Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді

15 маусым 2022, 15:08

Мемлекет басшысының Жарлығымен қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын делінген құжатта.

Қалдыбек Құрманәлі, компазитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шәмшітанушы:

Қуаныштан жүрегім жарылардай болып толқып отырмын. Қазақ халқынан, Шәмшінің әнін сүйетін әрбір тыңдарманнан сүйінші сұраймын! Осыдан оншақты күн бұрын ғана Төрегелді Шарманов, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Мұхтар Шаханов, ішінде өзім де бар біраз зиялы қауымның қолын жинап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдаған болатынбыз. Жасыратыны жоқ, Шәмші Қалдаяқовқа атақ беріледі деп ойлаған жоқпын.  Бірақ әрекетке берекет демекші, құдай қолдап, міне қуанышты хабар да көп күттірген жоқ. Бұл күллі қазақ халқының қуанышы деп қабылдаймын. Осындай қуанышқа жетуіміз Жаңа Қазақстандағы ел басшыларының арқасы. Шәмші Қалдаяқовқа тек Еңбек ері атағын ғана емес, Шымкент қаласының бір ауданының атын беру туралы мәселені де біраз қоғам қайраткерлері көтеріп жүр. Алла қаласа, сол күнге де жетерміз. Кез келген адам қуанышты көзінің тірісінде көргісі келеді ғой. Бірақ мен өмірден озып кетсем де, Шәмшіні құрмет тұтатын президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бастаған  азаматтар бар. Бірақ Шәмші ағамыздың шығармашылығын зерттеп жүрген насихаттаушысы ретінде бүгінгі қуанышқа куә болып отырғаныма қуаныштымын. Былтыр жүрегіме күрделі ота жасалған кезде Шәкеңнің 100 жылдығына жетсем екен деп тілеген едім. Құдай қаласа, 8 жылда Шәмші ағамыздың ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтетін ғасыр тойына да жетерміз. Қазақ барда Шәмші мәңгі ұмытылмайды. Көзі тірісінде алмаған атақтың бәрі Шәмші ағамызға енді беріліп жатыр. Бұл да ән падишасының халқының жүрегінде ойып тұрып орын алатынының дәлелі.  

 

Алаш айнасы