Шүлбі Семейге төніп тұр

07 тамыз 2014, 14:09

Семей қаласынан 70 шақырым биіктікте орналасқан Шүлбі ГЭС-іне қатысты қандай әңгіме қозғалса да семейліктер бей-жай қарай алмайды. Әсіресе, көктем мен жаз айларында. Көктемде ГЭС қоймасындағы судың көтеріліп, лақ етіп ақтарылуға шақ тұратыны туралы қауесеттің құлағы қылтиысымен қала тұрғындарының арасында дүрбелең туса, жазда Шүлбіге суға шомылып қайтуға барғандардың суға кетіп, қайғылы жағдайға ұшырағандары да кездескен.

©Алаш айнасы инфографикасы
Қалай дегенмен де су қоймасының жоғарыда тұрғаны етектегі Семейдің тұрғындарына жайлы тие қоймайды. Іргетасы 1976 жылы қаланған су электр стансасының жалпы ұзындығы 63 шақырымды құрайды. Кеме жүзу мүмкіндігі де осал емес: су қоймасының бастапқы және орта бөлігінің тереңдігі 2 метрден 7 метрге дейін барады. Нақты дерегіне сүйеніп айтар болсақ, айдындағы толқынның ең үлкен биіктігі Ковалевки өзені құйылысы аймағында солтүстік-батыс желімен 2 метрге дейін қамтиды. 6 гидроагрегаттан тұратын су қоймасының соңғысы 1997 жылдың желтоқсан айында іске қосылған екен. Алайда, ГЭС құрылысының әлі күнге дейін аяқталмай келе жатқаны көңілдегі алаңды сейілтетін емес. ГЭС 1997 жылдан бастап 20 жылға AES компаниясының қарамағына жалға берілгенде аталмыш компания оның құрылысын аяқтап, кеме жүзетін шлюздерді эксплуатациялауға тиіс болатын. Бірақ, арада 6 жыл өткенде кеме жүзетін шлюздер мемлекет қарамағына қайтарылып, мемлекет қаржысына қайта қалпына келтірілді. Шлюз алғаш рет 2005 жылдың көктемінде өндіріске енгізілгенімен, бүгінгі күнге дейін ГЭС-нда екінші мәрте құрылыс жұмыстарын жүргізу мәселесі қашан шешімін табары беймәлім. Әрине, ештеңе біткен жоқ деуге тағы болмайды. Қазақстандағы AES компаниялар тобының қоғаммен байланыс қызметінің директоры Светлана Нищенконың БАҚ-та тартқан мәліметіне сүйенсек, Өскемен ГЭС-інде жаңа инженерлік-тұрмыстық корпус құрылысын салу және Шүлбі ГЭС-інде де қайта жаң¬ғыр¬ту жұмыстары жүргізілуде.
Мұның бәрі келешектің қамы болып көрінгенімен бей-жай қарауға болмайтын бір қауіп бар. ГЭС-тің топырақ бөгетінің қауқары қаншалықты екендігі бір Аллаға ғана аян. Семейліктердің көктем сайын Шүлбіден келер қауіпті ойлап, атар таңға аман жетуін тілеп шығатынын ешкімнен жасыруға болмас. 2011 жылы наурыз айының ортасында су қоймасының апатты жағдайда тұрғаны туралы қауесет қала тұрғындарын қатты абдыратқан. Мәселенің байыбына бармастан, Водный, Шығыс кентінің тұрғындары түн ішінде үйлерін тастай қашып, қала орталығындағы туыстарын барып паналаған қызық оқиға орын алды. Нақ осы сәтте қала құрамындағы екі кенттің иесіз қалғанын ұтымды пайдаланған ұрлықпен айналысатын топ көптеген үйлерді емін-еркін тонап кеткен жағдай да елдің есінде. Бүгінгі күнде күлкілі көрінгенімен, «біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналадының» кері туған осы жағдай Шүлбіден шыққан шудың кесірі еді.
Шүлбі ГЭС-індегі топырақ бөгетінің Семейге қауіпсіздігі туралы тиісті орындар нақты ақпаратты қашан айтары белгісіз.
Осыған байланыс «Алаш айнасы» интернет-сайты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа үшбу хат жолдап, осы мәлеге қатысты нақты шешімдер мен нұсқаулар беріп, зерттеу жұмыстарына қолғабыс етуіңізді сұрайды.