Дәрігерлер туберкулездің алдын алу жолдарын айтты

04 наурыз 2022, 23:01

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 183 адам туберкулезбен ауырған, бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 16 % аз, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, профилактикалық және эпидемияға қарсы жүргізілген іс-шаралар кешенінің арқасында өңірде туберкулезбен ауыру соңғы 5 жыл бойы төмендеп келеді. Мәселен, 2021 жылы туберкулезбен сырқаттану 16 % төмендеген. 2020 жылы жаңадан 219 сырқат тіркелсе, былтыр 183 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Негізінен ересек адамдар ауырады, балалар арасында аурушаңдық төмен. «Туберкулез қоздырғышы әлемде алғаш рет 100 жыл бұрын ашылғанына қарамастан, ауру әлі күнге дейін адамдарға үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан сақтықты жоғалтуға болмайды. Өйткені бұл ауру дененің барлық тінін зақымдауы мүмкін. Бірақ, көбіне тыныс алу мүшелерінде қабыну процесі жүріп, зақымдайды. Былтыр СҚО-да жұқтырғандардың 93 % туберкулез тыныс алу ағзаларында болған», - дейді санитарлық дәрігерлер. Инфекция ауру адамнан жұғады. Көбінесе туберкулез ауа-тамшы жолымен таралады. Туберкулезбен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде қақырық пен сілекейдің ұсақ тамшылары ауаға тарайды, оларда көптеген микобактериялар болады. «Туберкулез адамның жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамайды. Туберкулез микобактериясын тұрмысы нашарлар да, байлар да бірдей жұқтырады. Туберкулез микобактериясы ағзаға түскеннен кейін таралады, бірақ міндетті түрде адамда ауру тудырмайды. Олардың көпшілігі өледі, бірақ кейбірі өміршең болады. Ол тек біраз жылдан кейін ғана сыр беруі мүмкін», - дейді мамандар. Туберкулезбен ауыруға тұрғын үй жағдайлары, дұрыс тамақтанбау, стресс, ұйқының болмауы, басқа дерттер әсер етуі мүмкін. Санитарлық мәдениетінің төмендігі, яғни гигиеналық талаптарды сақтамау да адамның ағзасын әлсіретеді және ауруды қоздырады. Алкоголь пайдаланып, темекі шегетіндер де қатер тобына жатады. Қатерлі ауру балалар арасында тарамауы үшін туберкулезге қарсы вакцинация жүргізіледі. Жұқтырған балаларды анықтау үшін туберкулин сынамалары әдісі қолданылады. Мамандардың айтуынша, туберкулез ауруының алдын алу үшін ең бастысы денсаулықты шынықтырып, иммунитетті төмендететін аурулардан дер кезінде емделіп отыру қажет.
ҚазАқпарат