«Спутник V» екпесін жасауға қатысқан қазақ

11 сәуір 2021, 13:54

Бүгінде елімізде дерт жұқтырып алу қаупі жоғары деп саналатын сала қызметкерлеріне «Ковид-19» індетіне қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасы егіліп жатқаны белгілі. Міне, осы екпені жасауға Ресейде тұратын бір қазақ бауырымыз да тікелей атсалысыпты. Оның аты-жөні – Ілияс Болатұлы Есмағанбетов.

Ілиястың әкесі Болат Есмағанбетов Оңтүстік өңірінің азаматы екен. Ол кісі кезінде Мәскеудің Бауман атындағы техникалық университетінде оқыған, аэроғарыш технологиясына қатысты білім алған. Ал Ілияс отбасы Мәскеу облысының Дмитров қаласында тұрғанда өмірге келген. Қазір оның жасы 33-те, ол Ресей астанасы Мәскеу қаласында тұрады.

Ілияс Мәскеу Мемлекеттік университетінің қолданбалы биологиялық технология факультетін бітірген. Ол 20 жасынан бері Н.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында еңбек етеді. Аталған орталыққа ол студент кезінде университет жолдамасымен іс-тәжірибеден өтуге барған екен, қазақ баласының алғырлығын аңғарған орталық басшысының орынбасары Борис Народницкий деген азамат оны ғылыми орталықтың жұмысына тартыпты. Ілияс осы орталықтың аденовирустық векторлар алумен, олардың белсенділігін зерттеумен айналысатын зертханасына жұмысқа орналасқан, оның технологиясын меңгерген. Оқып әрі тәжірибе жинақтай жүріп Ілияс ғылыми жұмыстармен айналысқан, соның нәтижесінде 27 жасында биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленген. Мамандығы бойынша ол – биотехнолог, молекулярлық биолог.

Мәскеудегі Н.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының әлемді алқымынан алған «Ковид-19» індетіне қарсы вакцина шығаруда үлкен жетістікке қол жеткізгені мәлім. Бұл орталық іске тәж-вирус індеті белгілі бола салысымен, шұғыл түрде кіріскен еді. Ол Ресей Қорғаныс министрлігінің арнайы орталығымен бірлесіп жұмыс істеген. Сөйтіп арада көп өтпей-ақ «Ковид-19» індетіне қарсы қолданылатын вакцинаны жасап шығарған.

«Спутник V» деген ат қойылған бұл екпеге бүгінде әлем бойынша сұраныс болып жатыр. Ал Ілияс бұл вакцинаны өзіне 2020-жылы еккізіпті. Ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол вакцина еккізгеннен кейін алғашында дене қызуы біршама көтерілгенін, одан басқа жайсыздық сезінбегенін айтқан.

Бүгінде Ресейде бұл вакцинаны еккізгендер қатары бірнеше миллион адамнан асты. Ал біздің елімізде «Спутник V» өткен ақпан айында тіркеуге алынды, оның шекті мөлшердегі 22 мың данасы Қазақстанға ақпан айында жеткізілген болатын. Сондай-ақ Қарағандыдағы арнайы фармацевтикалық кешен бұл вакцина технологиясы бойынша екпе шығаруды бастаған еді. «Спутник V» вакцинасы бүгінде біздің елімізде медицина және құқық қорғау салаларында еңбек ететін 100 мыңнан аса адамға егілді.

Ресей мамандары оны 91 – 100 пайыз аралығында тиімділік береді деп жариялауда. Бүгінге дейін бұл вакцина әлемнің 60-қа жуық елінде тіркелді. Оған бірнеше мемлекеттен тапсырыс бар. Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Бразилия сияқты елдердің фармацевтикалық компаниялары «Спутник V» екпесін Ресеймен бірлесе жасауға, оны кеңінен таратуға атсалысуға дайын екенін білдіріп отыр. Яғни алдағы уақыттарда бұл вакцинаның миллиардтаған дозасы шығарылады деген сөз.

Міне, қазақтың бір білімді баласы осындай ғаламдық деңгейдегі шаруаға, миллиондаған адамға пайдасы тиетін ауқымды іске тікелей атсалысып, «Спутник V» екпесін шығаруға қатысыпты. Бұл да болса қазақтың білім-ғылымға бейімдігінің бір көрінісі. Жастарымыз осындай жарқын істердің ортасынан көрініп жатса, оған қуанасың, сүйсінесің. Тек олар өз топырағымызда өсіп-өніп, бірінші кезекте өз елімізге қызмет етсе, оларға сондай биікке жетуге жағдай жасалып, ел болашағына қызмет етуге мүмкіндік беріліп жатса ғой, шіркін!

Д. НҰРПЕЙІС.

zamana.kz