Өркениет

"Өзіне-өзі қол жұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді": Аягүл Мантайдың соңғы жазбалары

  • "Өзіне-өзі қол жұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді": Аягүл Мантайдың соңғы жазбалары

29 шілде күні жас жазушы Аягүл Мантай өмірден озды. Ақпараттарға сәйкес жазушы өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұм кеше, 29 шілдеде туған жері Түркістан облысында жерленді. Stan.kz тілшісі Аягүл Мантайдың соңғы жариялаған жазбаларын топтастырды.

Жазушының өлімінен кейін желідегілер оның ішкі депрессияда жүргенін және өліміне өмірінде болған соңғы оқиғалардың әсер еткенін жарыса жазды. Сонымен қатар, Аягүл Мантайдың соңғы жарияланымдарымен бөлісіп, жазушының біраз уақыттан бері мазасыз, түсініксіз күйде жүргенін алға тартты.

 
Осыдан біраз бұрын Аягүл Мантай өзіне қол салатын адамдар туралы жазба қалдырған. Жазушы мұндай қадамға барған адамдарды жазғыруға болмайтынын ашық жазады.

“Бізді Құдай жер бетіне періште кейпінде жіберіп еді, біз оған күнә жасауға қабілетті бейнемізбен ораламыз. Біздің кейбіріміз ғана кірлетіп алған жанымызға жанымыз ашып, тазарғымыз келіп, ар азабын тартамыз. Кейбіріміз өмірге құдды күнә жасау үшін келгендей өзімізді ешқашан өзгерткіміз келмейді. Көпшілігіміз өзгелердің пікіріне тәуелдіміз, егер біреу біз туралы теріс пікірде болса, жанымыз жараланып, өмірден түңіліп кетеміз. Шын мәнінде, біздің кім екенімізді, қандай адам екенімізді Құдайдан басқа ешкім білмейді. Біреудің тағдырын талқылап отырып, моральдық вампирдің рөлін ойнаймыз. Ол адамның жүйкесіне салмақ түсіріп, оны депрессияға түсіретінімізді, тіпті өзіне қолжұмсауға (Құдай сақтасын) итермелейтінімізді пайымдай да алмаймыз. Өз-өзіне қолжұмсап өлетін адамдардың көпшілігі жұрттың сөзінен қорқып, өз өміріне үкім оқиды. "Сұмдық қадамға барыпты, өзін-өзі өлтіріпті" дейміз сосын, "өзін-өзі өлтіру – үлкен күнә" дейміз данышпансып. Өзіміздің адам өлтіруші екенімізді, оның сондай қадамға баруына мәжбүр еткенімізді мойындағымыз келмейді. Демек, өзін-өзі өлтіргендердің күнәсі біздің де мойнымызда екенін, Құдайдың алдында біздің де жауап беретінімізді әсте ұмытуға болмайды”, – деп жазған Аягүл Мантай. 

Аягүл Мантай жақында “Құдайға жақын болу” туралы да жазғандарын оқырмандарымен бөліскен. Әділдік әздеген жазушының жазбалары мұңға толы болған. 

“Жаныңды кірлеткің келмейді. Жандүниеңді барынша таза ұстағың келеді... Бірақ бар болғаны пендесің. Жаның тым нәзік болса, тіпті қиын. Сыйлап жүрген адамыңның арамдығын сезсең, күйреп, сынып кетесің. Түйсігің мықты болса, ойын сезіп қойсаң, тіпті қиын. Жағымпаз адамдардан қашам. Қараймын, олардың жандүниесінде бір тыныштық бар. Олар жағымпаздығына тіпті де арланбайды. Жағымпаздық қасиетімен ақша жасайды. Жарымай жүріп, понт жасайтын адамдардан қашам. Жасандылық көп. Жасандылығы көп адамға пасықтық пен арамдық тән. Принципі жоқ адамдардан қашам. Олар кез келген кезде сатып кетеді. Уәде беріп, орындамайтын адамдардан қашам. Принципі жоқ адам ғана уәде беріп, орындамайды. Мүгедек болса да, Құдайға шағынбайтын адамдарды білем. Жандүниесі тап-таза. Биік. Парасатты. Солардың қасында рухани мүгедектігіңе ұяласың. Өкініштісі, адамдар өзіне ұқсамаған адамды өлтіруге, жерлеуге асығады. Мен ылғи да жүрекке оралуды, Құдайға оралуды армандаппын. Бірақ оралмаппын. Өзімнің тап-таза жүрегімді, Құдайды тапқым келеді”, – дейді Аягүл Мантай. 

