Тұтқында болғандарды соттау қаншалықты дұрыс шешім еді?

11 мамыр 2010, 09:00

00174

Кәкен ӘБЕНОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Мен де – соғыс ардагерімін. Соғыстан кейін Қазақ КСР-інің Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі болып қызмет атқарғанмын. Қызмет бабына байланысты тұтқында болған кеңес әскерлерінің ісімен жұмыс істеуге тура келді. Сол кезде жау қолында тұтқында болғандарды соттау мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қажет болды. Айта кетер нәрсе, олардың әрқайсысының ісі мұқият, жан-жақты зерттелді. Соның ішінде антикеңестік көзқарастағы адамдарға қатаң көзқарас болды. Сондықтан әркім өз ісіне сай жазасын алды деп ойлаймын.

00272

Есенғазы ҚУАНДЫҚОВ, тарих ғылымының докторы:
– Бұл мүлдем дұрыс емес үкім еді. Және жазықсыз жапа шеккен талай жанның құқын аяққа таптау болды. Тіпті сол кезеңде ол адамның қаншалықты жазықты-жазықсыз екеніне де қараған жоқ. Әрқайсысына 20-30 жылдан үкім кесті. Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана олар мерзімінен бұрын босап шықты. Онсыз да жат елде, жау қолында азап шегіп келген талай адам елге келген соң, осылайша жеті-сегіз жылдай түрмеде отырды. Бұл сол кездегі тоталитарлық қоғамның қатыгездігі еді. Бұл әрекетті ешбір халық, ешбір қоғам ешқашан ақтай алмайды.