"Пенде болған соң бәрінде түрлі жағдай болады": Анасы Қайраттың жеке өмірін талқылаушыларға жауап берді

23 желтоқсан 2021, 14:24

Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртас жайлы жаман пікір жазған оқырманға шүйлікті. Продюсер оларды ақша үшін жалданған адамдар деп есептейді. Біреудің бойына мін іздеуді, артық ауыз сөз айтқанды қойсаңыздар екен деп өтініш етті.

Қайрат Нұртастың анасы өзі мен ұлына тіл тигізгендер ақша үшін жалданған хейтерлер деп санайды.

“АҚШ-та Чикаго қаласындағы кешімізден сіздерге үзінді болсын менің оқырмандарым. Бүгін Алла бұйыртса Нью-Йоркте күтеміз. Бұл жай ғана қандастарымыздың сағынышын басу, сырласу кеші болмақ. Оны алдында айтқам. Тек өтініш, өз қазағым, сөздің байыбын жақсылап түсініп, жалдамалы коммент жазғыштарға ескерту: ойдан тақырыпты айқайлатып қойып оқырман жинау мақсатында, фейк парақшалармен ақша төлеп өз адамдарыңызға намысқа тиетін сөздерді жаздыруды, тек біз емес, талай адамның абырайын ластап, намысына тиюді қойыңыздаршы!”, – деп жазды Айдарбекова. 

Продюсер фейк парақшалар мен жалған атпен пікір жазушыларды сөкті. Біреуді жамандап пайда іздейтіндердің әрекетіне күйінеді. 

“Елді кері пікірге итермелеп, бір қазақты бір-біріне қарсы қоюды тоқтатсаңыздар екен. Бізге соншалықты іштарлықты қанымызға сіңіріп қойған ба, бұл жақтағы қандастарымыз да, бас қосқанда сөз етіп қалды, басқа елдер сияқты ауызбіршілік, қолдау жоқ, тек аяқтан шалу, өсектеу, мұқату көп орын алады деп.

Тіптен жеке өмірін, отбасылық өміріне дейін талқылап мін іздеп, кір тауып от үрлеп шағыстыруға бой алдырамыз байқасаңыздар, енесін келінге, келінін енеге не әйелін күйеуіне, күйеуін әйеліне жамандап. Майдаланып кеткен жоқпыз ба? Сыртта жүрген сіз біреудің әулетіне өздерінен артық жақын бола алмайсыз ғой!”, – дейді продюсер. 

Айдарбекова кез келген адам пенде болған соң қателігі, пенделігі болады деп ақталады. Қайрат Нұртасты сыртынан ғайбаттап, әніне, даусына, жеке өміріне қатысты айыптап жатқандарға қарата айтты. 

“Тіптен жанын жеп, жанды дауыспен айтып жатқанын көріп тұрып фонограмма деп айқай салатындар да көп ”Күндестің күні қараңғы, соңымнан еріп әлі жүр” деп Қайрат “Жаралы жанның әні бұл”, деген әнінде айтқандай, сол іштарлықтан шыққан лақап сөздерін мөр етіп басып алғансыздар саналарыңызға.

Пенде болған соң бәрінде түрлі жағдай болады, онсыз өмір ешбір отбасында болған емес, ешкім періште емес, мінсіз адам болмайды, періште көкте ғана. Біз де дәл сіздей адамбыз. Қашан біріккен ел боламыз?

Жақсы сөз жарым ырыс деген, қай қазақтың баласы болса да өз қанымыз, өз бауырымыз, өз баламыз деген ниетте болайықшы. Үміт артқан ұл-қыздарымыз бүкіл қазақ елін бақытқа жеткізсін”, деді Гүлзира ханым. 

Айта кетейік, Қайрат Нұртас қазір АҚШ әр қаласында қазақ қандастарға шағын концерт өткізіп жүр. 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай АҚШ-та мерекелік іс-шара өтті. Филадельфия қаласында ұйымдастырылған мерекеге композитор Марат Омаров пен әнші Қайрат Нұртас қатысты. Қайрат аталған қалада алғаш рет Қазақстанның туын көкке көтерді.

stan.kz