Аузыңыздың ДӘМ СЕЗБЕЙ қалуына не СЕБЕП болатынын білесіз бе?

07 маусым 2022, 10:07

Ауыздың дәм сезбей қалуы көбінесе тұмау болғанда байқалады. Егер тұмау болмасаңыз да, дәм білмей жатсаңыз, онда себебін басқа жақтан іздеңіз. Бұл туралы ERNUR.KZ тілшісі жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Дәрігерлердің айтуына қарағанда, дәм сезбеу ауыз қуысының ауруларынан ғана болмайды екен. Сондай-ақ иммундық жүйенің, неврологияның, мидың және басқа ағзаның жұмысы бұзылғанда осылай белгі беретін көрінеді.

 

Дәм сезбеу – ағзаға жұққан вирустың, инфекцияның, бактерияның белгісі. Оның нақтысын анықтау үшін терапевт дәрігерге тексерілу керек.

 

Дәмнің бұзылуына:

 

* тіл ұшында дәм бүршіктерінің зақымдануы;

* ауыз қуысының жарақаттары мен аурулары;

* бас сүйегінің және мидың зақымдануы;

* онкологиялық ісіктер;

* қанда мырыш, темір және В12 дәруменінің жетіспеуі;

* жедел және созылмалы инфекция ;

* ауыз қуысында саңырауқұлақ және вирустық инфекциялар;

* эндокриндік аурулар;

* ауыз қуысының шырышты қабатындағы ауырсыну;

* ауыз қуысының шырышты қабатының кебуі, сілекей бөлінуінің шектелуі;

* тіл нервтерінің зақымдануы, тілдің артқы бөлігінің зақымдануы;

* қалқанша безінің бұзылуы;

* дәрілік заттарға және вакцинацияларға аллергия;

* суық тиюден кейінгі асқыну;

* неврологиялық аурулар;

* темекі шегу себеп болады.

 

 

Дәмді ажырата алмау, түрлі дерттің дендеуіне себепші болады. Нақтырақ айтқанда:

 

Агеузия

 

Дәмдік қабілеттердің толық жоғалуы – агеузия деп аталады. Бұл дерттің өткір түрі. Мидың және бет аймағының жүйке жүйесінің күрделі зақымдануы болғанда көрініс береді. дер кезінде анықтап емдемесе, беттің немесе жақтың сал болып қалуы мүмкін. Дерттің дендеуіне – гормоналды бұзылулар, дәм бүршіктерінің белсенділігіне жауап беретін микроэлементтер мен дәрумендердің жетіспеушілігі басты себеп болады.

 

Гипогеузия

 

Тағамның дәмдік қасиеттерін ажырата алмау – гипогеузия болып табылады. Гипогеузия кезінде тілдің сезімталдығы төмендейді, сондықтан дәм қасиеттерінің көпшілігін ажырату қиын. Көбінесе бұл жұқпалы және саңырауқұлақ ауруларынан, антибиотиктерді ұзақ қолданудан, механикалық зақымданудан және тілдің жарақаттарынан кейін пайда болады.

 

Дисгеузия

 

Дәмді дұрыс танудан айырады. Егер сіз белгілі бір тағамның дәмін шатастырып алсаңыз, дисгеузия дертіне шалдыққан болып есептелесіз. Мәселен, лимонды тәтті, қантты тұзды деп білсеңіз, уақыт созбай дәрігерге қаралыңыз. Дисгеузия психикалық бұзылу немесе авитаминозға шалдығу кезінде белең алады. бұл дерт көбіне жүкті әйелдерде байқалады.