Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Театр трагедиясы: он жетідегі Джульеттаны қашанғы отыздағы актриса ойнамақ?

20 қаңтар 2011, 11:43

Үлбіреген жүз, мөлдіреген көздің мәңгі жастығын талап ететін мамандық болса, ол – актерлік. Бірақ сол мөлдір көзден мөлтілдеген шынайы мұңды, жүректің сөзін жүрекке жеткізу үшін келіскен ажармен қатар, тереңдік те қажет. Кейіпкерінің кейпіне толығымен ене отырып, көрерменнің де көңіл сарайындағы шемен боп қатқан шерді босату – осынау ғазиз жандарға артылған жүк. Жүк жеңіл емес, ал сол жүкті көтеруге дайындау жағы қалай? Осы тұрғыда өнер саласында өзекті мәселелер жетерлік.

Актерлікке албырт жастан тәрбиелеу керек
Еліктің лағындай ерке де албырт, үріп ауыз­­ға салғандай сұлу да сүйкімді Джуль­ет­та аруды сомдау актриса атаулының ар­маны болмауы мүмкін емес. Сондай-ақ әлем­дік классикаға айналған осы қо­йы­лым­ды қойғысы келмейтін режиссер жоқ шығар. Көрермен де басқаны көрмесе де бұл қойылымды тамашалауға асығады. Бі­рақ соншалық ынтызарлықпен келгенде қар­сы алдынан жүзінде әжім, үні тар­ғыл­дана бастаған Джульетта шыға келсе қа­лай? Кітаптан оқығанда көз алдына елес­тет­кен қиялдың күл-паршасы шықпай ма? Кү­леміз бе, жылаймыз ба? Бұл бір ғана мы­сал, осы секілді өрімдей жас кейіпкерді ор­та жастағы актердің ойнауы – біздің теа­тр­ларда бар, өзіміз көріп жүрген шынайы факт. Бұл неліктен? Тереңіне үңілер болсақ, мә­селенің мәні мынада екен. Бізде қандай мамандыққа болсын мектепті бітірген соң, 17 жастан оқуға қабылдайды. Оқу мер­зімі – 4-5 жыл. Яғни диплом алып, ма­ман ре­тінде қалыптасу жасы – кем дегенде 21. Оқу­­ды жаңа бітірген жас маманға бір­ден жақ­сы қызмет қайда ұсыныла қойсын, со­­ның ішінде осы актерлікте де. Солайша біз өз қолымызбен «кейіпкерді қартайтып» жүр­міз. Басқа-басқа, дәл осы актер ма­ман­дығын ерте бастан, нақты айтқанда, 14-15 жастан бастау өзекті мәселе ретінде ор­­таға қойылуға сұранып тұр. Ресейде атақ­ты актер Олег Табаков осы ретте жақсы бас­тама көтеріп, Ресей театр колледжін аш­ты. Бізде осы мәселені алға тартушы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

   Абай ОМАРОВ (коллаж)

Сахна шеберлігіне кімдер оқытып жүр?
Кейінгі кезде жас актерлердің бойынан байқалатын кемшілік – өз кейіпкерінің ішкі жан дүниесіне бойлай алмау, тек сыртқы мимикамен ойнағандығын білдіріп қою. Өтірік күлкі, өтірік көз жасы кімнің сезіміне қозғау сала қойсын? «Біз театрға көз жасын көл қылуға емес, соған жұмсалған сөзді естуге барамыз» деген данышпан сөзін қаперге алсақ, онда кейіпкер өзі де жылай отырып, көрерменді де жылата алуға тиіс емес пе? Алайда сондай шеберлік қайда?
Болат Әбділманов, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Кейінгі кездері театрға келіп жатқан, кинода жүрген жас актерлердің, соның ішінде ер балалардың бойында актерлік жүріс-тұрысын айтпағанда, ерге тән мінез ерекшелігін кездестіру өте қиын. Актер деген анадайдан келе жатқаннан-ақ жарқ етіп көзге түсуі керек қой. Сондай-ақ сөйлеген сөзі анық, жұртты еріксіз өзіне қарататындай болса. Меніңше, бұған жас актерлерді кінәлау орынсыз, бар мәселе – оларды оқытуда. Актерлерді кімдер оқытып жатыр бүгінде? Сол академияны бітірсе де сахнада ойнамаған, грим иісі мұр­ны­на да барып көрмеген тәжірибесіз оқы­ту­шылар. Олар балаға не үйрете алады? Ал кезінде бізге мықты әртістер, үлкен-үлкен ағаларымыз дәріс берді.

Түйін
Айта кетерлік тағы бір мәселе – осы саладағы оқулықтың жетіспеуі, әлі күнге көп нәрсенің орысша болуы. Сонда бізде қазақ сахнасы жайлы ойланып, актерлерді тәр­бие­леудің қазақы ерекшеліктері туралы кітап жазатын сақа әртістердің табыл­ма­ғандығы ма? Бикен Римова, Сәбира Май­қа­нова, Хабиба Елебекова сынды апа­ла­рымыз, Асанәлі Әшімов ағамыздың өз өмі­р­лері жайлы жазған кітаптары бар. Оның өзі оқығанға, әрине, біршама өмірлік және өнер тәжірибесі де. Алайда сахна сайысы, актер шеберлігі жайлы әдістемелік құрал жазу, жаңа заманға лайық әдіс­те­мелер енгізу осы салаға ауадай қажет секілді. Театр өнерінің теориялық негізін қа­лаушы атақты Станиславскийдің, Мейерхоль, Немирович-Данченко еңбектері де әлі күнге қазақшаланбаған күйі тұр.