Дат, тақсыр!

Сот орындаушылар Ата заң талаптарын неге ескермейді?

  • Сот орындаушылар Ата заң талаптарын неге ескермейді?

    Сот орындаушылар Ата заң талаптарын неге ескермейді?

Қазір банкке де, басқаларға да қарыз емес қазақты табу қиын. Тіпті осы қарыз деген қасірет талай қазақтың отбасын шайқады, өмірін қиды. Ипотекалық несиеге баспана алып, қарызын қайтара алмай жатқан борышкерлер де жалғыз пәтерінен айрылып, бала-шағасымен шырылдап далада қалуда. Тіпті басындағы жалғыз баспанасын қорғаймын деп қаншама отбасы аштық жариялады, тіпті кейбірі асылып қалды, өз-өзін өртеп жібергендер де кездесті. Бірақ өкінішке орай, бұған селт етер тиісті органдар табылмай отыр. "Алаш айнасы" интернет басылымы жалғыз баспанасынан айрылған қазақтың тағы бір оқиғасына куә болды.

Жақында «жалғыз баспанамды банкке бермеймін» деп шырылдаған азаматшаға қатысты сот отырысы болып өтті. Борышкер Жанна Ерланқызы «БТА ипотека» банкінен 26 миллион теңгеге ипотекалық несиемен баспана алған. Осы уақытқа дейін оның 6 миллион теңгесін өтеген. Алайда кейін жұмыстан шығып, түрлі жағдайларға байланысты несиесін уақыты төлей алмай қалады. Осы ретте банк қызметкерлері қарызды қайтарып алу үшін оны сотқа береді. Алматы қалалық соты «ақша өндірілсін» деп шешім шығарады. Сот шешімі орындалуға жіберіледі. Алайда сот орындаушылары сот шешімін орындау барысында оның атында басқа жылжымайтын мүлкі бар ма, банктік есеп шотында қаржы бар ма, жоқ па, ол жағынан тексеріс жүргізбей, қарыздың орнына үйді алсын деп ұйғарым шығарған. Ал «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының 57 бабында: «Кепілге салынған мүліктен өндіріп алу туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландыра отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады», - делінген. Яғни сот орындаушысы алдымен соттың атына ұсыныс жасауы керек. «Мен жауапкерді тексердім, оның банктік шотында ақша жоқ, ол азаматшаның атында басқа үй немесе жер жоқ. Оның қарызды қайтаратын жағдайы жоқ. Сондықтан несиеге алған баспанасын алып, қарызды жабуға шешім шығаруыңызды сұраймын», - деп сотқа ұсыныс жасайды. Егер сот оның ұсынысын қанағаттандырса ғана ол үйді тартып алып, банкке бере алады.

Бағдат БАЙМҰХАМБЕТОВ, Жанна Ерланқызының өкілі:

–Жанна Ерланқызы материалдық жағдайына байланысты сот шешімін өз жағынан орындап отырды. Бірақ сот орындаушы өз еркімен ұйғарым шығарып, баспананы банкке өткізе салып отыр. Бұл ешқандай заң талаптарына сәйкес келмейді. Өйткені сот орындаушының бірінші мақсаты – сот шешімі бойынша қарыз ақшаны өндіріп алу, бірақ бұл үйда тартып алу дегенді білдірмейді. Демек ол соттың «ақша өндірілсін» деген заңды күшіне енген шешімі негізінде жұмыс жасауы тиіс. Ал ол болса соттың шешімін орындамай, «қарыздың орнына үй берілсін» деп өзі ұйғарым шығарады да, Әділет департаменті арқылы Жанна Ерланқызының атындағы үйді алып, банктің атына тіркеп қояды. Бұл – заңсыздық. Өйткені біздің мемлекетіміздің демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституциямызда, яғни Ата Заңымыздың 25-бабының 1-ші бөлімінде: «Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деп анық жазылған. Ал бұлар Ата Заңымыздың осы бабына мән бермей, сот шешімінсіз үйді тартып алып отыр. Бұл заңсыздық емей немене?

Шынында да Ата Заңымызда сот шешімінсіз үйді тартып алып қоюға жол берілмейді делінген. Оның үстіне ҚР Президенті, Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылықтың жалғыз жылжымайтын мүліктерін тартып алуға болмайтынын ауызша ескерткен болатын. Ендеше судьялар мен сот орындаушылар Мемлекет басшысының осы нұсқауын неге орындамайды? Қарызгерден дереу үйді тартып алғанша жауапкерге мүмкіндігінше қарызды қайтаруға кеңес бермей ме? Әйтпесе қазір қанша адам жалғыз баспанасынан айрылып, өмірден баз кешуде. Ал Ата Заңымызда мемлекеттің ең басты қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, денсаулығы делінген жоқ па еді? Алайда мемлекетіміздің басты байлықтары өмірден баз кешіп, шарасыздықтан өз-өзіне құл жұмсар болса, бұл әрі-беріден соң елдігімізге, мемлекеттігімізге сын емес пе?

Бағдат БАЙМҰХАМБЕТОВ, Жанна Ерланқызының өкілі:

–Біздің негізгі талабымыз – сот орындаушының ұйғарымын заңсыз деп тану және үйді қайта Жанна Ерланқызының атына аудару. Енді біз ай сайынғы несиені 40 мың теңгеден емес, 50-60, тіпті 100 мың теңгеден төлеп тұруымыз мүмкін. Өйткені несиеден ертерек құтылуды кім қаламайды дейсіз? Кім жұртқа қарыз болып жүргісі келеді? Адам өзі үшін несиемнен құтылсам екен деп жанталасады. Бірақ енді бұл жерде «БТА ипотека» АҚ үйді қайтармаймыз деп отыр. Олар үйді өз аттарына аударып, баспанадан шығаруды талап ететін болады.

Міне, осылайша тағы бір айрандай ұйып отырған отбасы үйсіз-күйсіз далада қалмақ. Өйткені банк тағы да сотқа үйді босатсын деген талап арызбен жүгінетіні сөзсіз. Себебі ол үй банктің атында. Енді бұл істің ақ-қарасын ажырататын біз емес, тиісті органдар заң шеңберінде әділ шешім шығарады деген ойдамыз. Алайда күні кеше ғана Бағдат Баймұхаметұлы сот бірінші соттың шешімін заңды күшінде қалдырып, жауапкер Жанна Ерланқызының аппелияциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырғанын айтты. Енді жалғыз баспанасын банкке бермеймін деп шырылдаған Жанна Ерланқызы кассациялық сотқа шағым түсірмек. «Одан әрі қарай Жоғарғы сотқа дейін барамыз», - дейді оның заңды өкілі Бағдат Баймұхаметұлы. Сонда дейміз-ау, судьялар да, сот орындаушылары да Ата Заңымызда жазылған сот шешімінсіз үйді алып қоюға болмайды дегенді білмегені ме? Әлде біле тұра, Ата Заңға бағынбағаны ма? Неге олар Ата Заңның талаптарын ескермейді? Сондықтан ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы ретінде Қайрат Мәми мен ҚР Әділет министрі ретінде Берік Имашев мырзалар елімізде жалғыз баспанасынан айрылғандардың мәселесі Сіздерді бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

Автор: Серік Жұмабаев




Көрілген: 2368    Пікірлер: 1

сейсенбі, 15.07.2014, 11:06

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31