Ислам діні

Айша Кеңесбай, теолог: «Кез келген арабша жазуды желіде таратамын деп заң алдында жауап беріп жатқандар бар»

  • Айша Кеңесбай, теолог: «Кез келген арабша жазуды желіде таратамын деп заң алдында жауап беріп жатқандар бар»

    Айша Кеңесбай, теолог: «Кез келген арабша жазуды желіде таратамын деп заң алдында жауап беріп жатқандар бар»

Діни экстремизмнің етек алуына не себеп, радикалды ағымдар десе неге орамал таққандар ойға келеді, теріс ағымдардың жетегінде кеткендерді райынан қайтару мүмкін бе?

Теолог, исламтанушы әрі журналист Айша Кеңесбай Caravan.kz медиа-порталы тілшісінің осы және өзге де сауалдарына жауап берді

 

- Қазір елімізде орамал десе елдің ойына теріс радикалды ағымдар келеді. Діннен тіпті үркетін жағдайға жетті. Себеп неде?

- Мұның тамыры өте тереңде жатыр. 2000 жылдары басқа діни ағымдар, миссионерлік ағымдар, басқа бағыттағы әсіресе христиандық бағыттағы, оның ішінде протестанттық бағыттағы ағымдарға байланысты алаңдаушылық болды. Ал ислам дініне байланысты ешқандай алаңдаушылық болған жоқ. Сол тұста ел арасында дінді дұрыс түсінбегендіктен, алақан жайып құран сүрелерін оқудан ары аса алмағандықтан халық арасында терең діни білім болған жоқ. «Біссімілә» дегеннің бәрін әулие көріп кеткен жағдайлар болды. Тіпті бір кездері әулие жағалап, соны дін деп есептеген жағдайлар болды. Бірақ оның уақытша екенін уақыт көрсетіп отыр. Сол кезде басқа ағымдарға алаңдап жүргенде ислам дінінің радикалды ағымдары, біздің ұстанымға сәйкес келмейтін тиым салынған ағымдар келіп, көптеген отандастарымыздың санысын улап үлгерді. «Шынайы дін мынау, нағыз білім осындай» деп онсызда рухани вакумда жүрген діни білімі жоқ адамдарды өздерінің қатарына тартып үлгерді. Мінекей соның салдарынан 2005 жылдан бастап елімізде салафиттік ағымдар, сол сияқты өзге де радикалды діни ағымдар бой көрсете бастады. Сол кездің өзінде де адамдар ненің не екенін білген жоқ. Бірақ, бертін келе халық түсіне бастады. Яғни біздің салт-дәстүрімізге қайшы діни ағымдар бар екенін ұғына бастады. Әйтседе, теріс бағытта кеткендер түсініп үлгерген жоқ. «Біз тура бағытта жүрміз, нағыз дін осы» деп өз ұстанымдары бойынша шектен шығушылыққа барғанын өздері білмей қалды. Мысалы, Сирия асып кеткендер адасушылықтың шарықтау шегі екенін көрсетеді. Дін мемлекеттен бөлек деседе бәрібір адам өмірі мен қоғамда маңызды фактор болғандықтан дін мәселесі бойынша мемлекет тарапынан белгілі бір ұстаным, белгілі бір бағдарлама қажет екенін сол кезден бастап мемлекетіміз білді және Ханафи мазхабы және Матуриди ақидасы деген ұстаным бекітті. Соның өзінде мемлекет бекіткен, өзіміздің ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрілі ұстанымға әлі де қырын қарайтын ағымдар көп. Бұл сенім көзқарастарының қайшылығы. Адамдардың бірлікте, бір ұстанымда болуына үлкен кедергі. Тарихтан белгілі сенім мәселесі адамдардың ең нәзік тұсы. Ал адамдарды сенім арқылы жаулауға болатынын білген жат ағымдар осы дін мәселесінде шабуыл жасайды. Мысалы, біздің ұлттық ұстанымымыз, ұлттық сеніміміз, қазақтың ұлттық тарихи бағыт-бағдары қандай деген мәселеге жат ағымдар жетегінде кеткен отандастар өкінішке орай мән бермейді. Жат ағымдардың етек алуы, олардың тиылмай отыруының себебі сондықтан. Яғни бұл жерде діни сауаттың таяздығы себеп.

 

- Жат ағымдарға еріп кетудің негізгі факторларының бірі діни білімнің аздығы дейміз. Бізде мыңдаған адам тек намаз оқып, ораза ұстаумен ғана шектеледі. Яғни, басқа ағымдарға еріп кету қаупі жоғары деген сөз. Не істеу керек?

