Диетолог ерте сатылымға шыққан қарбыздың зияны туралы айтты

11 маусым 2022, 18:47

Диетолог Елена Соломатина ерте сатылымға шыққан қарбыздың ағзаға қандай зияны бар екенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Вечерняя Москва" басылымына сілтеме жасап.

Қарбыз тек екі айдан кейін пісіп, жаппай сатылымға шықса да, қазір дүкен сөрелерінен қарбызды көруге болады. Диетологтың сөзінше, әзірге қарбыз сатып алмау керек. Себебі жеміс тез өсуге әсер ететін дәрілермен өсірілген. Мұндай дәрінің құрамында нитрат көп мөлшерде болады. Олар белгілі уақыттан кейін нитритке айналады. 

"Нитрит гемоглобиннің белсенділігін төмендетеді. Осылайша жасушалар тыныс алмай, ұлпа мен ағзалар гипоксияға ұшырайды", – деп түсіндірді маман.

Нитрит көбіне жүкті әйелдер мен балаларға зиян екен. Сонымен қатар Соломатина қарбыздың сыртына қарап-ақ қауіпті екенін білуге болатынын айтты. 

"Мұндай қарбыздың сары және ақ түсті жолақтары болады әрі қант аз болады. Сондай-ақ қарбызды бояп қоюы да мүмкін", – дейді ол. 

Диетолог жақсы қарбызды да жеудің өз шегі болатынын еске салып өтті.

"Қант диабетіне шалдыққан, артық салмағы бар адамдарға қарбызды көп жеуге кеңес бермеймін. Қарбызды бір күн жеуге болады. Алайда бірнеше тілімнен кейін тоқтаған абзал", – деп аяқтады диетолог.