"Black Star" ұжымының өнерпазы Назима Жәнібекова Шымкентте ұйымдастырылған фанаттарымен кездесуде ортаға шықпады. Әнші өзінің әрекетін адамдардың тым көп жиналуымен түсіндірді деп хабарлайды NUR.KZ.
Назиманың фан-кездесуі Шымкенттегі сауда орталықтарының бірінде ұйымдастырылған. Алайда ұйымдастырушылар адамдардың тым көп жиналғандығынан әншімен кездесуді өткізбейтін болған.
Шымкент тұрғындары Назимамен кездесуді 5-6 сағат бойы күткенімен, ақыры әншімен кездесе алмаған.
Кейіннен Назима өзінің Insta-storiesіне жазба қалдырып, онда концерттің неліктен болмағанын түсіндіріп берді. Ол жиналған адамдардың саны өте көп болғандықтан, олар бір-бірін таптап кетіп, зардап шегуі мүмкін екенін айтқан.
Сондай-ақ Назима барлық тыңдармандарын өзінің концертінде күтетінін жеткізген.
Алайда өздерінің көптен күткен әншісінің бұл қылығы кейбір тұрғындардың ашуына тиген.
"Сіз көшеде, орталық алаңда кездесу ұйымдастыра алмадыңыз ба? Сауда орталығына сонша адам жинап алып, артынша өзіңіз шықпай қойдыңыз".
"Адамның көп жиналғанын білемін. Бірақ соны елдің алдына шығып айта алмадыңыз ба? Сізді көпшілік 3-4 сағат бойы күтті ғой".
"Сен үшін дауыс беріп, тілеуіңді тілеген жұртқа айтқан алғысың осы ма?".
"Жұлдыз" ауруына шалдығып үлгердің бе? Атақ жинау үшін жасаған арзан хайп сияқты" деп жазды ашуға бой алдырған тыңдармандар.
Айта кетейік, желі қолданушылары арасында әншіге түсіністікпен қарағандар да табылған.