Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Наурызды қашан Жаңа жыл сезiнемiз?

06 мамыр 2011, 17:23

Дамушы елдердiң көбiне ортақ дерт: бәрiн бiреу қадағаламаса, iстiң берекесi болмайды. Нұқымаса естiмейтiн, шұқымаса көрмейтiн дерт бiздi де айналып өтпептi. Тәуелсiздiк дедiк, әлi күнге тұтастай көршi елдiң БАҚ-ына тәуелдi күй кешiп келемiз. Тiл дедiк, тұралағаннан кейiн тәлтiректегенiмiз болмаса, адымымыз ашылып кеткенi шамалы. Соның бәрiн өзiмiзден емес, сарай жақтан көретiнiмiз тағы бар. Сарайдағылар да саф алтын емес, алайда iстi қоғам болып iлгерiлетiп әкететiн тұста еркiндiкке қарамай шегiншектеп жатсақ, оған кiм кiнәлi? Ел басшылығы айтудай-ақ айтып жатыр, «Қазақтар – Қазақстандағы аға халық» дедi, «бәсекеге қабiлеттi 50 елге жетейiк» дедi, «интеллектуалды ұлт» мәселесiн көтердi. Соның қайсысының шекесiн қыздырып жатырмыз?
Ең ақыры Президент өткен жылы қазақтың, Қазақстанның нағыз жаңа жылы Наурыздан басталуы керектiгiн де ескерттi. Айтылған екен, комиссия құрып жiберiп iске кiрiскенiмiз абзал болар едi ғой. Қалай болғанда да ел басшысы осылай дегеннен кейiн биылғы Наурызда жылдағы жыр қайталанбау керек-ақ. Бұған дейiн бiз Кеңес Одағы ыдырайтын қарсаңда Өзбекәлi Жәнiбековтiң ұйытқы болуымен тойлана бастаған Наурызды ғана көрiп келдiк. Алаңға жиналып, киiз үй аралап, шапан киiп шапқаннан бастап, баланы бесiкке бөлеуге дейiнгi көрiнiстер алғашқы кезде ұлттық дәстүрдi жаңғырту үшiн қажет болатын. Ол кезде Наурызды осылай атап өту iрi жетiстiк, айтарлықтай ерлiк едi. Бiрақ жылда осы көрiнiстi көрсетуден де, көруден де жалықпай келемiз. Өйткенi бiз Наурыз мерекесiн әлi күнге Тәуелсiздiк шартына жауап беретiн деңгейге шығара алмай-ақ қойдық.
Ендiгiде туристерге арналған арнайы базада мұндай көрiнiстер күнде қайталанып жатса, жарасатын шығар. Бiрақ бiздiң Наурызды тойлауымызда көненiң озығы мен жаңаның келбетiн бiтiстiре қайнатып, тұрмысқа енгiзiп, нағыз отбасы мерекесi ретiнде тойлауға жеткiзетiндей жаңашылдық жетiспейдi. Iзденбеймiз. Сондықтан да қоғамда христианша жаңа жылды күткендей ынтызарлық қалыптастыра алмай отырмыз. Ал бәлен күн демалыс дегеннен бiрдеңе ұтамыз дегенге де сену қиын, бәрiбiр христианша жаңа жылдың демалысы одан да көбiрек.
Наурызды жаңаша атап өту дегенде ең алдымен оны тәулiктiң қай мезгiлiнде бастау керек дегендi шешiп алсақ жөн болар едi. Христианша жаңа жылда сағат түнгi 12-нi зарыға күтетiнiмiз бар ғой. Наурыздың да сол сияқты жұлдызды сәтi бар екенiн ескермеймiз. Желтоқсанның 31-iнен қаңтардың 1-iне ауған түннiң табиғатпен үйлесiмi қандай дегенге ешкiм де жауап бере алмайды. Оған жақын атаулы күн ретiнде желтоқсанның 21-iнен 22-iне ауған түннiң жылдың ең ұзақ түн екендiгiн ғана айта аламыз. Ал Наурыздың ең басты ерекшелiгi – күн мен түннiң теңелуi болып табылады. Ендеше, Наурызды тойлауды тура сол сәттен бастасақ, оның мерекелiк сипаты арта түскен болар едi.

Күн мен түннiң теңесуi деп Күн мен Тоқты шоқжұлдызының тоғысқан сәтiн айтады. Тоғысу нүктесiнен өткен соң күн ұзара бастайды. Ал тоғысу сәтi әр жылда наурыздың 19-ы мен 22-сi арасында өзгерiп отырады. Былтыр күн мен түннiң теңескен сәтi наурыздың 20-сы күнгi сағат 11:48-ке сәйкес келсе, алдыңғы жылы наурыздың 21-i күнi таңғы сағат 6-дан 8 минут кеткен сәтке тура келген болатын. Ал биыл күн мен түннiң теңесу сәтi наурыздың 20-сы күнгi 17 сағат 43 минут 39 секундке сәйкес келедi. Мұның бәрiн әлдеқандай бақсы-балгер емес, елiмiздiң Астрофизика институты есептеп шығарып отыр. Мiне, осы жұлдызды сәтте нағыз Наурыз мерекесi, Ұлыстың ұлы күнi басталады!

Бiр-бiрiмiздi осы сәттен бастап құттықтап, айтшылап жатсақ, жоғалтып алған үйлесiм мен үндестiкке бiр табан жақындай түскен болар едiк. Ел басшылығы да желтоқсанның 31-i күнi түнгi сағат 12-де жариялайтын құттықтау лебiзiн күн мен түн теңелген жұлдызды сәттен бастаса, Наурызды жаңа заманға сай жаңа жыл қылудың илхамы да сол болар едi...