Өркениет

"Нарық заманында өмір сүрсе, Мұқағали бірінші аш қалатын еді" - Гүлзат Көбек

  • Фото жеке мұрағаттан / Гүлзат Көбек

    Фото жеке мұрағаттан / Гүлзат Көбек

Көрермендерге жол тартқан жаңа «Мұқағали» фильмі жайында сын айтушылардың қарасы күн санап көбейіп барады. Әрине, Мұқағали секілді ақиық ақын туралы фильмдердің елдің талқысына түсуі де заңдылық. Жұрттың бәрінің көңілін табу міндет те емес. Кезінде «Келін» фильмі шыққанда да жұрттың өре түрегелгені есте. Бірақ бұл фильм Оскар сыйлығының шорт-листіне іліккен болатын. Сондықтан «Мұқағали» кинотуындысы туралы мамандармен сұхбаттасуды жөн көрдік. Киносыншы Гүлзат Көбек жаңа туындыны талдап, сараптап берді.

 

Express Qazaqstan: "Талғамға талас жоқ" деген сөз бар. Десе де, "Мұқағали" фильмі жайында сын айтушылар көбейіп келеді. Киносыншы ретінде қандай уәж айтар едіңіз?

 

Гүлзат Көбек: Әлбетте, жаңа фильм шыққан кезде жиі сын айтылып жатады. Әркімнің өз пікірін айтуға хақы бар. Киносыншы ретінде айтарым, көрермендер сынының астарында мынадай нәрсе тұруы мүмкін. Елімізде Мұқағали поэзиясын білмейтін адам жоқ. Мектеп жасындағы балалардың өзі жатқа біледі. Сондықтан әр адамның көз алдында өз Мұқағалиының образы тұрады. Жұрт сол ойындағы Мұқағалиды көргісі келеді.

 

 Фильмнен көрініс

Бірақ бұл — кино өнері. Мұқағали өмірде жоқ, оның бейнесін кино арқылы ғана жаңғыртудың мүмкіндігі бар. Бәлкім, кейбіреулер актерді ұқсата алмай жатқан шығар. Меніңше, актер дөп түскен. Кескін-келбетінде ұқсастық бар.

 

Express Qazaqstan: Мұқағалидай ақиық ақынды кино арқылы тірілте алдық па?

 

Гүлзат Көбек: Бұл идеяны алғаш рет марқұм Бейсен Құранбектің бағдарламасында айтқан едім. Мемлекет өзінің тарихи тұлғалары — саясаттағы, музыкадағы, поэзия мен ғылымдағы қайраткерлері туралы кино түсіреді. Әлемдік кинематографта бұл кеңінен таралған тәжірибе. "Біз неге қолға алмай жатырмыз, санаулы тұлғаларды неге экранға шығармаймыз?" деген пікір айтқан едім. Осындай саяси ұстаным болмаса, ардақтыларымыздың есімі уақыт өте келе өшіп кетуі де ғажап емес.

 

Фильмге келсек, бұл — Қалымбетовтің көзқарасындағы, Қалымбетовтің қабылдауындағы, Қалымбетовтің жүрегіндегі, дүниетанымындағы Мұқағали. Ол ақынның бейнесін киногер ретінде осылай көрді. Яғни біз Қалымбетов пен Жүсіпбек Қорғасбек екеуінің әлеміндегі Мұқағалиды көріп отырмыз. Осы материалды осылай қорытып, экранға берді. Біз осыған ғана баға бере аламыз.

 

Express Qazaqstan: Киносыншы ретінде бұл фильмге өзіңіз қандай баға берер едіңіз?

 

Гүлзат Көбек: Киноның өз тілі бар. Кино тілінде бейнелер арқылы терең шешімдерді көрсек, оны терең туынды деп айта аламыз. Дәл осы фильмде Қалымбетовтің өмірде жинаған тәжірибесін, терең бойлағанын, кәсіби тұрғыдан керемет өскенін көре алдым. Бұл фильмде сұмдық бейнелер бар. Бейнелерді сөйлете алған. Атап айтқанда, Брежневтің суретін Мұқағалидың сіріңке жағып, өртеп жіберуі, алмалардың көрінісі, қыздың өлімі, Жазушылар одағынан шығарылатын қолшатырлар, тағысын тағылар.

 

Мұқағалидің өз суреті

 

Күз — ерекше таңдалған мезгіл. Жаңбыр. Финалда оператор жоғары нүктеден түсіреді. Мұны көрермендердің эмоцияларын жоғары ноталарға көтеріп жіберетін финал деп есептеймін. Қалымбетовтің бұл тақырыпқа баруының өзі — үлкен батылдық. Өздеріңізге белгілі, ақынның ішкі әлемін ашу өте қиын. Ақындық мамандық емес, құбылыс. Ақындардың табиғатын психологтар жете зерттеуі керек деп есептеймін. Неге олар күйзеліске жиі түседі, тіршілікке қырсыз болады?

