"Үйді сатқаным жетпей қалды": Жахан Отарғалиев фильмге қанша қаражат жұмсағанын айтты

06 мамыр 2022, 12:04

Жахан Отарғалиев енді актер ғана емес, кинопродюсер. Оның тырнақалды "Джохан" атты туындысы 5 мамырдан бастап көрерменге жол тартты. Отарғалиев бұл фильмді түсіру үшін өзі тұрғызған үйді сатылымға шығарды. Алайда баспанадан түскен қаражат шығынның жартысын да жаппаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі НТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Отарғалиев фильм түсіретін кезде көмек беремін деп уәде еткен инвесторлар ізін суытқан. Ақырында жалғыз қалған Жахан үйін сатылымға шығарған. Қосымша қарыз алған.

"Фильмнің шығыны 150 млн теңгеге жақындап қалды. Үйді сатқаным жетпей қалды. Үй 60 млн теңгеге кетті", - деп ағынан жарылды ендігі продюсер.

Продюсер ретіндегі алғашқы жұмысы болғандықтан, Жахан біраз шығындалғанын айтады.

"Мен есептеуді білген жоқпын. Продюсер болып көрген жоқпын. Маған бірнәрсе керек дейді, мен алып беремін. Оператор 5 объектив сұрады, алып бердім. Алаңға келсем, төртеуі жатыр, біреуімен түсіріп жүр. 
"Мынаны неге сұрадың?" десем: "Өткен жолы керек болды, енді қажет емес", - дейді. Ал оның бәрі ақша", - дейді Жахан.

Фильм ұзақтығы алғашқыда 2 сағат 50 минутқа дейін жеткен. Алайда ақыр соңында оны 1 сағат 40 минутқа дейін қысқартуға тура келген. Ол да біраз шығынға алып келген. 

"Көп тәуекелге бардым. Ақтаймын ба, ақтамаймын ба, Алланың маңдайыма жазып қойғаны болады. 

Өтсе өтеді, өтпесе өтпейді. Әрі қарай тоқтамаймыз, тағы түсіреміз", - деп ойымен бөлісті Отарғалиев.

Stan.kz