«Қазақстан барысы» турнирінің финалын 22 наурызда өткізсек...

21 наурыз 2013, 11:55

Сәрсен Құранбек, «Қазақстан барысы» жобасының атқарушы директоры:
– «Қазақстан барысы» – жал­пыұлт­тық, бүкілреспубликалық жоба. Ол бір күнде ғана өткізілетін белдесу кеші емес. Біз міне, қыс көрпесін түрмей жатып, қардың бәрі толық еріп, жер қараймай жатып, еліміздің түкпір-түкпірінде іріктеу турнирлерін өткізіп жатырмыз. Бұл – әр ауылдың деңгейіндегі бірінші кезеңі ғана. Өздеріңіз білесіздер, биыл «Қазақстан барысы» турнирінің ақтық белдесуле­рін Астананың 15 жылдығына орай­лас­тырып, маусымның 30-ына бел­гілеп отырмыз. Бұған дейін ақтық сын тамыз және қыркүйек айларында өтті. Соның өзінде іріктеу турнирлерін толық өткізіп шығу оңайға түспейтін. Биыл мүлде қиындық туғызып отыр. Өйткені күн жылымай, ауылды жер­лерде іріктеу турнирлерін өткізетін қолайлы жер болмай жатыр. Күн жы­лығанда ашық алаңда өткізуге болар еді. Ал қазір ауылды жерлерде көп адам сиятын үлкен спорттық кешен­дер жоқ болып, осындай қиындық­тарға тап болып жатырмыз. Сондық­тан кейбір ауылдарда орта мек­­теп­тердің спортзалдарына сығылысуға тура келуде. Ал солтүстік өңірлерімізде жағдай мүлде мүшкіл. Амалсыз үш-төрт ауыл бірігіп, аудан орталығында өткізуге де мәжбүр болып жатқандары да бар. Ал ауылды жерлерді осындай қызықты думаннан айыруға болмай­ды. Жыл өткен сайын «Қазақстан ба­рысы» турнирінің лебі, мән-маңызы шалғайдағы ауылдарға да жетіп, ауыл жастары күреске ерекше ден қоя бастады. Осыны басты назарда ұс­тауымыз керек.   
Ал 22 наурызда ұлттық өнеріміз­ден басқа да белдесулер өткізуге бо­лады деп ойлаймын. Қазақ күресінің беделін өсіретін белдесулер саны көбейе берсе, ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Әбілсейіт Айханов, әйгілі қазақ балуаны:
– Өзіміздің төл мерекеміз – жыл басында «Қазақстан барысы» турни­рінің ақтық сынын өткізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл күні ұлан-асыр той болуы керек. Дүбірлетіп тойлатып, осындай қызықты белдесулер өткізіп, ұлттық мерекеміздің ажарын аша түссек, жаман болмас еді. Бұл – негізі жан-жақты саралап, ойланатын бас­тама. Бірақ қазір оған біз дайын емеспіз. Қыс ішінде ауылды жерлерде іріктеу турнирлерін өткізу мүмкін емес қой. Жалпы, күрес – жыл мезгіліне қарайламай, белдесе беруге болатын спорт түрі. Тек талапқа сай залдар болса, болды. Мәселе – осында. Егер «Қазақстан барысының» ақтық сынын күн мен түннің теңескен, дүниенің жаңарған күні өткізер болсақ, онда көптеген ауылдың мәселесін шешуге тікелей ықпал етер де ме едік?! Онда әрбір ауылға күресетін спортзалдар салу керек болады. Яғни күресіміздің беделін өсіріп, мерейін тасытып қана қоймай, ауылымыздың спорттық тірлігіне де қан жүгіртуге болады. Бірақ бұл тез шешіле қоятын шаруа емес. Егер жүзеге асып жатса, қанеки? Онда тек қуанамыз. Жалпы, жыл басы, көктемнің тіршілікке нәр берген күні күрессіз өтпеуі керек. Қандай турнир болсын, әйтеуір төл мере­ке­мізде бозкілемнің «шаңы» бұрқырап, балуандар белдесіп жатуы керек қой.
Елемес Әлімханұлы, педагогика ғылымының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ күресі киімінің авторы:
– «Қазақстан барысы» турнирінің ақтық сынын 22 наурызда өткізу көп­теген қиындықтар туғызады. Қолайлы емес. Онда ауылды жерлерде іріктеу турнирлерін өткізу қиямет-қайым болады. Әсіресе солтүстіктегі аймақ­тарымыздағы ауылды жерлерде, қа­қа­ған аязда іріктеу турнирлерін өткізу қиын болады. Ал ауылды жерлердегі іріктеу турнирлерін күзде өткізетін болсақ, онда 22 наурызға шейін, яғни финалға дейін арасы ұзақ болып кете­ді. Сондықтан қазіргі өткізу жүйеміз ыңғайлы. Ауыл балуандарын көктем­нен бастап іріктеп, финалды жаз аяғында немесе күзде өткізу – өте қолайлы. Яғни бұл – іріктеу кезеңдері бір-біріне жалғасып жатқан, бір мау­сымдық, үздіксіз сын.