 

Express Qazaqstan: Ал "Мұқағали" фильмі бүгінгі киноның үдесінен шыға алады деп ойлайсыз ба?

 

Гүлзат Көбек: Қазір әлемдік киноматограф қандай деңгейге шықты? Әлем қайда жылжып бара жатыр? Қазір қозғалатын идеялардың масштабтары қандай? Қандай тақырыптар қызық? Соңғы "Кальмар ойыны" секілді сериалдар, идеялар — алапат. Әлемде кім мықты? Кім жеңімпаз? Нарық. Қатаң бәсекелестік. Мұндай қоғамда өмір сүру адамдарға оңай емес. Осындай тақырыптар қызық болып тұр. Нарық заманында отырып, Мұқағалидың заманына өту де қызық әсер береді.

 

Бүгінгі нарық заманында өте қатаң заңдармен өмір сүріп жатырмыз. Адамдар эмоцияға беріліп жылаудың да тиімді еместігін меңгерген.

 

"Кальмар ойыны"

 

Express Qazaqstan: Мұқағалидың фильмдегі образы көңіліңізден шықты ма?

 

Гүлзат Көбек: Артқа үңіліп, кеңес заманында өмір сүрген Мұғағалидың әлеміне, қиналыстарының себептеріне, жалпы адамшылыққа үңілуге мүмкіндік беріп, көп эмоция сыйлайтын фильм бұл. Меніңше, қазіргі нарық заманында өмір сүрсе, аш қалатын бірінші адам Мұқағали болатын еді. Кеңес дәуірінің тұсында да қиын тұрмыс кешкен адам. Ақындар — эмоцияның адамы. Жалпы, бізде бұл тақырыпқа арналған фильмдер жоқтың қасы.

 

Кеңес дәуірінің өзінде өмір сүру оңай болмаған. Сатқындық ол кезде де болды, қазір де бар. Сатқындықтың негізі қайда? Мұқағали неге жалғыз қалып, жан азабын тартты? Айналасындағы "досымын" деп жүрген көп адамдарға неге сенім арта алмады? "Мұқағали" фильмі мәңгілік адами қасиеттер, қарым-қатынастар туралы ойлануға мәжбүрлейді. Санаға салмақ салады.

 

Кейіпкерді іздеуде режиссер мықты ізденіс жасаған. Ақынның, алапат эмоцияның адамымен бір үйде тұру, оның әртүрлі көңіл-күйін көтеру, төзу өте ауыр. Лашынның рөлін сомдаған актрисаның ерекше бір тұстары бар. Сезімдерді керемет ашып береді. Сонысы ұнады. Баласының да тағдыры ауыр болғанын көреміз.

 

 Pxhere

Express Qazaqstan: Көркемдік жағына, ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз...

 

Гүлзат Көбек: Әсіресе, фильмдегі көріністер — түрмедегі қиянат, ұрып-соғу, жындыхана сияқты адамға психикалық соққы. Баланы мүгедек күйде Мұқағалидың көтеріп шығуы да өте ауыр көрініс. Көрерменнің эмоциясына күшті әсер етеді. Бұл фильмге психологиялық талдау жасау керек деп есептеймін. Киносыншы ретінде бір материал жасаудан тартынбаймын. Залда елу көрермен болса, бір киноны елуі елу түрлі қабылдайды. Сондықтан кәсіби сараптама жасап беру де өте маңызды.

 

Кез келген ақын ішімдікке жайдан жай әуес болмайды. Күйзеліске бекер түспейді. Мұның бәрінің себептері бар. Мұны жұмбақ шешкендей тауып шықсақ, бәрі түсінікті болады. Шахматтың ойынындағыдай бәрі орын орнына тұра қалады. Қалымбетов Мұқағалидың психологиялық портретін ашуға тырысқан. Өте мықты көркемдік шешімдер бар.

 

Финалы өте ұтымды. Көрерменнің санасына соққы жасалады. Адамды тірі кезіне бағалау маңызды екенін түсіндіре алды. Жаны нәзік, сезімтал келетін ақындар дер кезінде бағаланбағанына жаны ауырады. Күйзеледі. Өзін-өзі тастап жібереді. Фильмнен Мұқағалидың өз биігінде екенін көреміз.

 

Express Qazaqstan: Әңгімеңізге рахмет!

 

 

 

 




Көрілген: 869    Пікірлер: 0

сейсенбі, 26.10.2021, 20:14

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31