Денсаулық сақтау министрлігі: Коронавируспен ауырғандар туберкулезге жиі шалдығады

12 наурыз 2021, 10:08

COVID-19-бен ауырып, кейін сауыққан адамдар туберкулез ауруына басқаларға қарағанда көбірек шалдығады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінде айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

COVID-19 коронавирус инфекциясы кезінде және кейінгі кезеңде жалпы иммунитет айтарлықтай төмендейді. Сондай-ақ, кейінгі кезеңде өкпеде қалдық өзгерістер ұзақ уақыт сақталады - фиброз. Яғни, өкпенің архитектурасы және тыныс алу жүйесінің жергілікті қорғаныс қызметі бұзылады. Осы факторларды ескере отырып, КВИ-мен ауыратын адамдардың туберкулезбен ауыру ықтималдығы бар.

 
"Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы 40 адамда туберкулез анықталған, ал 2021 жылдың қаңтарында республика бойынша осындай 11 жағдай тіркелген", - деді медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті.

Аурудың салдары мен асқынулардың дамуына жол бермеу үшін амбулаториялық-емханалық деңгейде динамикалық бақылау қажет, салауатты өмір салтын ұстану ұсынылады. Дәрігерлер зиянды әдеттерден арылуға, спортпен шұғылдануға, дұрыс тамақтану рационын, сондай-ақ еңбек пен демалыс режимін сақтауға кеңес береді. Тыныс алу жаттығуларын жасап, көктемде және күзде мультивитаминдер ішу керек.

"Сонымен қатар ауырлығы орташа және ауыр дәрежедегі КВИ-мен ауырған адамдарға пациенттің жағдайына байланысты медициналық оңалту курсынан өту де ұсынылады. Дене қызуының жоғарылауы, 2-3 апта бойы жөтел, түнде терлеу сияқты клиникалық белгілер болған жағдайда, учаскелік дәрігерге барып, туберкулезді болдырмау үшін тексеруден өтуге кеңес береміз", - деп хабарлады ведомствода.

Ұйымның мәліметі бойынша, КВИ-дан кейін пайда болатын ең көп таралған патологиялардың бірі - қанның қоюлануына байланысты тромбоздар, миокард инфарктісі, жүйелік эндотелиит, миокардит, өкпе фиброзы, тыныс алу жеткіліксіздігі сияқты жүрек-тамыр аурулары.

Бұл асқынулар анамнезінде қант диабеті, артериялық гипертензия, семіздік сияқты созылмалы аурулары бар адамдар және 60 жастан асқан науқастарға әсер етеді.