Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Теле-радио хабарларын тарату бір ізге түсетін болды

27 сәуір 2011, 13:02

Бұған дейін өз қызметі Ата Заңмен, арнайы салалық заңымен реттеліп келген бұқаралық ақпарат құралдарына ендігі күні «Теле-радио хабарларын тарату туралы» жаңа заң қосылатыны белгілі. Сөз бостандығы туралы сөз саптап, БАҚ еркіндігі мәселесін баптап үйренген қауым біледі – бұл заң жобасы біраздан қызу талқы үстінде. Шикі жобаның әлі қанша қайнауы қалғаны белгі­сіз. Заң жобасын әзірлеуші тарап «жыл соңы­на дейін пысықтап, сосын Парламентке ұсы­на­мыз» десе, «асықпайық» деп ақыл ай­тушы­лар да бар. Әйтсе де, ең бастысы – құ­жатты талқылауға мүдделі тарапты жұмыл­ды­руға жағдай жасап, әр алуан пікірді есту. Сосын ортақ шешім қабылдау. Дәл осын­дай сындарлы сұхбатқа құрылған жиын ке­ше елордада «Теле-радио хабар тарату мәсе­ле­ле­рін реттеу және азаматтардың ақпаратқа еркін қол жеткізуге құқығы» атты тақырыпта өрбіді.
Пікір таластыратын форматтағы ашық алаңға заң жобасын әзірлеуші Байланыс және ақпарат ми­нистрлігінің өкілдерінен бастап, сөз бостандығының сойылын соғып жүрген қоғамдық бірлестіктер, халық­аралық ұйымдар, сондай-ақ осы өлшемдегі ЕҚЫҰ-ның алтын стандарттарын арқау ететін ұйым өкілдері атсалысқан болатын. Негізгі тақырып айқын – телеарналар қызметін реттейтін жобаға әркім өз үнін қосу. Сондықтан да жиылғандар алдында алғаш сөз алған байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов теле-радио хабарларын тарататын субъекті­лердің тағдырына қатысты жаңа заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2015 жылға қарай Қазақстан аумағы толығымен сандық хабар тарату жүйесіне көшеді. Заң жобасының техни­калық негіздемесіне осы арқау болса керек. Дегенмен маңызды мәселе – бүгінгі күні хабар тарату­дың осы түрі заңдық реттеуден шет қалып отыр. Оның ішінде де, қазақстандық БАҚ заңға тәуелділік танытқанымен, онымен бәсекеге түсетін шетелдік телеарналар еркін. «Заң жобасы әуелгі әзірленген нұсқаға қарағанда әлдеқайда жақсарып қалды. Әрине, әлі де жетілдіруге барамыз. Басында кіріккен қатаң нормалар жұмсарды, қайсыбірі сынға ұшырап, мүлдем алынып тасталды. Мәселен, лицензиялауды алып қараңыз. Бастапқыда біз телерадио хабар таратуда екі субъект лицензия­ланатынын ұсынып едік. Талқылаулар барысында олар­дан бас тарттық. Дегенмен біз осы заң жобасы бойынша телехабар тарататын субъектілерді есепке алып, тіркеуден өткізуге қайта оралуды көздеп отырмыз», – дейді Н.Оразов. Министрлік өкілінің айтуын­ша, телеарналарды БАҚ ретінде есепке алу еш қиындық тудырмайтын болады, жеңілдетілген үдеріс бойынша ұйымдастырылады.
Кабельді арна саясатпен айналыспауы тиіс пе?
Жаңа заңмен ретке келтірілетін сала­лардың бірі – кабельдік операторлар арқылы ха­бар тарату. Ақпараттық һәм қоғамдық қа­уіп­сіздік тұрғысынан алғанда, осы опе­ратордың жұмысы қадағалаудан тыс. Оның үстіне кабель жүйесі арқылы тара­ты­латын хабардың белсенділігі анық бай­қа­лады. Әсіресе сұраныстың сылтауын бет­­ке алып, төске өрлейтін шетелдік ка­бель­ділер қызметіне заң керектігі айқын. Со­ған қарамастан, бұл бағыттағы заңна­ма­лық реттеу оңайға соқпайтын түрі бар. «Менің ойымша, кабельдік телеарналар сая­сатқа араласпауы керек. Бұл – жеке пі­кі­рім. Әйтсе де сол тараптың пікіріне де құ­­лақ асуға міндеттіміз. Дегенмен бұл рет­те қа­рама-қайшылықтар баршылық. Мә­­се­лен, кабельдік телеарналарды биз­нес деп қарауға келмейтін тәрізді. Бұл мем­лекеттік саясаттың құралы болуы тиіс секілді. Сол жағынан алғанда, кабельдік ар­налардың саясатқа араласуына тос­қа­уыл болса деймін. Солай бола тұра, ка­бель­­дік арналар осы қызметтен қаражат та­уып отыр. Ен­де­ше, оларды бизнес ретін­де қа­лай ата­май­мыз, а? Осыны ескерсек, ке­лі­се­тін жері де, қиғаш кететін тұсы да бар. Де­генмен бір жүйе керек, сол жүйеге ка­бель­ді теле­ар­на­ да бағынғаны орын­ды», – дейді Қа­зақ­стан Журналистер ода­ғы басқарма бас­шы­сы Сейітқазы Матаев.
Сарапшылар мұндай қиғаш пікірлер­дің заң жобасында көптеп кездесетінін алға тар­тады. Сондықтан болуы керек, ке­ше­гі басқосуда бірқатар қоғамдық ұйым, ха­лық­аралық қор өкілдерінің байланыс және ақ­парат министрі Асқар Жұмағалиев­тің аты­на ашықхат жолдағаны мәлім бол­ды. Он­­дай үшбу хатта негізінен бүгін қо­ғам тал­­қысына түсіп, ертең Парламентке жол тар­татын заң жобасының кемшіліктері көр­сетіліп, талқылауға етене араластыруды сұ­­рапты. Әрине, соңғы нүктені пар­ла­мент­ші­лер қоятын болса, бұған дейін әлі біраз уақыт бар. Ең бастысы – сындарлы сынға мүм­кіндік беріп, түрлі көзқарастағы пікірді естіп, ұсынысқа түсіністік жасау.
Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағы басқарма басшысы:
– ЕҚЫҰ-ның осы заң жобасына қа­тыс­ты кейбір мәселесімен келісуге бо­ла­ды. Бірақ келіспейтін тұстары да бар­шылық. Мәселен, олар қоғамдық те­ле­арна міндетті түрде керек дейді. Ал біз бұған дайынбыз ба? Меніңше, осы мәселеге саяси шешім керек. Мә­се­лен, шетелдік тәжірибе бойынша қо­­ғам­дық телеарналарға абоненттік тө­­лем болуы шарт. Әрбір телекөрер­мен ақ­ша төлеп отыруы керек. Қазақ­стан­да он­дай мүмкіндік жоқ. Сосын те­ле­­кө­рер­­мен хабарды таңдауға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда, ше­тел­дік және отан­дық пакеттің теңдей бол­уы­на қа­тысты құқық солқылдақ шығып тұр. Отан­­дық пакет көрерменнің тал­ға­мына сай болмай, сұранысты қа­на­ғат­тан­­дыр­­­май тұрса ше? Телекөрерменнің құ­­­қын қайда қоямыз? Мұны жұмыс тәр­­ті­­­бімен шешуге болмайды. Жалпы ай­та­­рым, теле-радио хабар тарату ту­ра­лы мына заң жобасы 10-20 жыл­ға де­йін кеш қалып отыр.
Александр Кельчевский, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы:
– Қоғам демократиялық жолмен да­­ми алмайды, егер онда ақпарат тә­уел­­сіздігі, сөз еркіндігі, пікірі мен идея­ла­рын тарату мүмкіндігі болмаса... Яғ­ни де­мократиялық қоғам тек аза­мат­тар жақсы ақпараттанып, оған толы­ғы­мен еркін қол жеткізгенде ғана ор­нық­ты да­ми алады. Қазақстанда сандық теле­ар­наға көшу үдерісін қол­дай­мыз. Бұл ақ­па­рат­тық толқынның жа­ңа легіне жол ашады. Ал жаңа заң жо­басына кел­сек, ЕҚЫҰ БАҚ бос­тан­ды­ғын жақ­сартуға бағыт­талған то­лық­қан­ды құжат қа­былдау үшін пікір­та­лас­тық тал­қы­лау­ды одан сайын жал­ғас­ты­ру­ға шақы­ра­ды.

