Гүлжанның гүлі күміс болды

10 наурыз 2010, 14:34

Дзюдодан Польшада аяқталған әлем кубогының кезекті кезеңінде қазақ қыздары бір күміс жүлде еншіледі. Сондай-ақ екі қызымыз 5-орынға ие болды.

Дзюдошы қыздарымыз өздерінің төл мерекелері қарсаңында осындай сыйлық жасап отыр. Себебі кимоно киген қыздарымыз бұрын-соңды әлем кубогының кезеңдерінде мұндай табысқа қол жеткізбеген. Ұлттық құрама аға жаттықтырушысы Жанна Нұртазина: «Осы сынға жан-жақты дайындалудамыз. Өйткені мамырдан бастап Лондон Олимпиада- сының лицензиялық ұпайлары сарапқа салынатын турнирлер басталады. Сол белдесулерге қыздарымыз дайын болсын деген мақсатпен, жастарды да халықаралық аренаға шығарып, шеберліктерін шыңдап жатырмыз», – деген болатын.
Варшава татамиінде ұлттық құраманың үздігі, Азия чемпионы, 78 келіден жоғары салмақта белдескен Гүлжан Исанова күміспен күптелді. Гүлжан алдымен іріктеу белдесулерінде татами иесі Каролина Лампаковскаяны ұпай санымен ұтса, артынша білекті қарсыластардың бірі, ресейлік Екатерина Шереметованы айқын басымдылықпен ұтты. Бұдан кейін өте тартысты өткен ширек финалдық белдесуде неміс қызы Кристина Крахеден мықты екендігін байқатты. Жартылай финалда әлем және Еуропа чемпионаттарында жүлдеге ілініп жүрген, өте тәжірибелі түрік қызы Гүлсах Косатүрікпен белдесіп, сәл ғана басымдылықпен жеңді. Ал финалда француз Ева Бигсениге жол беріп, екінші орынға ие болды.
57 және 70 келі салмақ дәрежелерінде белдескен Алина Тен және Мәриям Ордабаева сынды қыздарымыз бесінші орыннан көріне білді. Алина іріктеу белдесулерінде Франция, Польша және Нидерланды қыздарын ұтып, жартылай финалда аталмыш турнирдің болашақ жеңімпазы, румын қызына жол берді. Ал үшінші орын үшін болған белдесуде италиялық аруға есе жіберіп алды. Мәриям Беларусь, Украина қыздарынан басым түсіп, нидерландиялық бір қарсыласын ширек финалда ұтып, екіншісінен жартылай финалда жеңіліп қалды. Ал қола медаль үшін өткен белдесуде біздің қыздың жолын тағы да италиялық ару кесті.
48 келі салмақтағы Александра Подрядова 7-орын алды. Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Ж.Нұртазина: «Бүгінгі таңда дзюдошылар алдында өзекті болып отырған басты мәселе – жаңа ереженің толық бекітілмей тұрғандығында. Азия өз бетінше, Еуропа өз бетінше белдесіп, біздің діңкемізді құртып отыр. Польшада 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Линара Минғазова дәл осы ереженің құрбаны болды. Бізге басында «тік тұрып аяқтан шалуға болады» деген. Сондай әдіс қолданып еді. Күрес ережесін бұздың деп, жеңіп тұрған жерінен татамиден шеттетілді», – деп қынжылуда.