Ғибадат

Мұсылман әлемі қалай айттайды?

  • Мұсылман әлемі қалай айттайды?

    Мұсылман әлемі қалай айттайды?

Қасиетті Құрбан айт – дүние­жүзіндегі 1,5 мил­лиард­тан астам мұсылман баласы үшін ұлық мереке. Бүкіл әлем бойынша БҰҰ-ға мүше тәуелсіз елдердің қатарында 50-ден астам мұсылман мемлекеті бар деп есептеледі. Мұсылман елдерінің көпші­лігін­де дерлік Құрбан айт мей­рамы мемлекеттік дең­­гей­де аталып өтіледі. Күллі мұсылман қауымын ізгілік пен мейірімділікке жете­лейтін қасиетті Құрбан айт мерекесінің әр елде той­ла­нуының салт-дәстүрлік ерек­­шеліктері – өз алдына бір әңгіме.


Сауд Арабиясындағы құрбандық шалу жобасы

Араб елдерінде, Сауд Ара­бия­сында Құрбан айт мерекесі «Ид әл-Адха» деп ата­ла­ды. Арнайы жоба бойынша былтырлары Мекке түбіндегі аса үлкен «әл-Муайсам» қасапханасында 700 мың­нан астам қой, 10 мыңнан аса ірі қара мен түйе құрбандыққа шалыныпты. «Әл-Муайсам» қасап­ха­на­сын­дағы құрбандық шалу рәсіміне 18 мың қасап­шы, 730 вете­ринар, 77 шақты дін оқуын­да жүрген сту­дент атсалысқан екен. Жалпы, бұл жоба аясында 1983 жылдан бері 4 мил­лион­нан астам мал құрбандыққа шалын­ған.

Түріктер Құрбан айтта туыстарымен табысады

Түркияда Құрбан айт күндері төрт күн демалыс жарияланады, бірақ іс жүзінде мектептер мен бірқатар мекемелер апта бойы демалысқа шығады. Құрбан шалған адам кешкісін мұқтаж адамдарға дас­тар­қан жаяды. Түрік ағайындар бұл мерекеде үй-іші, ағайын-туысымен бас қосып, арқа-жар­қа болып қалады.

Әзірбайжандықтар үшін айттың мәні – мейірімділік

Әзірбайжан мұсылмандары айт күн­дері құрбан шалып, кедей-кепшіктерге үлестіреді. Бакудегі жамағат Тезепир деген бас мешітке жиналып, айт мейрамын атап өтеді. Бұл діни мей­рамның мәні – мейірімділік, қайырым­ды­лық, адамдарға сүйіспеншілік сыйлау.

Марокколықтар әндетіп айттайды

Мағырыптағы, яғни Солтүс­тік Африка елі Мароккода Құр­бан айт мерекесі «Ид әл-Бабыр» деп аталады. Бойына жақсы киімдерін киген марокколықтар таң ата айт намазын оқу үшін ме­шітке ағылады. Айт нама­зы­нан кейін олар көшеге жиналып, Аллаға тәкбір айтады. Бұдан соң имамның уағызын тыңдап, Құран сүрелерін оқып, салат әл-идайн ғибадатын орындайды. Содан кейін құрбан шалу рәсіміне кіріседі. Марокколық мұсыл­ман­дардың бір ерекшелігі – айтта болсын, қуа­нышты-қайғылы күндері болсын әуен­детіп жүреді.

