Дәстүр

Наурыз ойындарының аясын тым тарылтып алған жоқпыз ба?

  • Наурыз ойындарының аясын тым тарылтып алған жоқпыз ба?

    Наурыз ойындарының аясын тым тарылтып алған жоқпыз ба?

– Ертең менімен бірге ауылға жүрсеңші, Наурыз мерекесіне орай бізде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Балуандар күресін көріп қайтасың. Артынан аламан бәйгемен көкпар тартысты да тамашалармыз.

– Ал қыз қуу, теңге ілу немесе аударыспақ сияқты ойындар бола ма? Өмірімде бұл ойындарды көрмеп едім.

– Һа, ондай ойындарды түсіңде, не болмаса теледидардан ғана көресің. Қазір бұл жарыстар мүлдем өтпейді ғой.


Наурыз мерекесінің қарсаңында кездесіп қалған екі достың әңгімесінен үзінді келтіріп отырмыз. Шынында да, cіздерді қайдам, өз басым қыз қуудың қандай ойын екенін «Шабандоз қыз» фильмінен ғана көріппін. Ал теңге ілу мен аударыспақты тек суреттен ғана тамаша­лағаным болмаса, теледидардан да көрген емеспін. Ашығын айтқанда, ұлттық ойын­дарымыздың бұл түрлері маған ғана таңсық болмаса керек-ті. Ендеше неге төл ойындарымызды тым құрығанда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде ұлықтамасқа? Неліктен Наурыз мерекесіндегі ұлттық ойындарымыздың аясын соншалықты тарылтып алдық?

Бәйгеден басқа білетініміз жоқ па?

Қазақтың ұлттық спорт түрлері өте көп. Қанша екенін санап бітпейсің де. Бірақ неліктен екені белгісіз, қолданыста бары оншақты ойын ғана. Наурыз мерекесінде де сол. Тек ат жарысы, көкпар, күрес қана басты назарда демесеңіз, қалған ойындар­дың өтіп жатқанын мүлдем көрмейсің. Шынтуайтына келгенде, көкпар тартысқан алаңда қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, құс салу, жамбы ату, ат үстіндегі сайыс, қамшы тастау, қайыс тарту сынды ұлттық өнерлерді де ұйымдастыруға болады емес пе?! Көп­шілік үшін бұл ойындардың да өте қызықты болатыны сөзсіз еді. Әйтпесе басқа мере­келер былай тұрсын, Ұлыстың ұлы күнінің өзінде төрт-бес спорт түрінің аясынан ары аса алмай жүрген жайымыз бар. Ал, негі­зінен, қазақ халқы 1917 жылға де­йін Нау­рыз мейрамын көктемнің алғашқы тәулі­гінен бастап 30 күн ойын, 40 күн тойын өт­кізетін болған екен. Мұны көнекөз қа­рия­лар растайды. Сонда бір айда ұлттық спорттың қаншама түрінен жарыстар өте­тінін көз алдыңызға елестете беріңіз. Әлде бүгінгі­дей тек айналдырып ат шаптыра берді деп ойлайсыз ба? Қазіргі жағдай қалай? 2010 жылдан бастап Ұлыстың ұлы күнін үш күн тойлайтын болғанбыз. Бұған, әрине, қуанамыз. Бірақ соның бірінші күні ғана өз дәрежесінде өтіп, жер-жерлерде ұлттық ойындар ойнатылады да, қалған күндері теледидар алдына телміріп, мере­келік бағ­дарламаларды аңдитынымыз жа­сы­рын емес.

