Қазақтың батырлығы шекарамен шектелмейді

05 мамыр 2012, 11:42

«Ресей Федерациясының батыры» атағына ие болған ел азаматтарының өмір жолы мен ерлігіне мән бермей жатамыз. Өз еліміздің Тәуелсіздігі мен тұрақтылығын барлық құндылықтан артық санайтынымыздан болар. Дегенмен ерлігін өзімізбен бірге басқа ел де құрмет тұтып, мойындаған саңлақтарымыздың ісі біздің халықтың ерік-жігер әлеуетін көрсетпей ме?! Қаһармандық шекара деген ұғымның шеңберіне сыймайды.
Отан алдындағы қаһармандық ерлік – қай елдің де ең қастер тұтатын ұғымы. Әр елдің ең жоғарғы мемлекеттік наградасы да тұтас мемлекет пен халық үшін қаһар­ман­дық ерлік жасаған адамға беріледі. Кезінде Кеңес Одағының Батыры деген мәртебелі атақты одақтас респуб­ли­ка­лар­дың түкпір-түкпіріндегі 12 780-ге жуық адам иеленді. Олардың 91%-ы – Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткендер. Кейін бейбіт уақытта бұл жоғарғы мемлекеттік награда интернационалист жауынгерлерге және ортақ Отанымыздың қауіпсіздігі жо­лын­да орасан еңбек сіңірген басқа да азамат­тарға берілді. Ерлігі күллі кеңес жұртшылығына мәшһүр болғандардың арасында қазақстандықтар да көп болды. Бүгінде Ресейдің де, Қазақстанның да, басқа да елдердің өз батырларына арнал­ған ең жоғарғы мемлекеттік наградалары бар. Бірақ кейде жүрек жұтқан батырлық бір елдің аумағымен шектелмейді. Әрі адам­ды, тұтас елді оның ұлтына, тілі мен діліне, өркениеті мен саясатына қарамай, қауіп-қатерден қорғау – нағыз қаһар­ман­дарға тән. Тарихи көршіміз – Ресей Феде­ра­циясы бүгінде бір топ қандасымызды өз елінің қаһарманы деп таниды. Олар жөнінде жеке-жеке тоқталайық.
Бақтыораз Бейсекбаев – «Ресей Феде­­ра­ция­сының батыры» атағына ие қазақ­стан­дық­тардың ең жасы үлкені. 1920 жылы Жетісу облысының Верный уезі, Ильинское елді мекенінде дүниеге келген. Әскери қызметтерде болған ол 1941 жылы соғыс басталғанда Алысты бомбалау авиациясы әуе корпусындағы 42-диви­зияға қарасты 207-полктің бірінші әуе эскадрильясының бомбалаушы-атқышы ретінде шайқастарға қатысады. Бейсекбаев капитан Александр Масловтың экипажында болған. 1941 жылы маусымның 26-сы күні Беларусь жерінде фашистердің механи­ка­лан­ды­рыл­ған колоннасын талқандау кезінде қаза тап­қан. Бір деректер бойынша, Маслов оқ тиген ұшақты жау техникаларына бағыт­таған. Маслов ұшағының құлағаны дәлел­денген, бірақ оқиғаның қалай бол­ғаны әлі күнге дейін беймәлім. Сол кездегі идео­ло­гия бойынша, өлімі дәлелденбеген қазақ жауынгеріне «Отанын сатып кетуі» мүмкін деген күдік те келтірілді. Бірақ 90-жылдары соғыс деректерін қайта қараған Ресей үкіметі Бейсекбаевты елдің батыры деп таныды.
Талғат Мұсабаев – есімі күллі қазақ­қа құрметті ғарышкер. Ұлттық ғарыш агент­тігі төрағасының бүкіл еңбек жолы Қазақ­стан­ның азаматтық авиациясымен және ғарыш саласымен байланысты. 90-жылдары КСРО қорғаныс министрінің бұй­рығымен әскери қызметке және зерт­теуші ғарыш­кер­лер құрамына қабыл­дан­ған ол Ресей Феде­рациясының ғылымына да зор үлес қосты, сол елдің үлкен үміт күт­тірер ғарыш­кері болды. Мұсабаев «Мир» орбиталық ғылыми-зерттеу кешеніне ұзақ халық­ара­лық ғарыш сапарына дайын­да­лып, оны сәтті орындағаны үшін және сол кезде ерлік пен батырлық көрсеткені үшін 1994 жыл­дың қарашасында Ресейдің ең жоғар­ғы мемлекеттік наградасын иеленді. Бір жыл­дан соң еліміздің Халық Қаһарманы атан­ды.
