Аллергияны қалай жеңуге болады – дәрігер кеңесі

11 наурыз 2022, 11:07

Аллергияны неліктен ХХІ ғасыр дерті деп атайтыны туралы аллерголог Ғалия Түсіпбекова айтып берді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметі бойынша әлем халқының шамамен 30%-і аллергиядан зардап шегіп отыр, ал отыз жылдан кейін олардың қатары айтарлықтай артып, әрбір екінші адам аллергик атануы мүмкін. Маусымдық аллергия қай кезде пайда болады және бұл ауруды түбегейлі емдеуге бола ма? Осы туралы Sputnik Қазақстан тілшісі анықтап білді.

Бүгінгі күні аллергия ХХІ ғасырдың ең жылдам өршіп келе жатқан дерті деп аталады. Бұл ауру жас талғамайды. Мамандар мұндай жаппай аурудың негізгі себебі ретінде иммундық жүйенің теңгерімсіздігін атады.
 
"Аллергия – бұл бізді қоршап тұрған заттарға қатысты иммундық жүйенің жағымсыз реакциясы. Бұл немен байланысты? Бұл иммундық жүйенің дисфункциясы. Неліктен аллергия көп кездесіп жатыр? Ал бұл өркениеттің дамуына, табиғат тіршілігіне белсенді араласуға, ауаның ластануына, өмірімізге химияның кеңінен енуіне байланысты туындап отыр", - дейді аллерголог-иммунолог Ғалия Түсіпбекова.
 
Маманның айтуынша, дәрі-дәрмекті оңды-солды қолдану да иммундық жүйенің теңгерімсіздігін тудырып, аллергияға бейімділікке алып келуі мүмкін.

Ғалия Түсіпбекова ауру асқынған кезде азық-түлікке өте мұқият болу керек екенін ескертті. Себебі олардың арасында аллергиялық реакцияларды күшейтетін өнімдер болады.

"Аллергиялық реакцияны күшейтетін немесе дербес тудыра алатын тағамдар бар. Оған цитрус жемістері, тәттілер, газдалған сусындар, консерві өнімдері, ащы, тұзды, қуырылған және ысталған тағамдар жатады", - деді дәрігер.

Маусымдық аллергияның үш кезеңі


Мамандар өсімдіктердің гүлдеуінен болатын маусымдық аллергия немесе поллиноз үш кезеңде өтетінін айтады. Олардың біріншісі көктемде, сәуір айының аяғында, қандыағаш, қайың және басқа да ағаштар гүлдеген кезде басталады. Екіншісі мамырдан маусымға дейін созылады. Бұл кезде ауада терек, шалғындық және көгалды шөптер тозаңы таралады. Үшінші кезең шілде айының ортасында басталып, қыркүйекке дейін созылады. Яғни бұл жусан, көкпек, жолжелкен және басқа да арамшөптердің гүлдену кезімен тұспа-тұс келеді.

"Полиноз өсімдіктің бір түрінен немесе бірнеше өсімдіктен туындауы мүмкін. Адам көктем-жаз-күзгі кезеңнің барлық уақытында аллергиядан зардап шегуі оның өмір сүру сапасын төмендететіні анық", - дейді маман.


Маусымдық аллергияны ертерек емдеу керек

Дәрігерлер маусымдық аллергияға алдын ала дайындалып, осылайша аллергиялық реакциялардың ағымын жеңілдетуге болатынын айтады. Ол үшін өсімдіктердің гүлдену кезеңіне дейін мамандардың көмегіне жүгініп, арнайы емдеу курсынан өту керек.

"Гүл ашпайтын кезеңде емделу қажет. Бұл аллерген түріне байланысты болады. Емдеуді жыл бойы жүргізуге болатын еуропалық аллергендер бар. Біздің республикада ресейлік-қазақстандық аллергендер тіркелген. Оларды қабылдауды ауру асқынғанға бір-бір жарым ай қалғанда аяқтау керек", - дейді Ғалия Түсіпбекова.
Маман атап өткендей, бұл ауруды емдеу курсында науқастың ағзасына қоздырғыш аллергендер дозасы біртіндеп енгізіледі. Емдеуші аллергендер инъекция, дәрі, тамшы, спрей түрінде болады.


Маусымдық алларгияның симптомдарын қалай жеңілдетуге болады

Гүлдену кезеңінде тек симптоматикалық емдеу жүргізіледі. Маман аурудың күрделілігіне байланысты жергілікті және/немесе жалпы әсер ететін аллергияға қарсы препарат тағайындайды. Бұл антигистаминдер, гормонды, қан тамырларын тарылтатын, сіңіргіш құралдар болуы мүмкін. Дәрі-дәрмек бүкіл гүлдену кезеңін қамтитын мерзімге тағайындалады.

"Адам аллергиялық ауру асқынған кезде келсе, біз аурудың ауырлығына қарай ем тағайындаймыз. Аллергия қатты өршіген кезде гормонды препараттар тиімді деп саналады. Егер адам маусымдық аллергияға шағымданып келсе, онда аллерген өсімдіктердің гүлдену кезеңін толық қамтитын емдеу курсын белгілейміз", - деп түсіндірді дәрігер.


Аллергияны түбегейлі емдеу мүмкін бе

"Адамды осы дертпен өмір сүруге, оны бақылауда ұстауға бейімдеу керек. Дұрыс әдісті қолданса, аллергияның ауыр өтуін бәсеңдетуге болады", - дейді аллерголог.

Елордалық дәрігер Ғалия Түсіпбекованың айтуынша, егер аллергия созылмалы болса, онда оны толығымен емдеу мүмкін емес. Дегенмен ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізуге мүмкіндік бар.