Ал анығында Дәреттің үш түрі бар

30 қазан 2020, 08:36

Қазіргі кезде көп қазақтар "бес уақыт дәретім бар"деп тек бұтын жуып құлшылық еткенін мақтан тұтып төбемізді теседі. Ал анығында Дәреттің үш түрі бар.

 

Яссауи осы үш түрлі дәретті былай түсіндіреді: Оның алғашқысы ДЕНЕ дәреті, қазіргілердің мақтаныш көріп жүргені міне осы дене дәреті ғана. Екіншісі ЖҮРЕК дәреті. Үшіншісі ТІЛ дәреті.

 

Дене дәреті дегеніміз не?! Тұла бойың таза болмаса құлшылыққа қатыспа. Тазалық иманның жартысы деген хадис шәріпте. Асыл рух таза тәннің ішінде құлшылыққа құштар болады. Дене дәретсіз болса,асыл рух жиіркеніп, жиырылады. Рух шіркін қайраттанып,сілкініп, үнемі сергек тұрмаса нәпсінің уыты көңілге тез тарайды.

 

Жүрек дәреті дегеніміз не?! Ет- жүрекке күпірлік ұрығы түспесін. Өзіңді өзгеден артық көретін ойдың көкірекке енуіне жол бермеңдер. Тәкаппарлық жүректі былғайды.Көңілдің көзін қараңғылық пердесі қаптайды.

 

Тіл дәреті дегеніміз не?! Жалған сөз, өсек әңгіме, бос сөзден тілді пәк ұстау керек.Сондықтан адамның іші тазармай, ісі де ағармайды. Жан бақшасында жаратқанның бұлбұлы сайрамайды.

 

Хақтың жолын таңдаған мұсылмандар денесін ысқылап жуғанға мәз болмасын. Көңілін кір басқан мұсылманға жаратқанның парыздары салмақ боп сезіледі. Құлшылықтан рахат алудың орнына азаптанып, қиналады. Көңілдің кірі кетпей,Хақтың нұры жүректің көзін ашпайды. Тазалық тән мен жанда қатар жүруі тиіс!

 

Қ.А.Яссауи ДӘРЕТ алудың хикметін осылай ашқан болатын........

 

 

Қайрат Нұрлықасымұлы

Фейсбуктегі парақшасынан