АЛЛАНЫ СҮЙГІЗІП, ЖӘННАТПЕН СҮЙІНШІЛЕТКЕН СҮРЕ

17 қараша 2020, 14:36

Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадис: 

 

Пайғамбарымыз ﷺ бір адамды қолбасшы етіп, әскерімен бір соғысқа жіберген еді. Бұл қолбасшы әскеріне имам болып, әр намаз оқытқанында екінші рәкәғатта Ықылас сүресін оқуды әдетке айналдырған. Соғыстан қайтқанда оның бұл әдетін Пайғамбарымызға ﷺ жеткізеді. Алланың елшісі ﷺ:

 

&ndash Оның не себепті бұлай істейтінін сұраңдар, көрейік! &ndash дейді. Әлгілер де одан бұл әдетінің себебін сұрайды. Ол да:

 

&ndash Ықылас сүресінде Рахман болған Алланың сипаттары айтылады. Осы себептен де Ықылас сүресін оқуды сүйемін, &ndash деп жауап береді. Оның бұл жауабына Пайғамбарымыз ﷺ:

 

&ndash Алла Тағаланың оны да сүйетінін оған сүйіншілеңдер, &ndash дейді (Бұхари, Мүслим, Нәсаи).

 

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадис:

 

Пайғамбарымызбен ﷺ бірге келе жатқан едім. Бір кезде Пайғамбарымыз ﷺ «Қул һуАллаһу әхад» сүресін (Ықылас сүресі) оқыған бір дауыс естіді де «Парыз болды!» деді. Мен:

 

&ndash Не парыз болды, уа Алланың Елшісі ﷺ? &ndash деп сұрадым. Пайғамбарымыз ﷺ:

 

&ndash Жәннат! &ndash деп жауап берді. Пайғамбарымыздың ﷺ бұл жауабын естіп, әлгі Ықылас сүресін оқыған адамға барып сүйінші сұрағым келді. Алайда Алланың Елшісімен ﷺ бірге тамақтану мүмкіндігімді қашырып аламын ба деп қорықтым. Сөйттім де Пайғамбарымызбен ﷺ бірге тамақтануды артық көрдім. Тамақтанып болған соң, әлгі адамды іздедім, бірақ орнынан таба алмадым, кетіп қалыпты.

 

Әбу Саид әл Һудриден жеткен хадис:

 

Бір адамның «Қул һуАллаһу әхад» сүресін қайта-қайта оқығанын көрдім. Ертесі күні мұны дереу Пайғамбарымызға ﷺ жеткіздім. Өйткені, әлгі адам оқығанын азсынғандай көрінді. Бұған Пайғамбарымыз  ﷺ:

 

&ndash Жаным қуаты мен билігінде болған Алланың атымен ант етемін, бұл сүре сауабы жөнінен Құранның үштен біріне тең! &ndash деді.

 

ЫҚЫЛАС СҮРЕСІ:

 

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

 

قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ ﴿١﴾ اللَّهُ الصَّمَدُ ﴿٢﴾ لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ﴿٣﴾ وَلَمْ يَكُن لَّهُ كُفُوًا أَحَدٌ ﴿٤﴾

 

Мағынасы:

 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Расулім ﷺ айт оларға: Ол Алла &ndash жалғыз. Алла &ndash мұңсыз. Әр нәрсе оған мұқтаж. Ол &ndash тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес.

 

Транскрипциясы:

 

Бисмилләһир Рахманир Рахиим

 

Қул һууаллаһу әхәд (1). Аллаһус самәд (2). Ләм йәлид уәләм йууләд (3). Уәләм йәкул ләһу куфууән әхәд (4).

 

 

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Ihsan.kz