АЛЛА ТАҒАЛА ҚАЙДА?

20 желтоқсан 2022, 15:55

Егер саған: «Алла қайда?» деса, Сен оған айт:

 

Алла Тағала өзінің білгіштігімен әрбірімен бірге, бірақ затымен емес. (Алла Тағала әрбір адамның не істеп, не қойғанын біледі, сол жөнінен алғанда әрбір адаммен бірге, бірақ затымен әрбір адаммен бірге дей алмаймыз, олай десек «Алла әр жерде» деген болар едік, бұл қате-ауд).

 

Ол өзінің шексіз құдіретімен әрбірінен үстем.

 

Сипаттарының барлық нәрседе көрініс табуымен, Ол - көрнеу (Зоһир).

 

Ал заты жөнінен, Ол  - көмес (заты бізге белгісіз). Яғни, оны әлдебір бейнеде елестету мүмкін емес (өйткені, бейнесіз, суретсіз).

 

Алла Тағала «тұсы» болудан және «денесі» болудан таза.

 

Оған қатысты: «Оның оңы, солы, арты, алды бар» деп айтылмайды.

 

Сондай-ақ, Ол арштың үстінде де, астында да емес, әрі арштың  оң жағында да, сол жағында да емес. Әлемнің ішінде де, сыртында да емес.

 

Және де Аллаға қатысты: «Оның мекенін өзінен басқа ешкім білмейді!» деп те айтылмайды. (Өйткені, олай  айтқан жағдайда «оның мекені бар, бірақ оны біз білмейміз» деген боламыз, бұл Аллаға мекен беру болмақ. Алла мекенсіз, мекені, жайы болудан пәк-ауд.).

 

«Алла көкте ме, әлде жерде ме, білмеймін» деген мұсылман кәпір болады, өйткені бұлай деген адам екеуінің бірін Аллаға мекен ретінде танып тұр. (Яғни, Алла көкте ме, жерде ме, білмеймін» деген адам: «екеуінің қайсысында екенін білмеймін, бірақ әйтеуір біреуінде» деген болып тұр, бұл болса Аллаға мекен беру болатындықтан олай деуші кісі кәпір болмақ, тәубе етуі тиіс-ауд.). 

 

Егер саған оған дәлелің бар ма? – десе, сен айт:

 

«Егер Алла Тағаланың тұсы бар болғанда немесе Ол қандай да бір тұста болғанда, белгілі бір орынды алып отырған болар еді (мүтәхаиз). Ал орын алушылардың бәрі  – жаратылғандар. Алла Тағаланың «жаратылған» болуы абсурд нәрсе. (Сол себепті, оның тұсы да, мекені де болуы мүмкін емес, өйткені әлдебір тұста немесе мекенде болу - жаратылғандарға тән сипат. Алла ондай кемшіліктен пәк, Құранда «Еш нәрсе ол сияқты емес» делінген, демек, жаратылғандар ешқандай жөнінен Аллаға ұқсас емес-ауд.).

 

ӘбульМахасин Мұхаммед Қауқшы: «Тәһзибуль Иғтимад филь Иғтиқад».

 

 

Абдусамат Қасым

Мazhab.kz