Дат, тақсыр!

Қызылорда атауын өзгертетін уақыт жетті

  • Қызылорда атауын өзгертетін уақыт жетті

    Қызылорда атауын өзгертетін уақыт жетті

Соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері Қазақстан дүние жүзіндегі дүйім жұртқа өз алдына түтін түтетіп, кемел келешекке қадам басқан тәуелсіз мемлекет ретінде танылып отыр. Ата-бабалар ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың арайлы таңын, шұғылалы шаттығын көру бүгінгі буынның маңдайына жазылған екен. Оған тәубе дейміз. Қуанышымыз ұзағынан сүйіндірсін! Еліміз бейбітшілік бесігі тербетіліп, береке мен бірліктің арқасында жарқын болашаққа жете берелік. Енді осы жарқын жолда кейбір кем-кетіктерімізден арылатын кез келген сияқты. Осы ретте «Алаш айнасы» арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген азаматтар көкейде жүрген ойларын ортаға салып жатыр. Қолдарлық бастама екен. Сондықтан мен де көптен бері мазалап жүрген мәселені Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлының назарына салғанды жөн санадым.

Қырымбек Елеуұлы, біз секілді қаншама ұлт пен ұлысқа тағдырдың талайымен одақтас мемлекеттің құрамында болуды өмірдің өзі бұйыртқаны тарихтан белгілі. Кедей-кепшік пен саны аз ұлттардың құқын қорғаймыз деген одақтың шын мәнінде әмірін қалай жүргізгені де бізге жақсы мәлім. Өздерін қызылдармыз деп жария еткен большевиктер қаншама жазықсыз жанның өмірін келте етіп, кейбір ұлттардың санын азайтуға күш салды. Кеңес одағы орнаған алғашқы жылдарда Қазақ елінің алғашқы астанасы ретінде сол кезде Ақмешіт атанған Қызылорда қаласы таңдалды. Осы орайда Қызылорда атауы неге таңдалды деген сауал төңірегінде ой бөлісіп көрсек, оның қызылдардың бас шаһары дегенді білдіретінін айқын аңғарамыз. Әрине, Қызылорда Қазақ елінің астанасы ретінде бар-жоғы 4-5 жыл өмір сүргенімен, сол атау күні бүгінге дейін қаз-қалпында сақталып келе жатқаны ойлантады.

Қырымбек Елеуұлы, тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Қызылорда қаласының атауын өзгертуге байланысты сан алуан ұсыныстар айтылғанын Сіз жақсы білесіз. Кейбір кісілер қаланың бұрынғы атауы – Ақмешітке оралу қажеттігін айтып өтті. Дегенмен, оған оралудың ешқандай негізі жоқ деп ұғамын. Оның себебі де бар. Бұл қаланың іргесі әуелгіде Қамысқала деген атаумен 1818 жылы қаланғаны тарихта тасқа басылған. Одан бергі кезеңде Қоқан хандығының қоқан-лоққысына ұшыраған қала Ақмешіт бекінісі ретінде біраз жылдар бойы өмір сүрді. 1853 жылдың тамыз айынан бастап басқыншы, генерал Василий Алексеевич Перовскийдің есімімен 1922 жылға дейін аталып келді. Қала арада аз ғана уақыт Ақмешіт атауына қайта оралғанымен, 1925 жылдан бері Қызылорда атауын иеленіп келеді. Мен ұзақ жылдан бері тарих мәселесіне назар аударып, әуесқойлық танытып жүрген жайым бар.

Әрине, қазақы ұғымға салсақ қызыл мен орда сөзінен біріккен қала атауының ешқандай сөкеттігі жоқ секілді. Алайда, бәз-баяғы жылдарда келмеске жеткен қызылдардың кезеңін бірден еске түсіретін Қызылорда атауын әлі күнге дейін сақтап отыр ешқандай қисынға келмейді. Оған қарсы пікір айтқандар қала атауының қазақтың қос сөзінен бірігіп тұрғанын көлденең тартады. Менің ойымша, Қызылорда атауы бүгінгі күннің талаптарына ешқандай сәйкес келмейді. Бұдан бұрын да қала атауын өзгерту жөнінде ұсыныс айтып келемін.

Оған себепші болатын жағдайлар жөнінде тоқтала кеткеніміздің артықтығы болмас. Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп отыр. Қызылдардың, большевиктердің кезеңі әлдеқашан келмеске кеткен. Соған қарамастан біз Қызылорда атауына жармасып, оны алмастыру жөнінде ешқандай әрекет жасай алмай жүрген жайымыз бар.

Қызыл сөзіне қарсылығымыз жайында тағы да бір дәлелді деректерді алға тарта кетелік. Жалпы, біздің халқымыз Кеңес одағының теперішін аз көрген жоқ. Қазақтар аштықққа ұшырап, басын сауғалап, жан-жаққа бытырауға мәжбүр болды. Одан бергі уақытта қазақтың қаншама жақсы мен жайсаңы жазықсыз қудалауға ұшырап, олардың кейбірі солақай саясаттың әмірімен ажал құшты. Айналып келгенде, осының барлығы біз үшін қызыл сөзінің қаншама қасіретті болып отырғанын дәлелдей түседі. Ендеше, біз бүгінгі егемендікке қол жеткізген ел ретінде Қызылорданы жаңаша атауға мән бергеніміз жөн деп санаймын.

Қызылорда қаласын жаңаша қалай атау жөнінде арнайы референдум өткізу деп санаймын. Көп болып келісу арқылы жұрттың көңілінен шығатын жаңаша атау пайда болады. Ал менің жеке ұсынысым – қаланы жаңаша атауы Сырдарияға байланысты қойылса деймін. Өйткені, Орта Азия құрлығын қақ жарып ағып жатқан ұлы өзеннің басым бөлігі Сыр өлкесінде жатыр. Сол өзен арқылы жергілікті жұрт несібесін теріп, берекелі тіршіліктің қазанын қайнатып отыр. Облыс пен қаланың атауын Сырдария деп атасақ та артық емес. Сондай-ақ, елдің аузында жүрген Алашорда, Сырорда секілді атаулар жөнінде де ойласқанымыз жөн.

Құрметті Қырымбек Елеуұлы, ел қадірлейтін білікті басшы ретінде Сіз осы айтылған ойларға назар аударады деген ойдамын.

Әбілхан Еңсегенов, Қызылорда қаласының тұрғыны.




Көрілген: 4350    Пікірлер: 6

дүйсенбі, 16.06.2014, 11:06

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30