Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Мереке күндері барлық дәмханалар ас мәзіріне наурызкөжені енгізуі керек пе?

21 наурыз 2013, 11:59

Наурызкөже – Наурыз мереке­сінің басты атрибуты.  Мерекелік дастарқанның бұл басты мәзірінің адам ағзасына тигізер пайдасы өте зор. Қазақ тағамтану институты мамандарының айтуынша, оның құрамында В1, В2, РР, Е, А ақуыздары мен амин қышқылы бар. Экологиялық таза, табиғи өнім болғандықтан, оның бүйрек, жүрек, өкпе ауруларына қарсы емдік қасиеті де бар. Ендеше бас­қа күні болмаса да, тап наурыз айын­да барлық дәмханаларда ас мәзіріне наурызкөжені неге енгізіп қоймасқа?
Еліміздің барлық дәмхана иелері осыны дұрыс түсініп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға шөкімдей болса да атсалысып, осы идеяны Ұлыстың ұлы күні – төл мерекеміз қарсаңында іліп әкетіп, өздерінің ас мәзіріне енгізіп қоятын болса, қандай тамаша болар еді? Өйткені дертке дауа сусын тек жылқы, түйе сүтінен жасалынатын қымыз немесе шұбатпен шектелмейді. Ағарғаннан әзірленетін ас атаулы­ның қатарында айран, шалап, наурызкөже сусындары да бар. Белгілі мемлекет қайраткері, Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов Алматы облы­сын басқарған уақытында ұлттық сусындарды ұлықтауды өте керемет ұйымдастырған еді. Бір Талдықорғанның өзінен ұлттық тағамдарды ұсынатын көптеген қымызханалар ашқан болатын. Оның ішінде наурызкөже, бидайкөже, ұлттық тағамның неше түрі сатылатын. Неге осы тәжірибені барлық облыстарда қолға алмасқа? Бұл, біріншіден, елге жұмыс орны; екіншіден, табыс көзі; үшіншіден, салауатты өмір салты болар еді. Қазақтың төл Жаңа жылы – Наурыз жалпыхалықтық мереке болғандықтан, наурыз­көже әрбір үйде, әрбір дәмханада міндетті түрде болуға тиіс. Енді біз зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет құруға талпынып отыр­ғандықтан, жекеменшік дәмханаларға ұлттық сусындардың болуын міндеттемесек те, үгіт-насихат жұмыстарын көбірек жүргізуіміз керек секілді. Бұл ретте жұртшылық осы айда кафе-мейрамханаларға барғанда наурызкө­женің болуын талап етіп отырса, қандай жақсы болар еді. Өйткені біз нарықтық экономикада өмір сүріп отырғандықтан, сұраныс артқан сайын ұсыныс та көп болатыны сөзсіз. Егер халық асханаларда ұлттық сусындардың болуын сұрайтын болса, онда еліміздегі барлық дәм­ханалар, тіпті шетелдік кафе-мейрамханалар да өздері үшін табыс табу мақсатында міндетті түрде ас мәзірлеріне наурызкөжені енгізетін болады. Сондықтан адам ағзасына аса зиян «Кока-кола» мен «Фанталарды» ішкенше, бір сәт экологиялық таза, табиғи өнімдеріміздің дәмханаларда, дүкен сөрелерінде тұруын талап ететін болсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Камал БҰРХАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
–Менің болжамымша, 5000 жылдан бері ата-бабаларымыз Наурыз мейрамын атап өтіп келеді. Бұл мереке біздің ұлттық мейрам, қазақтың Жаңа жылы болып есеп­теледі. Ұлыстың ұлы күні, күн мен түннің теңес­кен уақытында қазақ халқы тал егіп, «Самарқанның көк тасы еріді» деп араздас­қандар бір-бірімен татуласып мәре-сәре болып жатады. Әрине, қазір еліміздегі дәм­ха­налардың барлығы жекеменшіктің қолын­да. Оларға мемлекет тарапынан қаулы шы­ға­рып, «Наурыз күні наурызкөже жасаңдар» деп ешкімге талап қоя алмаймыз. Дей тұрсақ та, бұл мерекені бүкіл ел болып атап өтетін болғаннан кейін барлық дәмхана иелері өз бастамаларымен ұлттық құндылықтары­мыз­ды жоғарылату мақсатында ас мәзіріне нау­рыз­көжені қосып, оны арзан бағамен сатса, тіпті реті келсе, жоқ-жітіктерге қайырым­ды­лық жасап тегін таратса, ол үлкен сауапты іс болар еді деп ойлаймын.