатын.

 

"Мәдениет министрлігі біреу шықса болды, мадақтап, атақ бергеніне ғана мәз. Димашқа "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын берді. Ол үлкен атақ. Ол менде ғана бар. "Дос-Мұқасанда". Оны 20-30 жыл қызмет етіп барып алуың керек. "Қайраткер" деген сөз өте жоғары. Оны екінің біріне бере береді", - деді композитор.

 

Ал әнші Бақыт Шадаева Димаш Құдайбергенге қатысты айтқан сөзін түсіндіріп, халықтан кешірім сұраған еді.

 

"Құрметті халайық, ортадағы адамдардың сөзімді асыра түсіп, хайп қылып, оны халыққа жеткізіп, оны жалғастырып жатқан өздеріңізде де бар кінә, бір жағынан. Біз өнер адамдары ондай сын айтуға дайын болуымыз керек. Оқу, білім ешқашан артық болмайды. Димашқа айтқан сөзім, аузыма Құдай салып тұрса не деймін. Жанкүйерлерінен кешірім сұраймын. Димашты бүкіл жан үйімізбен жақсы көреміз. (...)

Жанкүйерлерінен кешірім сұраймын. Өте қатты ауыр сөздер айтып жатыр. Қателеспейтін адам бар ма бұл өмірде? Қанша дүние болғанымен, кешірімді болуымыз керек ", - деді әнші.