Қайырболат (Қайыргелді немесе Нико­лай) Майданов – Батыс Қазақстан өңірінің түлегі. 1956 жылғы жігіт Герма­ния­да кеңес әскері құрамында әскери боры­шын өтеген соң Саратов ұшқыштар училищесін тәмам­дай­ды. Одесса, Байкал жағалауы, Түркістан әскери округтарында қызмет атқарады. Кейін Ауғанстандағы соғысқа аттанады. Оның ерлігі осы кезде көзге түседі. Ауған жеріндегі әскери операциялар үшін ол 200 кеңестік барлау тобын барар жеріне сәтті жеткізді және дұшпандардың он шақты қарулы керуенін жойды. Кеңес Одағының батыры атанған ол бұдан кейін атамекенге келіп, біраз еңбек етеді. 90-жылдардың соңында Ресей әскері құрамына қайта қосы­лып, тікұшақ полкі командирі ретінде Кавказда шие­ле­ніс­кен лаңкестікке қарсы ұрыс әрекеттеріне қатысады. 2000 жылдың қаңтарында ол Солтүстік Кавказ әскери округінің қол­бас­шысы мен журналистер тобын тер­ро­рис­тер­ден құтқарады. Содан бір күннен кейін Шешенстанда Май­дановтың тікұшағына оқ жаудырылады, алған жарақатына қара­мас­тан, батыр тікұшақты аэродромға жет­кізуге тырысады, бірақ осы ерлігі үстінде қаза табады.
Жантас Жолдинов – «Ресей Федера­ция­сының батыры» атанған қазақтардың ең жасы. Ресей Ішкі істер министрлігі Сібір ішкі әскери округінің құрама полкының атқышы қаһармандықпен қаза тапқан кезде бар болғаны 20 жаста еді. Әрине, көпшілік Жантасты Қазақстан азаматы емес деуі мүмкін. Дегенмен ол туған өңір – Орынбор облысының Домбар ауданы, қазақ­тың байырғы жері, ал бүгінде екі елдің шекаралас ауданы. Жолдинов Гроз­ный­дағы соғыс кезінде бейбіт тұрғындарды дін аман алып шығу операциясына қатыс­ты. Содырлардың шабуылы кезінде соңғы оғы қалғанша атысып, бес дұшпанды өлтір­ді. Тұтқынға түспей, оққа ұшып, қаза болды. Ресей үкіметі Жантас Бақытжанұлына батырға лайық атақты 1998 жылы берді.
Біз өзге ел қаһарман деп құрметтейтін қазақтар жайлы айттық. Ресейдің ең жо­ғар­ғы мемлекеттік наградасына ие болған өзге де отандастарымыз аз емес. Бал­қашта туып, Ақтөбеде өскен, Орынбордан түлеп ұшқан ғарышкер Юрий Лончаков Ресейдің теңіз және азаматтық авиация, ғарыш сала­ларының дамуына бар ерік-жігерін арнады. Бұл еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Бүгінде ол да – Ресей Федерациясының батыры. Талдықорғанда туып-өскен Ирина Янина 1966 жылғы болатын. Медбике маман­дығын меңгерген ол 1995 жылы Ресейдің ішкі әскеріне келісімшарт бойын­ша қызметке алынады. Әскери меди­ци­на­ның маманы болған оған отбасын сақтап қалу үшін басқа қызметтерге ауысуға болар еді. Бірақ қайсар қыз құқық қорғау саласын тастамауды ұйғарады, тіпті, Шешенстандағы соғысқа екі рет өз еркімен аттанады. 40-тан астам жауынгерге жәрдем көрсеткен қазақ­стандық келіншек содырлар атқы­ла­ған БТР-ден әскерилерді шыға­ра­мын деп жүріп, ажал құшты. Ирина – Кавказдағы ерлігі үшін «Ресей Федерациясының баты­ры» атағын алған тұңғыш әйел.
Ел басына күн туғанда, адамзатқа қауіп-қатер төнгенде, ерлік те бой көр­сетеді. Мұндай сәттегі қаһармандық әре­­кеттер ұмытылмайды, ерліктің кейін­гі ұрпақ­қа құрметті үлгі болып қала­тыны ақи­қат. Қадірлі оқырман, егер өзге мем­лекеттерде халық батыры атанған қазақ­тар немесе қазақ­стан­дық­тар туралы мәлі­мет білсеңіздер, біз­дің электронды мекен­­жайы­мызға жол­дауларыңызға болады.