Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Саудаға түскен ерлік-ай...

11 мамыр 2010, 09:17

Жауға қарсы шайқаста елі мен жерінің бейбіт өмірі үшін от кешіп, кеудесін оққа төсеген жауынгерлер көрсеткен ерен ерлік өлшеусіз. Қасық қаны мен ақтық өмірі қалса да, шегінбеді, қайта жігерлене түсті. Жауынгерлердің осындай әрбір батыл қимылы кеуделеріне қадалған төсбелгілерімен еленіп жатты.

Әр награда бес жылға созылған сұрапыл соғыстың әр сәтінің айнасы іспетті. Сондықтан да төсбелгілер – олардың иегерлері үшін бағасы жоқ дүние. Өкінішке қарай, мына бейбіт өмірде ұры-қарылардың қолында жүрген орден, медальдар қадірінен айырылып, базарларда тиын-тебенге сатылып жүр.

Мұндай жайтты естігеніміз болмаса, шыны керек, өз көзімізбен көрген емес едік. Сол себепті сауда қызды-ау деген мезгілде Орталық базарға қарай бет алдық. Қаз-қатар жайғасып алған саудагерлерді жағалай келе жатып, жерге орден, медальдардың неше атасын жайып тастаған жігітті көзіміз шалып қалды.

Тауарларымен таныстыра бастаған ол бағаларын да айтып сайрай жөнелді. Орден, медальдардың барлығы дерлік Ұлы Отан соғысының әр жылдардағы мерейтойлары қарсаңында шығарылған екен. Бағалары әрқалай, 1-3 мың теңге аралығында.

– Сізге нақты не керек еді? – деді әр тауарына шұқшия қарап отырған бізге ол.

– Ал соғыс жылдары шығарылған наградалар жоқ па екен? – дедік біз.

Жан-жағына қарап алған сатушы бір кезде төс қалтасынан «За Отвагу» деген жазуы бар медаль алып шықты.

– Егер қажет болса, осындайдан тағы бірнешеуін тауып бере аламын, – деп сатушы бізді қызықтыра түсті.

– Медальды қаншаға сатасыз?

– Сегіз мың теңге. Алсаңдар, түсіремін.

– Құжаты бар ма екен?

– Оның сіздерге керегі не?

– Бәлкім, ұрланған зат шығар? Ертеңгі күні әшкере болып жатса қайтеміз?

– Ол жағынан қам жемеңіз. Міне, құжаты, – деп бір жапырақ қызыл кітапшаны ашып қалған кезде, жоғары жағындағы «Исаев», ал төменгі тұсындағы «1943 год» деген сиямен жазылған жазуды оқып үлгердік. Неден сескенгенін қайдам, әлгі кітапшаны дереу жаба қойды да:

– Сіз сатып алмайсыз ғой, несіне бас қатырып тұрсыз? – деп ашуланып кетті. Медаль мен қызыл кітапшаны төс қалтасына қайта салып жатып:

– Не, мені ұрлап алды ғой дейсіз бе ол медальды? Тамақ алатын ақшасы болмай, маған оны иесінің өзі сатқан, – деп ақтала бастады.

Медальды соғыс ардагері өзі сатты ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Егер қан төгіс майдан шежіресінен сыр шертіп тұрған осынау төсбелгілердің былығы көп базарларда шаң басып елеусіз жатқанын көрсе, қай ардагер болсын түңіліп кетер еді-ау.

Негізі, біздің елде мемлекеттік наградаларды сатуға тыйым салады, яғни қылмыстық іс қатарында. Соңғы кездері соғыс ардагерлерін алдап-соғып, төсбелгілерін ұрлап жатқандар жайлы жиі естіп жүрміз. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, тым құнсыз. Қаладағы бір көне заттар дүкенінің қожайыны М.Арысбеков (өтініш бойынша оның аты-жөнін өзгертіп бердік, – авт.): «Коллекция жинаушылар көбейіп барады. Ал көне заттар, соның ішінде соғыс жылдарындағы түрлі наградалар ұсынушылар сиреп кетті. Демек, бірер жылдардан кейін сіздер айтып отырған орден, медальдар таптырмас антикварға айналатын болады. Өткенде біреу келіп «За Отвагу» медалін 4 мың теңгеге, ІІ дәрежелі «Красная Звезда» орденін 100 долларға, ал І дәрежелі орденді 800 долларға сатып кетті. Алдым. Қайта сату үшін емес, әрине. Мен көне заттар жинаумен де айналысамын», – дейді.

Кеудесіне орден, медаль қадалғанда, қай жауынгердің де абыройы асқақтап, бойындағы күш-қуаты еселене түскені анық. Сол бір әсерлі сәтті көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Ал енді сол төсбелгілердің саудаға салынып жатқанын ойлаңыз. Өкінішті. Орден, медальдар да – тарих. Ондай болса, тарихтың өз бағасын алғанына не жетсін.