Жазушы соңғы жазбаларының бірінде жүрек тыныштығы туралы сөз еткен. Ол әр адам тазалығы мен өзіндік болмысын сақтап қалу керек деп жазады. 

“Кейде жаның жаурайды. Өзіңді қанаты сынған құстай сезінесің. Ұшқың келеді, ұша алмайсың. Өмірдің дауылы, үскірік желі, аязы жаныңды тоңдырады. Өзіңде алам дегенді алатын, жетем дегенге жететін алапат күш барын білесің. Оптимистігіңе өзің таңғаласың. Өзгелердің қолы қанша тыраштанса да, армандаса да жетпейтін нәрсеге сілкінсең, формаңа келсең, сәл ғана талаптансаң, сәл ғана еңбектенсең жететінін білесің. Бірақ ол да саған керек емес. Өзгелерге бақыт сыйлайтын атақ та, даңқ та саған керек емес. Сөйте тұра өмірдің тек жеңімпаздарды жақсы көретінін білесің. Өмірді біреуді жеңем деп сүру, өз болмысыңнан тыс образ жасап өмір сүру, жақсы адамның рөлін саналы түрде ойнап, өмір сүру, қарызға батып жүріп, понтпен өмір сүру - ақымақтың ісі. Атақ та, даңқ та, танымалдылық та адамға ешқашан бақыт сыйламаған. Жүректегі тыныштық қана бәрінен маңызды, бәрінен қымбат. Жүректегі балансты жоғалтпай өмір сүру қиын. Ол үшін ылғи Құдаймен гармонияда өмір сүру керек. Жүректегі балансты ылғи сақтап-ақ өмір сүргің келеді. Бірақ шамаң келмейді, бар болғаны пендесің. Түсінгенім, Құдаймен гармонияда өмір сүру ғана адамды құтқарады”, – деп жазды Аягүл Мантай.

Сонымен қатар, жазушы өзіне-өзі қол жұмсаған адамдарды ақтап алғысы келетінін де ашық айтқан. Аягүл Мантай адам үшін өмірден өз орнын табу қаншалықты маңызды екенін тілге тиек етеді.

“Өмір дегеніміз – салыстыру ойыны. "Салыстыру ойынынан" адамдар "тепе-теңдікті" іздеп шаршайды. Өмірден "тепе-теңдікті" тапқандар Құдайды көбіне ұмытып кетеді, ал таппағандар ұмытпайды. Ұмытпайтыны сол: Құдайға ренжіп, жылайды, ұрсысады, тіпті Құдайға тіл тигізіп, қарғап та жібереді. Өзіне-өзі саналы түрде қол жұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді. Бірақ мен о дүниедегі емтиханда қазылар алқасының мүшесі емеспін ғой”, –дейді ол.

Еске салсақ, жас жазушы Аягүл Мантай белгісіз жағдайда көз жұмды. Оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. 

Аягүл Мантай – Ресей халықтар достығы университетінде оқыды. 2009 жылы "Жалын" баспасынан "Жаңбырлы көктем" атты әңгімелер жинағы жарық көрген. "Жүрекке оралу" кітабының авторы. "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты. 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша президент стипендиясының иегері атанды.




Көрілген: 812    Пікірлер: 0

жұма, 30.07.2021, 16:30

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30