"Отбасымды құпия ұстау – менің табиғатыма жат": Арман Жаналиев отбасылық театры мен шығармашылық жаңалықтарымен бөлісті

27 қыркүйек 2022, 12:35

Көпшілікке Армани лақап атымен таныс актер Арман Жаналиев отбасымен бірге видео түсіріп, бүгінде Instagram желісінде өз аудиториясын жинап үлгерді. Қазір оның жеке отбасылық кешін өткізуге де ниеті бар көрінеді. Осы және өзге де жоспарлары туралы актер Stan.kz тілшісіне берген экслюзив сұхбатында айтып берді.

– Арман мырза, қайырлы күн. Instagram-да өте белсендісіз. Әзілге толы контентке идея қайдан келеді?

– Үнемі той-томалақ деп ел аралап үйренген маған карантин кезінде үйде тыныш отыру қиын болды. “Бірдеңе жасау керек” деп ойланып жүргенде інім Instagram-ға отбасылық әзілдерді түсіру туралы идея айтты. Сол күннен басталып кетті. Әрине, өтімді контент табу оңай емес. Біздің әзілдеріміз сол әр отбасында болатын, менталитетке сай әдеттердің жиынтығы десе де болады. Контент өтімді болу үшін- әр адам сол әзілден өзінің өмірінде болған бір оқиғаны көру керек. Әзілдердің авторы өзім және інім.

– Көп әріптестеріңіз “Отбасым менің жеке меншігім. Тіл-көз тиеді” деп құпия ұстауға тырысады. Өзіңіз тіл-көзге сенесіз бе?

– Әрине, тіл-көзге сенемін. Әрдайым Алладан “тіл-көзден сақта” деп дұға етіп жүреміз. Алайда отбасымды құпия ұстау – менің табиғатыма жат. Instagram-да да Жаналиевтер театры болып қалыптаспаған кезде де мен үйленгенімді еш жасырмадым.

– Әулетіңізбен Instagram-да шағын театр құрып алдыңыздар. Болашақта “Жаналиевтердің жеке кешін” өткізу жоспарда жоқ па?

– Иә, Instagram-да ерекшеленеміз деп әзіл-шыны аралас “Жаналиевтер театрын” құрдық. Оқырманның ілтипатына бөленіп жүрміз. Жеке кеш өткізу де жоспарда бар. Әу баста карантиннен кейін бірден жеке кеш жасаймыз деп жоспарлаған едік. Алайда әртүрлі тосқауылдар болып, ол ойымыз іске аспады. Алла қаласа Тараз қаласынан бастауға ниеттеніп отырмын.

– Қосымша табыс көзі асабалық екенін білеміз. Карантиннен кейін қазақтың той өткізу тәсілінде өзгеріс бар ма? “Қазір жұрт бұрынғыдай шашылмайды. Ысырапсыз тойлар көбейген” деген пікірмен келісесіз бе?

– Ол - рас. Бұрын кемі жүз адамнан басталып, әншілерді лек-легімен шақырған шоу тойлар көп болатын. Қазір карантиннен кейін адамдар тек ең жақындарын шақырып, шағын той жасауға бейімделген. Астана, Алматы, Батысты білмеймін, бірақ қазір Таразда 7 күнде де той болып жатыр. Жалпы тойдың саны емес, тойға шақырылатын адам саны мен кейбір шығындар азайған сияқты.

– Сізге Instagram орта есеппен қанша табыс әкелуде?

– Ол құпия болып қала берсін. Бірақ отбасымызға жетерліктей табыс әкелуде.

– Жұлдызай ханым сахнада таппаған гонорарды Instagram-да бір аптада тауып, жағдайымды жасап жүрмін деген еді. Instagram сіздің қандай қаржылық, материалды, моралды мәселелеріңізді шеше алды ма?

– Instagram-да жарнама жасау арқылы табыс келеді және ол аз емес екенін де жасырмаймын. Бастысы, оқырманға пайдалы, адал дүниелерді ұсынуға тырысамын. Бәрін мұқият саралап барып жарнама жасаймын.

– Бәрі курс өткізіп жүр. Сіз де авторлық курс өткізу туралы ойланып жүрген жоқсыз ба?

– Маған да осындай ұсыныстар түскен еді. Әзірге келіспедім. Себебі менің уақытым жоқ. Футбол бар, тойым бар, басқа да шаруаларым бар. Асығыс-үсігіс әйтеуір ақша үшін бірдеңе жасағым келмейді. Сауатты, пайдалы курс жасаған дұрыс деп ойлаймын. Ол курсқа да арнайы уақыт бөлініп, фокус қойылып, сапалы болуы жөн. Бәлкім, болашақта уақытым болған кезде менің де авторлық курсымды көріп қаларсыз

– Instagram-дағы әзіл бөлек, сахнадағы әзіл бөлек. Болашақта өзіңіз үлкен әзіл театрын ашуды жоспарыңызда бар ма?

 – Әрине, Арманның жеке театрын ашу арманымда бар. Бірақ жақын үш жылдық жоспарда жоқ. Арманымның бір күні орындалатынын мен білемін.

– Арманның бір кем дүниесі бар ма?

– Әрине, пенде болғаннан соң кейде қап әттеген-ай деп өкініп қалатын кездер болады. Дегенмен мен өкінетін сәттердің болғанына да шүкір деймін. Өйткені бір өкінетін сәттің артынан Алла он қуаныш сыйлайтынын ақиқат.

– Арманның орындалмаған бала арманы бар ма?

– Армандар орындалады. Менің бала кездегі ең үлкен арманым футболист болу еді. Отыздан асқан кезде жұлдызды құрамада ойнап жүрмін. Үлкен-үлкен алаңдарда ойнап, гол соғып, бағым жанып жүрген жанмын.

– Отбасындағы сыйластықты сақтаудың басты қағидалары қандай?

– Мен әртүрлі отбасын көріп жүрмін. Әр отбасының ұстанымдарына қарап, ең бірінші қазақи тәрбиеге бекем болу керектігін түсінудемін. Ер азаматтың алдын кеспейтін қыз, ананы құрметтейтін ұл тәрбиелеудегі қазақтың ұстанымдары мықты ғой. Біз отбасында үш бауырмыз. Карантинге дейін үш келін қарашаңырақта бірге тұрды. Бұл да біздің балаларымыздың бір-біріне бауыр, абысындардың өзара жақын болуына үлкен себеп болды. Жалпы қазақ тәрбиесіндегі үлкенге құрмет, кішіге ізет берекелі отбасының басты қағидасы деп білемін. Болашақта өзіңе балаларың қандай құрмет көрсеткенің қаласаңыз, ата-анаға тура сондай құрмет көрсету керек. Болашақта қызыңызға күйеуі, ұлыңызға әйелі қандай қарым-қатынас жасағанын қаласаңыз ерлі-зайыптылар бір-біріне сондай қарым-қатынас жасау керек деп білемін.

– Cұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы