Дат, тақсыр!

Заңның былқылдақтығы адамдарды баспанасыз қалдырып отыр

  • Заңның былқылдақтығы адамдарды баспанасыз қалдырып отыр

    Заңның былқылдақтығы адамдарды баспанасыз қалдырып отыр

«Алаш айнасы» интернет басылымының өткен сандарының бірінде «Сот орындаушылар Ата заң талаптарын неге ескермейді?» деп материал жазғанымызды көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі. Онда борышкер Жанна Ерланқызы «БТА Ипотека» АҚ-нан ипотекаға үй алып, кейін ай сайынғы ақшасын уақытында төлей алмаған соң, сот орындаушылары соттың шешімінсіз-ақ үйді тартып алғанын көтерген болатынбыз. Жақында осы мәселеге қатысты Алматы қалалық Сот актілерін орындау департаментінің баспасөз қызметінен мамандар хабарласып, материал тек бір жақты жазылғанын, енді не үшін борышкердің атындағы үйді сот шешімінсіз банктің атына аударғанын түсіндіріп бергісі келетіндіктерін айтты. Әрине олардың жазылған материалға тез арада жауап беруге дайын екендіктерін айтқанда қуанып қалдық. Алайда біз заңгер емеспіз, бұл ретте олар түрлі заң баптарын алға тартып, өздерінің бұл әрекеттерінің дұрыс екенін дәлелдейтіні анық. Сондықтан біз бұл материал біржақты жазылмауы үшін борышкер адвокатының көмегімен мәселені жан-жақты талқылағанды жөн санадық. Сонымен...


Алматы қалалық Сот актілерін орындау департаментінің баспасөз қызметкері Жанна Абельдинова орыс тілді болғандықтан, бізге бұл істі қазақша түсіндіріп беретін маман тауып беруін өтіндік. Ол қазақша білетін бір сот орындаушының кабинетіне кіргізіп, төртеуміз (сот орындаушы, баспасөз қызметкері, адвокат және мен) қатар отырдық. Сот актілерін орындау департаментінің мамандары ҚР «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 57-бабы 2-тармағын алға тартты. Ол жерде былай белінген: «Борышкерде кепілге салынбаған мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда борышкердің мүлкіне кепілдік құқығы жоқ өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін кепілге салынған мүлік, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті және ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, сот ұйғарымы негізінде талаптары кепіл ұстаушының талаптарынан басым болатын кепіл ұстаушылар болып табылмайтын өндіріп алушылардың мүдделеріне өндіріп алынуы мүмкін. Кепілге салынған мүліктен өндіріп алу туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландыра отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады. Бұл жағдайда мүлікті өткізу кепілге салынған мүлікті өткізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Кепiл ұстаушы кепілге салынған мүлікті өзінде қалдыру туралы мәлімдеуге құқылы. Бұл жағдайда ол кепiл ұстаушының талабының алдында басым болып табылатын талаптарды өзінде қалдырылған мүліктің құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға міндетті», - деді сот орындаушылар.

Осы заңның бабынан не түсіндіңіздер? Шыны керек, біз бұл бап тармағында айтылғандардан ештеме түсіне алмадық. Өкінішке орай, бізде қазақша жазылған заңымыздың сиқы осы болып тұр. Енді бұл іске қатысты сот орындаушыларының айтқан сөздерін келтіре кетейік: «Біріншіден сот орындаушы мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін соншалықты құйтырқы заңсыздықтарға бармайды. Бұл жерде борышкерден қарызды өндіру туралы соттың шешімі бар. Сот орындаушы қарызды үйдің есебінен өндіру әрекеттерін жасаған. Жанна Ерланқызының өкілі «Сот шешімінсіз үйді тартып алу заңсыздық», - деп отыр. Бірақ ең бастысы, Жанна Ерланқызынан банктің пайдасына ақша өндіру туралы соттың шешімі бар ма? Бар! Сот орындаушы оны орындауға міндетті. Сол шешімді орындау барысында сот орындаушыларының өзінің атқарушылық заңы бар, осы заңның шеңберінде әрекеттер жасалынған. Бұл ретте борышкерден ақшаны өндіріп алушы да, үйді кепілде ұстап тұрған да – банктің өзі. Мұндай жағдайда біз сотқа шықпаймыз. Өйткені Жанна Ерланқызы борышкер, ал «БТА Ипотека» АҚ өндіріп алушы әрі үйді кепілде ұстаушы болып отыр. Бұл ретте біз ол үйді банктің атына аудару үшін ешқандай сотқа жүгінбейміз. Себебі кепілде ұстаушы да, өндіріп алушы да банктің өзі болғандықтан әрі банктің пайдасына өндіріліп жатқаннан кейін оған соттың шешімі қажет емес», - деп түсіндірді сот орындаушылар.

Ал енді Жанна Ерланқызының өкілі, заңгер Бағдат Баймұхамбетовтың сөзіне келетін болсақ, ол Ата Заңның 25-бабының 1-ші тармағы мен «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 57-бабының 2-тармағын негізге алды. Бірақ бір қызығы ол «...Сот орындаушылар мәртебесі туралы» Заңның 57-бабының 2-тармағын бізге басқаша түсіндіріп берді.