Орталық алаңдарда да ұлттық ойындар өте аз

Наурыз мейрамында отбасымен қала­ның орталық алаңына барып, серуен­деп қайтпайтын қазақ жоқ шығар, Әдемі көрі­ніс, иә?! Халық ығы-жығы, шат-шадыман. Әр жерде наурызкөже таратқан әжейлер. Бірінен-бірі асыра тігілген киіз үйлер. Әйтеуір, мерекенің бірінші күні Наурыздың, шынымен де, жалпыұлттық мейрам екенін сезініп қаласың. Бірақ тағы да әттеген-ай, ұлттық ойындарымыз орталық алаңда да тым жұтаң. Ары кетсе балуандар белдесіп, білектілер қол күрестіріп жатады. Бұрында­ры арқан тартыс ойындарын да ара-тұра көріп қалушы едік, бүгінде ол да қалды. Әлде орталық алаңдарда қол күрес пен белдесуден басқа ұлттық спорт түрлерін өткізуге жағдай жасалмаған дейсіз бе? Неліктен бозкілем төсеп тастап, арқан тартыспасқа. Неге ортаға көлік қойып, оны тіспен, тым құрығанда қолмен сүйремеске? Неге көпшілік арасынан бозбалалар мен қыздарды жинап, ақсерек ойнатпасқа? Неге бүлдіршіндер арасында айгөлек ойнатпасқа? Неге қымыз ішуден мешкейлер ойынын өткізбеске? Тауық күрес те көпші­лік­тің көзайымына айналар еді. Доппен ойналатын ойындардың да ұлттық нақыш­тағы көптеген түрі бар. Олардың барлығын, ең болмаса, неге Наурыз мейрамында еске түсірмейміз. Неліктен алаң ортасына алты­бақан орнатып, ғашықтарды тербетпеске? Рас, алаңдарда алтыбақандар бар. Бірақ теуіп жатқан ешкімді көрмейсің. Көбіне сән үшін ғана тұрғандай көрінеді. Кешкісін ақсүйек ойнатуға да болар еді, бірақ тағы да сол, қолға алатын ешкім жоқ. Егер мұның барлығы жүзеге асып жатса, жас­тарымыз қуанып, шетелдіктер өнері­міз­ге тамсанып жатар еді.

Әлбетте, мұның барлығын реттеу үшін әкімшіліктің бір бөліміне жауапкершілік жүктеу керек шығар. Бәлкім, қалалық жастар саясаты жөніндегі басқармалардың айналысқандары дұрыс па?

Тир атқанша неге садақ тартпаймыз?

Ұлыстың ұлы күні Алматының саябақ­тары мен Көктөбесінде аяқ алып жүре ал­май­сың. Бірінші күні орталық алаңда өткен мерекелік концертті көріп қайтқан жастар келесі күндері саябақтарда серуен­дегенді жөн көретіні жасырын емес. Бесік арбадағы баласын тербеткен жас ата-ана, қол ұстас­қан ғашықтар, әзілдері жарасқан достар, барлығын да осы жақтан табасың. Бірақ мұнда да ойнайтынымыз – өзімізге жат ойындар. Тир атамыз, сусындардан боса­ған қаңылтыр құтыларды доппен құлатып жатамыз, рөлі бағынбайтын вело­сипед­терді айдауға талпынамыз, үйіле ілінген жіптердің біреуін суырып, ғашығымызға ойыншық ұтып беруге тырысамыз. Өкініш­ке қарай, арасынан бірде-бір ұлттық ойы­ны­мызды көрмейсің. Неге тым құрығанда осы Наурыз мереке­сінде тирдің жанында садақ тартқыз­баймыз. Ал садақ тартудың қызығы тир атудан артық болмаса, кем түспейді. Тіпті, бір жиында көрмеге қойыл­ған ежелгі қазақ садағының адырнасын төрт-бес жігіт жабылып, әзер идіргенін өз көзіммен көргенмін. Әлбетте, қазір ондай садақтар­ды жоғарыда атап өткенімдей тек көрме­лерден ғана көреміз. Бірақ әлгіндей ойын­дарға арналған заманауи үлгідегі садақтар да бар емес пе?!

Сондай-ақ қаңылтыр құтыларды доп­пен ұрып құлатқанша неге асық ойнат­паймыз? Қолына сақа беріп, «бір атқанда қаз-қатар тізілген асықтардың бесеуін ұшырсаң, ұтыс аласың» деп жарнамаласа, өз өнерлерін сынауға барлық жастар кезекке тұрар еді ғой. Ләңгі тебуді де ұмы­тып барамыз. Оқушы кезімізде бір орында тапжылмай 100 рет ләңгі тебуші едік, қазіргі бозбалалар онның өзін әзер тебетіні жасырын емес. Неге бала кезімізден қал­ған осы ойынды да қайта қолға алмасқа.

Иә, мұның барлығын Алматыдағы Көктөбе және басқа да саябақтардың әкімшіліктері бірінші ретте ұсыныс ретінде қабыл алса дұрыс болар еді. Дегенмен «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей бұл барлық қаланың саябақта­рына қатысты айтылған сын.




Көрілген: 3122    Пікірлер: 0

бейсенбі, 21.03.2013, 12:03

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30