Дат, тақсыр!

Тағы да жер сілкінсе Қарағанды жер астына түсіп кетпей ме?

  • Тағы да жер сілкінсе Қарағанды жер астына түсіп кетпей ме?

    Тағы да жер сілкінсе Қарағанды жер астына түсіп кетпей ме?

Қырда орналасқан Қарағанды «қыр» көрсетті. Алаңсыз күн кешкен жұртты әбігерге салмаса да, әжептәуір абыржытып тастады. Жер астында, 40 шақырым тереңдікте болған жер сілкінісі дүйім жұртты селк еткізді. Әуеліде «тағы бір шахта жарылды ма?» деп күмәнданған жұрт Жер-ананың сілкінісінен соң кеніші көп Қарағандының кеніштеріне қорқынышпен қарай бастады. Қарағандыдан 26 шақырымда болған жер сілкінісі, Қарағандының өзінде болса, қайтер еді? Ойлаудың өзі қорқынышты... 4,8 баллдық жер сілкінісі! Аз балл емес. Тіфәй-тіфәй! Айтқан жерде пәле жоқ. Өзімен кетсін. Онда жер асты толған шахта, «топ» етіп түсіп кетер ме едік, қайтер едік?.. Алла өзі сақтасын...

Көңілдегі күмәнді «Алаш айнасы» арқылы жеткізуді жөн көрдік.


Маусымның 21-індегі Қарағанды аймағындағы жер сілкінісі көңілге күдікті кеулеткенін несіне жасырайық. Мамандар техногендік емес, табиғи деп баға бергенімен, алаңнан әлі де арылғамыз жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Бірінші, бұл жер сілкінісі Қарағанды аймағында алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл сілкініс сонда Қарағанды аймағының мұндай апатқа ешбір дайындығы жоқтығын жайып салды. Яғни, сейсмологиялық орталық, сейсмологиялық карта деген атымен өңірде жоқ болып шықты. Демек, қаннен-қаперсіз отырған жұртты қауіп-қатер көзді-ашып жұмғанша қаусырып алуы әбден мүмкін еді. Бұл жолы Құдай сақтады. Өлім-жітім жоқ. Ал, енді осындай жер сілкінісінің қайталанбасына кепіл бар ма? Кім кепіл бола алады? Ешкім. Өйткені, бұл өндірісті аймақ. Қарағанды облысының асты – тұнған шахта. Сондықтан енді жер сілкінбейді деп кесіп айтуға әлі ерте. Бұл – екі. Тіпті, алда-жалда сондай қатер төнсе, қарағандылықтар қалай әрекет етуден мүлде бейхабар. Бас сауғалайтын, паналайтын жертөле түгілі, «жер сілкінісі бола қалса, не істеу керек?» деген сауалға жауап бере алмайды. Сол күні, 21 маусымда кейбір қала тұрғындары жеке куәліктерін ұстап алып, үйлерінен шығып, есік алдында жүрді. Басқа бас сауғалайтын жер жоқтықтан.



Себебі, бұған басшылық та, жұртшылық та дайын емес. Қаперсіз отырмыз. Қауіптің қайдан келтінін білсек те, бұған дейін бейқам күй кешіп келіппіз. Енді ше?

Қарағандының астындағы шахталар техногендік жер сілкінісіне түрткі болмасына да кепіл аз. Бұған қандай қарекет керек? Шахталары кенін ұңғып алып, асты қуыс шаһардың кіндігінде жер сілкінсе, қайтеміз? Қарағанды қақ айырылып, жер астына түсіп кетпей ме? Неге десеңіз, ол шахталардағы қуыстар толтырылып жатқан жоқ. Бос кеңістік, қуыс, қаңырап тұр.

Оның үстіне, Алматыдағы сейсмологиялық болжамдар қызметінің жетекшісі Виктор Инюшин Қарағанды облысында мұндай сейсмологиялық құбылыстар қайталанатын болады депті. Бұл қауіпке Қарағанды әзір ме? Жоқ. Ұзын ғұмырында жер сілкінісін білмеген қыр жұртшылығы қапыда қалмай ма? Көкеймізде сұрақ көп. Жауап жоқ, өкінішке орай.

Осы орайда есімізге түсіп отыр. Қай жылы екенін нақты білмеймін, бірақ тоқсаныншы жылдардың ортасында қайдан шыққаны белгісіз «Қарағанды жер астына түсіп кетеді пәленбай күні. Себебі, асты толған шахта. Ванга көріпкел айтыпты» деген қауесет гу ете қалған-ды. Бірақ Алла жар болып, ол қаңқу сөз жайына қалды. Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті. Сол қаңқудың шындықа айналуы әбден мүмкін екеніне өткен жер сілкінісі көзімізді жеткізді. Әлде, Ванга айтқан жер сілкінісі осы ма? Қалай дегенмен де, Қарағанды басшылығы бұл жер сілкінісінен сабақ алуы тиіс. Сейсмологиялық деген желеу емес. Шахталардың үстінде тұрған Қарағанды қапы қалып жүрмесін...

Әкімдік қандай шараларды қолға алып жатыр, бұл ретте Сіздердің тараптан қандай іс жасалуда? Құрметті әкім мырза, өзіңіз бір жауабын айтып, қалың көпшіліктің көкейіндегі сан сауалға нақты жауап берсеңіз екен.


Ақарыс Жатқанбай, Қарағанды қаласының тұрғыны, зейнеткер




Көрілген: 2324    Пікірлер: 0

сейсенбі, 01.07.2014, 13:05

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30