Әйел тапқан табысын төркініне берсе, оны күйеуіне айтуға міндетті емес – имам

10 маусым 2022, 23:36

Нұрлан қажы Байжігітұлы көптің көкейінде жүрген бұл сауалдарға жауапты Экспресс К тілшісіне айтып берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Отбасында ерлі-зайыптылардың табысы ортақ болуы міндетті ме? Еркектің әйелінің табысына қол салуы дұрыс па? Ал әйел өз табысының белгілі бір бөлігін төркініне берсе, күйеуіне айтуы шарт па? Бұл туралы шариғат не дейді?

 

Имам Нұрлан Байжігітұлының ойынша, еркек отбасының асыраушысы, әйелінің қамқоршысы болуы шарт. Аяқ-қолы сау, бойында күш-қуаты бар еркек әйелдің қолына, яғни табысына қарамауы керек.

 

"Әйел қыз кезінде ата-анасының, бауырларының, ал тұрмысқа шыққан соң күйеуінің қамқорлығында болады. Ер азамат қалай ма, қаламай ма немесе ұнай ма, ұнамай ма, еркек әйелін, отбасын бағуға міндетті. Тек ер адам ауру болып, жұмыс істеуге денсаулығы жарамай, отбасын асырай алмайтындай халде болса, әйелдің табысына қарайды. Әрине, ондайдан Алла бәрімізді аман сақтасын", — деді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

 

Ал егер де отбасында әйелі де, ері де жұмыс істесе, әйел тапқан табысын қайда жұмсап отырғанын күйеуіне айтуға міндетті емес. Имамның ойынша, әйелдің тапқаны — қалтада, ал еркектің тапқаны — ортада. Алайда бұл әйелдердің өзім білермендікке салынып, өркөкіректік танытуына бола береді деген сөз емес.

 

"Қазір тоқу, түрлі тәттілерді пісіру дегендер бар ғой. Үйде отырып, іші пысып, осыларды үйреніп табыс тауып отырған көптеген әйел бар. Әйел табыс тапса, оны қайда жұмсайды, кімге береді, ол — өз шаруасы. Еркектің ол ақшаға билік жүргізбегені дұрыс. Бірақ әйел адам ортадағы түсіністік, сенімділік үшін күйеуіне "мен осыншама табыс таптым, соны төркініме берсем немесе мына затты алуға жұмсасам" деп ерін ақпараттандырып отырса, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі артады", — деді ол.

 

Имам, өкінішке орай, бүгінде әйелімен жағаласқан еркек көп деп отыр. Әйел күйеуіне білдірмей төркініне ақша берсе, еркек әйелінен жасырып тоқалына ақша береді. Осындай жайттардан кейін отбасы шырқының бұзылу қаупі жоғары.

 

Дін өкілі табыс тапқанын міндет қылатын еркектер де бар екенін алға тартты.

 

"Ол дұрыс емес. Мен ондай ер азаматтарға өтініш айтар едім, әйеліне "мен болмасам, аштан қаласыңдар" деп міндет қылуға болмайды. Еркек — ер болып қалуы керек. Сенің тапқаныңды әйелің шет ел асырып жатқан жоқ. Отбасының ас-ауқатына, балалардың қажеттілігіне жұмсайды. Ары кетсе өзіне сөмке алуы мүмкін. Қайта керісінше, әйеліңнің көңілін көтеріп, жақсы сыйлық сыйлай біл. Негізі айтар едім, имамның дүниесін санаған қоғам оңбайды деген бар. Тура сол сияқты әйелдің дүниесін санаған отбасы оңбайды", — деді имам.

 

Нұржан Байжігітұлы әйелдің қандай жағдайға күнәға бататынын да түсіндіріп берді.

 

"Өзі жұмыс істемесе де күйеуінің берген ақшасын үнемдеп, ортасынан өз қалтасына салатын әйелдер бар. Ең жаманы — күйеуінің тапқан табысын еріне ескертпестен жеке пайдасына жаратып немесе туыстарына беру. Ол — әйел үшін үлкен күнә. Неге? Себебі ол дүниенің егесі — ер адам. Тағы да қайталап айтайын, әйел өзі тапса, өзі біледі. Бұл айтқан сөзім кей еркектерге ұнамауы мүмкін. Бірақ шариғатта солай. Ұнаса да, ұнамаса да, сол", — деп сөзін түйді ол.