–Ол заңның 57-бабының 2-тармағында: «Кепілге салынған мүліктен өндіріп алу туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландыра отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады», - делінген. Яғни сот орындаушысы алдымен соттың атына ұсыныс жасауы керек. «Мен жауапкерді тексердім, оның банктік шотында ақша жоқ, ол азаматшаның атында басқа үй немесе жер жоқ. Оның қарызды қайтаратын жағдайы жоқ. Сондықтан несиеге алған баспанасын алып, қарызды жабуға шешім шығаруыңызды сұраймын», - деп сотқа ұсыныс жасайды. Егер сот оның ұсынысын қанағаттандырса ғана ол үйді тартып алып, банкке бере алады, - дейді Бағдат Жұмабекұлы. Сондай-ақ ол Ата Заңның 25-бабының 1-ші тармағын да түсіндіріп берді, онда: «Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді», - делінген.

Енді өздеріңіз ойланып қараңыздаршы, бұл заңның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, қай заңға бағынамыз? Бізде заңдарымыздың былқылдақтығын, қалай исең, солай қарай майыса салатынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Дегенмен еліміздегі ең негізгі заң Конституциямыз емес пе? Бәрі де Ата-Заңға бағынуы тиіс емес пе? Әр саланың заңдары, мейлі ол «... Сот орындаушылар мәртебесі туралы» Заң болсын, «БАҚ құралдары туралы» Заң болсын, басқа да толып жатқан заңдардың бәрі де Ата Заңның аясында жазылуы тиіс емес пе? Алайда бізде әр сала өзіне қатысты заң шығарып алып, оны Ата Заның аясында жасалмағандықтан, оның арты осындай түсініксіз дауларға ұласуда. Сонда осы заңды шығарарда Сот актілерін орындау комитеті, Әділет министрлігі қайда қарады?! Ал осы заңды қабылдауға атсалысқан халық қалаулылары неге қырағылық танытпаған? Біле білсеңіз, әр заңның артында адам тағдыры тұрғандықтан, олар ең бастысы әр заңның баптарына шұқшия қарап, жан-жақты талқылауы тиіс емес пе? Енді міне, осындай былқылдақ заңдардың кесірінен қарапайым халық басындағы жалғыз баспанасынан айрылып, далада қалуда. Елбасымыздың өзі азаматтарды жалғыз баспанасынан айыруға болмайтынын айтпап па еді?! Адамгершілік жағынан алып қарағанда тиісті органдардың осы әрекеті дұрыс па? Сот орындаушыларының өзі қазір «Бізде адамгершілік деген жоқ. Біз тек «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңға бағынамыз», - деп отыр. Енді бұдан кейін не айтуға болады? Демек бұл қарапайым халық ипотекалық несиесін уақытында төлей алмаса, сот шешімінсіз-ақ басындағы жалғыз баспанасынан айрылады деген сөз. Ал жалғыз баспанадан айрылу ең үлкен қасірет екені сөзсіз.

Бір қызығы, жақында ғана дәл осындай істі, біз әңгіменің өзегіне айналдырып отырған борышкер Жанна Ерланқызы секілді бір қарызгер «БТА Ипотека» АҚ-нан ипотекаға үй алған. (Жанна Ерланқызы да дәл осы банктен алған). Кейін оның ай сайынғы ақысын төлей алмаған соң, банк борышкерді сотқа берген. Сот «Қарыз қайтарылсын» деп шешім шығарып, бұл істі атқаруды сот орындаушыларына тапсырған. Алайда мұнда да сот орындаушылары қарызды қайтарудың орнына, борышкерден үйді тартып алып, банктің атына аудара салған. Жанна Ерланқызының да жағдайы қазір дәл осындай секілді болып тұр. Кейін әлгі борышкердің ісі кассацялық соттан өтіп, (Бұл ретте сот шешімінің барлығы банктің пайдасына шешілген), Жоғарғы сотқа дейін барған. Бір ерекшелігі, Жоғарғы сот бұл істі әлгі борышкердің пайдасына шешіп берген. Яғни соттың шешімінсіз үйді тартып алған сот орындаушыларының бұл әрекетін Жоғарғы сот заңсыз деп тапқан.


Қалай десек те, қазір заңымыздың былқылдақтығынан тағы бір бүтін отбасы үйсіз, далада қалайын деп тұр. Ал бұған ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мен ҚР Әділет министрі Берік Имашев, министрлікке қарасты Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мырзалар қалай қарайды екен? Жоғарғы шенді мырзалар бұл іске бір отбасының мәселесі ғана емес, жалпы қазақ халқының басындағы ең күрделі проблема деп қарап, істің әділ және заңды шешілуіне атсалысса екен дейміз. Бұл істің ақ-қарасын анықтап белгілі бір шешім шығару біздің құзырымыздағы мәселе емес. Дегенмен біз бұл істі соңына дейін бақылап, назарда ұстайтынымызды ескерткіміз келеді...




Көрілген: 2475    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 28.07.2014, 13:52

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30