Өркениет

Оралу немесе Біздің ауыл

  • Оралу немесе Біздің ауыл

    Оралу немесе Біздің ауыл

Өткенге оралу қай кезде де оңай емес. Андрей Звягинцевтің "Оралуы"(Возвращение фильмі) отбасылық адами қарым-қатынастың тұтас бір тұңғиығы сияқты. Ол туралы кейінірек кеңірек жазармын. Бүгінгі әңгіме Жанна Исабаеваның "Айғанымы" (Отвергнутые фильмі) хақында.

"Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?"-дейді дана Абай. Ендеше, сенің сол бір аяулыңды жаралаудан артық азап бар ма? Бұл жерде мектеп бітіре сала оқу іздеп қалаға кеткен, араға біраз жылдар салып туған ауылына, өскен үйіне оралған Айғанымның жұдырықтай ғана жүрегін аяйсыз. Өйткені кішкене баласын ағайын-туысының арасында өсірмек болып, қаладағы өмірін тәрк етіп келген аруды аяусыз соққының астына алатын Қайраттай қатыгез бауыр (туыс, не көрші) айналамызда толып жүр. Мазмұны жеңіл сипатталатын фильмнің желісі ауыр. Қалақтай қызды қаңбақтай қылып ұрып жығатын, оны қоларбаға тиеп ап қоқыстың ішіне апарып төгіп тастайтын Қайратқа қарап отырып, қазақтың күпініске толы "ер аштан емес, намыстан өледі", "қазаққа ар-ұяты жоғары" деген жалған мақалдарына күйінесіз. Бұл жерде ешқандай текті әулеттің абыройын ойлаған азаматты көрмейсіз, бұл жерде тек әлсізге жасайтын әлдінің қиянаты ғана бар.

Бұдан біраз жылдар бұрын бір құрбымның әпкесін ішкіш күйеуі малда жүрген кезінде атып тастады. Момын шаруа қыз еді, сұраусыз кетті... Иә, бұл біздің ауыл, біздің айналамыздағы тастандылар, қоғамға керексіздер. Бұл тақырып бәрімізге соншалықты жақын, соншалықты етене. Бірақ бәріміз оған тек қана биіктен, алыстан қарағымыз келеді. Ондағы жабайылық, әйелге, балаға жасалатын қорлық-зорлық, қиянат бәрі бәрі бізге сағым сияқты. Сондықтан, ауыл бізге әрқашан және мәңгілік "тәтті елес"...

"Қателеспейтін адам болмайды", "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ" деп оларға кешірім беретін де тағы өзіміз. Рас, жастық сезімі үшін Айғаным, бақытты отбасында өмірге келмегені үшін Тимур да кінәлі емес. Фильмнің ортасында Айғаным сіңлісіне: "Мектепте Тимурға мұғалім "тақтаға отбасыңның суретін сал" десе, Тимур екеумізді ғана салыпты. Сөйтсе оған бүкіл сыныптың оқушылары күліпті. Тимур мектепте күні бойы жылапты. Мен оған "сенің де ағайын туысың көп, әжең бар, аға, апаларың бар" дедім"-дейді. Ауылдағы ағайын, туысын аңсау, олармен етене отырып өсіп өнуді армандау қазақтың ежелгі қанында бар заңдылық. Ендеше, жалғыз баласын ел-жұртының ішінде ержеткізуді армайтын Айғанымдай адамдар көп. Бірақ, оның өткен өміріндегі қателік неге ағайын-туысының, тіпті анасының арланатын жайына айналуы керек?! Ашу мен ыза, кек, жеккөрініш адамзатқа тән делінетін "нұрлы ақыл, жылы жүректен" де асып түсетіндей құдіретті ме сонда? Иә, құдіретті екен! Оған осы фильм дәлел.

Айғанымның сіңлісі Шолпанға шешесі ұрсып жатып: "Әкеңнің орнын басып отырған осы Қайрат. Кімнің нанын жеп отырсың?!" -дейді. Ұлды төбесіне көтеру, оның сөзіне ұйу, қыздан артық көру бізде ежелден бар үрдіс. Бірақ, мәселе ата-ананың сол балаға әулет абыройының қай кезде, қандай әрекеттерде асқақ екенін ұғындыра алуы, сол жауапкершілікті сезіне алатындай саналы азамат тәрбиелеуі маңызды. Егер бала ол сенімге лайықсыз, ожар, ұрда-жық болса, Абайшалап "Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?"-деп "аһ" ұрғаннан басқа қайран жоқ.

Фильмнің соңында Тимур сыныптағы тақтаға тағы да өзінің "бақытты отбасының" суретін салады. Бұл жолғы оның "бақытты отбасының" бағасы тіпті қымбат... 



Шолпан Қараева


Көрілген: 667    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 10.04.2019, 11:33

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31