Малайзиялықтар айт мейрамында ұлттық киім киіп, ұлттық тағамдар пісіреді

Малайзия жұрты үшін Құрбан айт мей­рамы – жаймашуақ отбасылық мереке, бір күні демалып, ертесіне жұмыс­қа кірісіп кетеді. Малай халқы айт күні азанда на­мазға ұлттық киімін киіп барады. Ер-азаматтар «баджу мелайю» деп аталатын ұзын жең жейде, кең шалбар кисе, әйелдер «баджу куронг» көйлегін киеді. Айт нама­зынан кейін ата-аналарының үйіне сәлем беріп шығады. Әрбір ықшамаудан тұр­ғындары бір сиырды бірігіп сатып алып, құр­бандық шалады. Құрбандыққа шалын­ған малдың етін бірігіп пісіріп, мұқтаж жан­дарға, достарына, туыстарына тара­тады. Олар мейрам күндері «ренданг» сияқты ұлттық тағамдарын дайындайды. Малай­зиялықтар үшін адамның тоқ болуы маңызды, сондықтан да олар бір-бірінен «қалың қалай?» деп емес, «қарның тоқ па, тамақ іштің бе?» деп жөн сұрасып жата­ды.



Бір пікір:

Ғалия Қамбарбекова, Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институты Таяу және Орта шығыс елдері бөлімінің ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., ирантанушы:

– Иранда Құрбан айт үлкен дайындықпен тойланады. Бірақ қалай тойланатынын төрт топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші, Құрбан айт дегенде бірден қажылыққа бару мәселесі басты назарға алынады. Демек, ислам республикасы болған­дықтан, көбісі қажылыққа барғысы келеді және мыңдаған мұсылман жылдар бойы қажылық сапарына бару үшін сарыла кезек күтеді. Кімнің кезегі биылға түссе, ол адам бар ықыласымен осы сапарға дайындалады. Туыстары, таныстары ақша беріп, Меккеде біздің де атымыздан құрбан­дық шал деп өтініш жасайды. Иранда арнайы мемлекеттік қажылық ұйымы жұмыс істейді. Бұл мекеме Құрбан айт жақындаған сайын арнайы ұшақ рейстері ұйымдастырылып, оларды арнайы шығарып салып, арнайы күтіп алады. Әдетте әрбір қажыға қызығушылықпен, құрметпен қарайды. Яғни ирандықтар үшін Құрбан айты қажылық парызын өтеуді еске салады. Екінші, елде қалғандардың ішіндегілері мүмкін болғанша құрбандық шалуға тырысады. Халықтың саны көп, ал Тегеран 17 милллионға жуық халқы бар қала болғандықтан, қаланың сыртына арнайы мал сататын және мал соятын жер дайын­дайды. Әрбір малдың арнайы малдәрігері берген анықтамасы болады. Әдетте құрбандыққа қой шалады. Әрбір отбасы құрбандық шалады деп айта алмайсың, бірақ әр махалледе бір құрбандық шалынып, көрші-қолаңды, бүкіл махалле тұрғындарын құрбандықтан дәм татуға шақырады. Негізінен, үлкен шаһарға қарағанда шағын қалалар мен ауыл-ауылдарда Құрбан айт жақсы тойланады. Үшінші, Иранда мүлдем құрбан­дық шалмайтын және мұсылман бола тұра, құрбандық шалуға қарсы топтар да бар. Олардың пікірінше, малды сойып қан ағызғанша, бір тал еккен абзал. Осы қарсы топ Құрбан айтқа дейін ораза тұтып, аш жүреді. Құрбан айт біткен соң да ораза ұстайды. «Мұсылмандық – тамақ жеп, қонақ шақырып, ақшаны шашу емес»  деп санайды бұл топ. Егер артық ақша болса, ол ақшасын кедей-кепшікке таратады. Тура осындай үндеулер қазір фейсбук беттерінде де көбейе бастады. Бұл – жылда болатын жайт. Төртінші, зорастризм дінін ұстанатындар Құрбан айтта мұсылмандардың мал сойып, қан ағызғаны барынша теріс қылық екенін айтып, ел арасына бұл істі істемеу керектігін таратады. Бұл жайт та фейсбук парақ­ша­ларында жылда көрініс табады.





Көрілген: 2732    Пікірлер: 0

сенбі, 12.10.2013, 13:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30