Netflix Әмір Темір жайлы фильм түсірмек

26 желтоқсан 2022, 10:54

Әмір Темірдің өмірі туралы толықметражды фильмнің түсірілімі Қазақстан мен Өзбекстанда өтеді.

Трюктерді қоюшы — Nomad Stunts тобының негізін қалаушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, каскадерлерге арналған «Оскар» иегері Жайдарбек Күнғожинов.

Аталмыш фильм авторларының Алматыға сапары барысында осындай келісім жасалды.

– Біз үшін бұл өте маңызды жоба,- деп атап өтті Nomad Stunts халықаралық каскадерлер тобының жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов. – Біз бұған дейін де Netflix стриминг сервисіне дайындалған жобалардың түсіріліміне қатысқанбыз, бірақ бұл жолы тобымыздың мамандарына алғашқы рет фильмдегі барлық экшеннің жауапкершілігі толықтай жүктеліп отыр. Шетелдік актерлердің де дайындығы тобымыздың Есіктегі базасында өтеді. Фильм жасаушылары біздің бар мүмкіндігімізбен жіті танысты. Атап айтсақ, топқа арналған қонақ үй, гимнастикалық зал, левада және ат қораларды алдын ала көрді және көңілдерінен шықты.

Тарихи фильмнің желісі Әмір Темірдің мықты көшбасшы және дарынды әскери стратег ретінде қалыптасу кезеңін бейнелейді.

Дайындық 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларына, ал түсірілім сәуір-мамырға жоспарланған.

– Мен Жайдарбектің еңбегін жоғары бағалаймын, әсіресе «Моңғол» фильміндегі әлемді таңқалдырған экшеннен кейін үлкен жанкүйеріне айналдым,- деді режиссер Джейкоб Шварц. — Nomad Stunts тобының орындауындағы трюктер, жәй ғана трюктер жиынтығы емес, олардың жұмысы қандай да бір оқиғаны толықтай ашатын өз алдына бөлек сторителлинг деп айтса болады. Біз каскадерлердің дайындығына қатыстық және одан алған әсерімізден әлі арыла алмай жүрміз. Ендігі кезекте Әмір Темірдің өмірін батыс көрерменіне бірігіп, қызықты етіп жеткіземіз деп үміттенеміз. Батысқа беймәлім мәдениеттер жайлы оқиғалар қазіргі таңда ерекше қызығушылық туғызып отыр. Сондықтан біздің туындымыз Батыс пен Шығыс аудиториялары арасында көпір болғанын қалаймын.

Экстерьер түсірілімдердің басым бөлігі Қазақстанда, ал интерьер түсірілімдер Өзбекстанда өтеді деп жоспарланған.

Фильм жасаушылары бұл жобаға қазақстандық мамандарды тартуды көздеп отыр.

Яғни операторлар, костюм суретшілері, әкімшілік қызметкерлер көптеп жұмылдырылмақ.

– Біз Қазақстанға шетелдік продакшн-компанияларды тарту үшін ұзақ еңбектендік,- деді Жайдарбек Күнғожинов. – Өкінішке қарай, 2014 жылы түсірілген «Марко Поло» сериалының бірінші маусымынан кейін үлкен студиялар елімізге мүлде келмеді десек болады. Қазір жағдайдың жақсы жағына өзгеріп жатқанына қуаныштымыз. Бұл тобымыздың кәсібилігі мен абыройының арқасында деп білемін. Бізбен жұмыс істегілері келеді, сенім артады, осылай елімізге тартылып жатыр. Әрине, бұл — үлкен жауапкершілік.

Айта кетейік, бұл — Nomad Stunts тобының фильмографиясындағы Netflix үшін дайындалған үшінші жоба болайын деп тұр.

Бұған дейін қазақстандық каскадерлер «Марко Поло» және «Корольге хат» сериалдарының түсіріліміне қатысты.

Олар сондай-ақ HBO мен Apple TV+ сервистері және Disney, Universal студияларымен жұмыс жасайды.

kznews.kz