Өнер жұлдыздарын қызметке тартудың себебі неде?
Соңғы уақытта қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «қызметке тағайындалды» деген ақпаратты жиі еститін болдық. Мысалы, күні кеше танымал қазақстандық әнші Ақбота Керімбекова Шымкент қаласында лауазымды қызметке тағайындалды деген ақпарат тарады. Артынша әншінің өзі мән-жайды әлеуметтік желі арқылы түсіндіріп берді.
«Бүгінгі мен жайлы жарияланған жаңалық бірін таңырқатып, бірін жабырқатып ал, енді бірін шынайы қуандырып жатыр. Иә, рас, Шымкент қаласының басшылығы, мәдениет саласының жетекшілері аталмыш қызметті ұсынды! Мен бірден келісе салған жоқпын. Басқарма басшылығы маған саланың тыныс-тіршілігімен жете танысуға мүмкіндік жасады. Тап қазір сала жұмыстарына зер салып, мемлекеттік қызметке орналасу үшін тапсырылуға тиіс тестке дайындық үстіндемін. Жазбалардан «заң мен құқықтан хабарсыз» деген пікірлерді көзім шалды. Аталмыш тест барлық заңдық және құқықтық нормативтерді қамтиды. Сондықтан, сәл сабыр етіп қояйық! Жақсы хабардың бәрі алда! Менің басшылық лауазымға қол жеткізуіме ешқандай конситутициялық шектеулер мен заңды құқығымнан айыру шешімдерінің жоқтығын ескерсек, орынбасар қызметіне тағайындалуым жұртты алаңдатпауы керек деп ойлаймын! Осыған дейін 25 жыл үлкен сахнада жүріп бүтін басқарма жасайтын жұмыстарды, бүтін құрылым жасайтын есептік концерттерді өзім жасадым!
Бұл қызмет &ndash маған ұсынылған алғашқы лауазым емес! Бұған дейінгі ұсыныстардан жастығымды, албырттығымды алға тарта отырып бас тартқанмын! Қазір менде бәрі басқаша, көзқарасым да, ойлау-бағалау дәрежем де! Жылдармен бірге пайым-парасатым да жетіліп, кемелдене түсудемін! Менікі «ұялмаған бұйырмағанды алады» емес! Кейбір кісілерге айтарым: некелерімде санамай, баталарыңызды беріңіздер!», &minus дейді әнші.