Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Шығыс жұрты Рүстемін еске алды

13 желтоқсан 2012, 14:25

Жас болса да өзін театр әлемінде тосын әрі тың қадамдарымен танытқан һәм мойындатқан режиссер, ақын, актер Рүстем Есдәулетовтің дүниеден өткеніне де үш жылдың жүзі болыпты. Жақында шығыс жұрты осынау талантты ұлын бір сәт есіне алып, режиссердің өзі талай жыл талмай қызмет етіп, өзі аяғынан қаз тұрғыз­ған, талай шетелдіктерді соны спектакльдерімен тамсан­дырған Жамбыл атындағы облыстық драма театрдың қабырғасында еске алу кешін өткізді.
Бұл кешке облыс әкімі Бердібек Сапар­баев, Рүстемнің өнердегі ұстазы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, ре­жис­сердің ағасы, танымал ақын, Мемле­кет­тік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Ес­дәулет арнайы қатысып, лебіздерін біл­діріп, естеліктерін айтты.
Еске алу кеші Рүстем туралы Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқарма­сы­ның тапсырысымен түсірілген «Бөрі­нама» атты деректі фильмімен бастал­ды. Сауыр-Сайқан тауларының баурайында бұла өскен бала Рүстем, Алтайдан Алатауға арманын арқалап, алып-ұшып жеткен бозбала Рүстем, Алматыдағы студенттік есею, толысу жылдары, Өскемендегі Жам­был атындағы театрға келуі, ондағы өзіне де, өзгеге де тыным бермеген беймаза сәттері, бірінен соң бірі қойылған спек­такльдер, жүлде, марапат, қуанышқа толы шақтар, дүниеден өтер алдындағы арпа­лысты кезеңдер... Осының бәрі фильм­де әсерлі жеткізілген екен.
 Фильмнің тұсаукесерінен кейін сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл атындағы облыстық драма теат­ры­ның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Рүстемнің есімі ешуақытта ұмыты­луға тиіс емес екендігін айтты.
– Мен онымен көп жұмыс істедім деп айта алмаймын. Небәрі жеті-ақ айдай бір­ге жұмыс істедік. Бірақ сол жеті айдың ішін­де мен Рүстемді тани алдым деп ойлаймын. Оның арманы көп болатын. Бірақ, өкінішке қарай, сол арманының біразы орындалмай қалды. Десе де оның артында бірге қызмет істеген ұжымы бар. Өздеріңіз білесіздер, Өскеменде, Ертістің арғы бетінде болашақ қазақ театрының жаңа ғимараты тұрғы­зылып жатыр. Бұйырса, келесі жылы қол­да­нысқа берілмек. Міне, сол театрға Рүстем­нің атын бермек ойымыз бар.
Еске алу кешінде тебірене сөз алған КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтің лебізі де талай жұртты тебірент­ті.
– Қазақта «аққан жұлдыз» деген сөз бар. Ол Шоқанға қатысты айтылады. Мүм­кін, бұл сөзді Абайға да қатысты айтуға болар. Бұл – үлкен теңеу! Рүстем бауыры­мыз ортамыздан, міне, сол аққан жұлдыз­дай ерте кетті. Қазақтың театр, кино өнерінде болашағы зор азаматты танитын, білетін бір азамат болса, соның бірі өзіммін деп санаймын. Әр келген сайын менімен ақылдасып, кеңесіп отыратын еді. Жаңадан жазған, сиясы әлі кеппеген өлеңдерін оқып беретін. Ол өнерге берілген жан еді. Әттеген-ай... Сұм ажал оны арамыздан ерте алып кетті, – деді.
Осы кеште Рүстемнің анасы Роза Са­лық­байқызына Зайсан ауданының Құрмет­ті азаматы атағы берілді. Сонымен қатар бұл күні Рүстем Есдәулеттің мұраларын насихаттауға үлес қосқан қалам иелері Алғыс хатпен марапатталды.