Тәуекел Мүсілім: Өзім әкесіз өскендіктен, әрдайым ұлымның қасында болғым келеді

28 желтоқсан 2021, 22:51

Тәуекел Мүсілім бала кезінде ата-анасы ажырасқаннан кейін, тек әйелдердің ортасында өскенін айтады. Анасы мен әпкесінің тәрбиесін көрген актер соның арқасында әйелдердің қадірін жете түсінеді. Бала тәрбиелеу қаншалықты қиын іс екенін түсінгендіктен, бүгінде жарына барынша қолғабыс етуге тырысады. Тәуекел "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында қандай әке екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Өзім әкесіз өскендіктен, әкенің тәрбиесін көрмегендіктен, "әке" деген сөз мен үшін маңызды. Өзім көрмеген, сезіне алмаған нәрсенің бәрін ұлыма бергім келеді. Әрдайым қасында болғым келеді. Қолдау білдіріп, көрсетіп, қиын сәттерде қасында болғым келеді. Бәрі алда әлі. Ертең сәл өссін, жүрген соң, өзіммен бірге алып жүремін. Тауға, спортқа апарамын. Толыққанды өзім тәрбиелегім келеді", - деп ағынан жарылды актер.

Актердің ұлы Айтөре қазір 11 айлық. Тәуекел бос уақытын толыққанды отбасына арнайды. Сөзіне қарағанда, ұлының жөргегін де өзі ауыстырады екен. 


"Бәріне көмектесемін. Памперсін, киімін ауыстырамын. Тамағын беремін. Махаббат үлгермей жатқан жерде әрдайым көмектесуге тырысамын. Қазірден бастап балаға көңіл бөлсем, бала оны сезінеді деп ойлаймын", - деген актер ұлы кішірек кезде басынан өткен ерекше хикаясымен де бөлісті.

"2-3 айлық кезі, есімде, алдымда жатқан. Көз жанарымен маған қарап тұр, мен де оған қарап тұрдым. 2-3 минуттай көзін алмады. Сол кезде менталдық байланыс болды ма, екеуміз сөйлескендей болдық. Ол әкесі екенімді сезіп тұрғандай болды. Өзім шошып кете жаздадым. Қазір қасында "папа" деп айта беремін. Бірінші мені айтсын деймін", - деп күлді Тәуекел.