P.S.
Жұрт ақпараттың 90 пайызын телеарнадан алады. Әйтсе де «телеарна тәрбиесі», «телеарна мәдениеті» қандай болуы тиістігіне қатысты мәселе көтерілсе, талғам мен таңдау құқы бірге өре түрегелетіні жасырын емес. Бұл тұрғыдан шектеулер мен шектемеулер әлі сараланса игі. Екіншіден, әлгі еркін ақпарат алу бойынша ең іргелі құқық теле-радио хабарларын тарату тіліндегі мемлекеттік тілдің үлесін арттыруға қатысты болуы шарт. Қазақстандағы кабельдік арнада көбінесе осы құқыққа мән берілмей келетіні әмбеге аян. Мәселен, кабельдік арнадан орыс тілінде сұранысты қанағаттандыра алатын ақпарат молынан алынады. Оның ішінде көрермендердің ақпараттық қана емес, білімдік, танымдық, көңіл-күйлік құқықтары да тегіс қамтылады. Ал таза қазақтың тілімен сусындайтын топ тәулігіне алты сағат қана болатын қазақ тіліндегі саусақпен санарлық хабарға үңілуде. Ендеше, кабельдік арнадағы осындай алақолдылық заң арқылы жойылса игі. Қазақстанда қазақ көрермені кемсітушілікке ұшырамасын. Заң жобасынан осыны сұрауға құқылымыз.