Өркениет

Роза Рымбаеваның Пугачевадан қай жері кем?

  • Роза Рымбаеваның Пугачевадан қай жері кем?

    Роза Рымбаеваның Пугачевадан қай жері кем?

«Халық әртісі» деген атағы бар Роза Рымбаеваға не көрінген? Анау Нұрлан Абдуллин жастарға ағалық танытудың орнына балалармен бала болып кеткені несі? Ұлттық тағамымыз етті «беш» деп мазақ етіп, өздерін-өздері жұрттың алдында масқаралап адам көргісіз клип түсіргені қалай?» Бұл кеше ғаламторды бір демде кезіп кеткен Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Әли Оқапов, Big Som тобының орындауындағы «Беш» деп аталатын әннің бейнебаяны туралы талқылаулар. Әлеуметтік желілерде жылғаларды қуалай аққан судай тарап кеткен бейнебаяндағы әртістерді, әсіресе Роза Рымбаеваны жұрт жерден алып, жерге салуда. Кешеден бері аталған клиптің төңірегіндегі әңгімеге әбден қаныққан «Алаш айнасы» интернет-газетінің тілшілері «жағымсыз пиарды» қатырған Розаға «Жарайсыз!» дейді.

Егер «Роза Рымбаева «Көктем шақырады» деген концерт қояды» деген ақпарат тараса дәл осылай гуілдеп-шуылдар ма едік? Жоқ, өйткені ондай күнделікті жадағай ақпарат көпшілікке тарамайды да, ешкімді елең еткізбейді де. Ал Роза Қуанышқызы бір топ жігіттің рэп стиліндегі әніне «қарта, шұжық, жая» деген үш ауыз сөзді қосылып айтып еді бір тәулікте ғаламторда 32 мыңнан астам көрермен жинап үлгерді. Соған қарағанда небәрі 29 жасында «Халық әртісі» атағын алған Роза Рымбаева қазіргі заман шоу-бизнесінің де айласын меңгере бастаған секілді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, Роза апамыз өзінің ұлы Әли Оқаповтың қатарынан қалыспай жас буынның талғамынан шығуды да мақсат еткен секілді. Несі бар? Сәттілік! Роза Рымбаеваның өзінің ресейлік әріптесі Алла Пугачевадан қай жері кем? Алла Борисқызы заманауи ән айту былай тұрсын, өзінің баласындай жастармен отбасын құрып, балалы болып жатқан жоқ па. Кейде әртістер өнер үшін өмірін шоуға айналдырады. Алла апамды қойшы, шоу дегенде жанып түсетін әртістер бізде де көбейіп келеді. Сахнаға шыққан жұрттың бәріне «арықта» деп айғайлайтын Нағима Есқалиеваның өзі неге тұрады? Кеше ғана басына бөрік, үстіне камзол киіп майысып дәстүрлі ән орындап жүрген Жанар Айжанова телеарнадан түспей «Тойбестстарда» тарқылдап, «Бешбармақ шоуда» білекті сыбанып тастап елге ақыл айтып жүрген жоқ па? Ал Айгүл Иманбаева деген әдемі келіншек өзінің «ескі» махаббаты Сәбитті қайта жағалап, Алтынаймен достасып, «бір вагонды сүйреген қос рельстей» болып жүргені шоу емес деп кім айтты? Қазіргі таңда қазақ эстрадасында жұлдызы жарқырап тұрған Қайрат Нұртас сахнаға шықпай тұрып алдымен пиардан бастаған. Үйленсе де өзін бойдақ етіп көрсететін Қайраттың «пиарщиктері» жақсы жұмыс істейтінін дәлелдеді.
Әншейінде біз «шоу» жоқ, бізде тек той-бизнес қана бар деп шуылдаймыз ғой Ал әншілеріміз шоу жасауға талпынса, бәріміз бетімізді шымшып, аяқастынан ұлтжанды, арлы болып шыға келетініміз қалай? «Шетелдің жұлдыздары не істесе де жарасады, біздің менталитетіміз келмейді» деп қашанғы тартынамыз? Біздің өнерпаздарымыз нағыз шоу жасауды үйренсін, пиарды меңгерсін, ал өзін-өзі жарнамалай алмайтын әншілер көзге ілінбей жатса, өзінен көрсін...

«Беш» дегенде бет бар ма?»

Ал енді «Бешке» келейікші. Сөз жоқ, бұл клип Тимати feat. L'One және Сергей Мазаев – GQ клипінің көшірмесі. Қазіргі заманның өзі плагиаттардың дәурені жүріп тұрған уақыт қой. «Беш» клипін түсірушілер біздің де өз Тиматилеріміз бар екенін көрсеткісі келген шығар? Әли Оқаповтың Тиматиден кем емес екенін көрдік.
Неге қазақтың үлкен асын «беш» деді деп жұлқынып пікір айтып жатқандар көп. Алайда осы етті қазақ ежелден бес саусақпен жейтіні өтірік емес қой. Бүгінде жастардың арасында ет «беш» деп аталып кеткен. Сондықтан да болар, клипті жасаушылар ұлттық тағамымызды жастар арасында олардың «өз тілдерінде» насихаттауды мақсат етіпті. Ал Роза Рымбаева мен Нұрлан Абдуллин сынды әншілер заманауи клипке түсуі айтарлықтай масқара әрекет емес.
Осыдан біраз уақыт бұрын Роза Рымбаеваның «әзірге қазақ эстрадасында Әлидей білімді бала жоқ» деген сөзін іліп алып, сонша даурықтық. Ал шындығына келгенде Әли Тасқын Оқапов пен Роза Рымбаева сынды дарынды адамдардың баласы екені рас. Музыканттардың отбасында дүниеге келген Әли көзін ашқалы музыкамен өсіп келеді. Ол фортопианоны 7 жыл оқып меңгерген кәсіби музыкант. «Алманың алма ағаштан алыс түспейтіні» секілді кәсіби әншінің баласы білімді музыкант болмағанда ше? Әли Оқапов бүгінде өнердегі өз жолын іздеп жүрген жас талант. Өз басым Әлидің тілшілерге берген сұқбатынан оның соншақты тәрбиелі, сауатты бала екенін байқап жүрмін. Бірде «7 арнадағы» «40 миллион» шоуына қатысқан Әлидің жан-жақты, білімді бала екеніне көзім жетті. Сондықтан меніңше, атақты әншілердің, жас дарындардың болсын қандай да бір әні, клипі өзімізге ұнамай қалды екен деп олардың өнерін жоққа шығарғанымыз жарамайды.

Роза Рымбаева, Али Окапов, Big Som — БЕШ

                   youtube.com сайтынан алынған

Тимати feat. L'One и Сергей Мазаев - GQ

                     youtube.com сайтынан алынған




Көрілген: 2339    Пікірлер: 5

сейсенбі, 01.07.2014, 16:18

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31