Талғат Теменов жаңа туындысын ұсынбақ

22 қараша 2022, 23:23

Белгілі театр және кино режиссеры, кинодраматург Талғат Теменов таяуда көрерменге тың туындысын ұсынбақ. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазып, кино алаңындағы суреттерімен бөлісті. 

Режиссердың өзі жазған сценарийі бойынша қойған көркем фильмдері қатарында “Шаңырақ” (1983), “Қайдасың сен, Чапай?” (1984), “Торо” (1986), “Адамдар арасындағы бөлтірік” (1988), “Қызғыш құс” (1991), “Махаббат бекеті” (1993), т.б. фильмдері көрерменнің көңілінен шыққан. Бұл жолы Талғат Теменов “Қара қыздың” атты картинаның түсірілімі аяқталғанын айтып, түсірілім тобына алғысын айтты. 

 

Талғат Теменов, режиссер:

"Неге екенін білмеймін кейбір әріптес режиссерлердің түсіру алаңынан сурет салып фейсбукті шулатып жатқанына қызығам… Алайда өз басым жұмыс бітпей жатып жер жаһанға жар салуды ұнатпаймын. Оның үстіне мен ырымшыл жанмын.
“Көз тиеді, сөз тиеді” дейтін ұғыммен өскен жандармыз ғой. Қысқасы бір айға жетер жетпес уақытта фильмімізді түсіріп біттік. Кино бірнеше кезеңнен тұрса соның ішіндегі ең қиыны осы түсіру уақыты. Бұл жүйкенің жұқарып, сыйластығың сарқылып, амандығың азаяр шақ. Және ұйқыдан қалатын кезең. Бұндай сәтте тек ішкі ойың, сезімің, интуиция мен ақылыңның алдыңғы қатарға шығатын шағы. Міне бізде осы қиын шақ “Қара қыздың” түсіру кезеңін бітірдік. Шүкір!
Ең алдымен қасымдағы серіктеріме, әріптестеріме, актерлерге алғысым шексіз. Таңғы 04.30-05.00-де тұру оңай шаруа емес. Екінші айтарым - осы кино арқылы алғашқы рөлімен Өнер атты өлкеге қадам басқан Нұрай Сақтапова мен Ерлан Кулмурзинге, талантты артистер Дулыға Ақмолда мен Медғат Өмірәлиевтерге мың алғыс! Иә. Бүгінгі таңда үлкен өнерге Нұрай оң аяғымен кірген сияқты. Бойындағы таланты, тәрбиесі, оқығаны емес тоқығаны әлемге Қазақ аруының қандай екенін дәлелдейтін күн алыс емес екеніне сенемін.
“Қадамың оң болсын Қарағым” деймін. Тезірек фильмді толық аяқтасам деген ой ғана мазалайды…
Жақсы күндерде жолыққанша Ағайын!" -  деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына режиссер.