- Бұл жерде дінді дұрыс түсінбеу мәселесі бар. Теріс ағымда жүргендер де құранды жаттап алуы мүмкін, хадисттерді жатқа білуі мүмкін. Олар теріс бағыттағы радикалды ағымдардың ғалымдарының, шейхтарының айтқандарына илану арқылы сауаты болуы мүмкін. Бірақ олардың бағыты теріс екенін, негізгі іргетасы қате қаланғанын білмейді. Ал енді елдің діни білімін жаппай арттыру мүмкін бе дегенге келетін болсақ менің негізгі ойым, ұстанымым әрбір адам «сенім» мәселесін дұрыстап алса екен. Ислам дінінде бұл «ақида» деп аталады. Ақида бұл сенім. Ақида сөзін бұрын ата-бабаларымыз қолданбаған. Бұл дінде бар нәрсе. Терминдік сөз болса да, халқымыз қанша ғасыр дінді ұстанса да ақида сөзін естіген жоқпыз. Ол бертінде келді. Бірақ ол дінде бар нәрсе, ғылыми термин. Бұл ғалымдардың төңірегінде талқылайтын мәселе. Ал жат ағымдар оны алып келді де «ақидасы дұрыс емес» деп сенім арқылы шабуыл жасады. Яғни негізгі мәселе сенімде. Діндегі негізгі іргетасы қалай қаланады адам солай қарай кетіп қалады. Теріс ағымдағыларда діни білімі болмаса да Әбу Ханифаның кім екенін білмесе де, Матуридидің кім екенін білмей жатып соларға қатысты пікір айтатындары бар. Мен сенім мәселесін неге қозғап отырмын. Себебі бұл Абайдың шығармасында да айтылған, бұл Шәкәрімнің еңбектерінде де жазылған. Яғни діни сенім дұрыс қалыптасса ол адамды адастыруы мүмкін емес. Қазір мешіттерде сауат ашу курстары бар, ақида пәні, фиқh деген пәндер бар. Осы ақида пәнін өтіп, түсініп алса, ақида деген не, не себепті ағымдар осы ақида төңірегінде таласып жатыр деген мәселеге жауап іздесе сенім төңірегінде негізгі түсінігі қалыптасады және адасушылық болмайды. Абайдың 38-ші қара сөзінде де ақида, сенім мәселесі жақсы айтылған. Өкініштісі соның өзін сауатты, білімді деген мұғалімдердің өздері кейде түсіне алайды. Сеніміміз қандай болу керек, ұстанымымыз қандай болу керек дегенді Абай өз шығармаларында айтып кеткен. Бірақ Абайдың өзін түсіну үшін шамалы болса да діни білім керек.

 

- Жат ағымдардың жетегінде кетіп, теріс сенім қалыптастырғандарды кері қайтару мүмкін бе, олардың ойларын өзгерту қаншалықты мүмкін?

- Негізі белгілі бір дәрежеде мүмкін. Тәжірибеде бестен бірі адасқандарын толық мойындап қайтып жатқан жағдайлар бар. Ал психологтардың айтуынша, психологиялық тұрғыда толыққанды жұмыс істеу үшін 15 жыл кетеді екен. Бұл жерде адамның өзінің табиғатына байланысты. Кейбір адамдар білмесе де өзінің радикалдық ұстанымында болады. «Менікі дұрыс» деген көзқарасты ұстанып алады. Оларға түсіндіру өте қиын. Қазақта ең ауыр қарғыстың түрі «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейді. Сондай табиғаттағы адамдар өзінің білмей тұрғанын мойындамайды. Білмей тұрмын деп те ойламайды. Бұл жерде адамның табиғатына және ойлау қабілетіне де байланысты. Ол ақ пен қараны зерделей алуы керек. Ол терең саралап зерделей алса, мамандарды тыңдай алса қайту мүмкіндігі бар. Құранда айтылады «өздеріңді өзгертпей мен сендерді өзгертпеймін» деп. Яғни өзгеріс өзімізден болу керек. Ол үшін өзі іздену керек. «Неге мынадай қарама-қайшы пікірлер бар, неге қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бар жақ» деп өзіне сұрақ қоя алса өзгеріс болады. Бізде көбіне жалаң эмоцияға беріледі және қателеспес үшін өзін ақтап алуға тырысады. Бірақ мұның бәрінде ғылыми негіз болу керек. Ғылыми негіз болмаса бос сөз болып қалады. Тіпті дінді айтпағанның өзінде «дінді мойындамаймыз, біріші кезекте салт-дәстүр» дейтін адамдар бар. Тіпті мектепте дінтану сабағынан дәріс беретін адамдардың ішінде де осындай топтар бар. Ал салт дегеніміз не, дәстүр дегеніміз не, дін дегеніміз не осыған анықтама беріңізші десең жауап бере алмайды. Барлық нәрсенің ғылыми негізі болу керек қой. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөздің өзі араб тілінен енген десең соның өзін мойындағысы келмейді. Дәстүр, әдет, ғұрып, аада, ұруп, дұстур, осының бәрі араб тілінен алынған сөздер. Бұл арабқұлдық деген мағына емес. Білімнің өзі ислам дінімен келгенін мойындау керек. Мектеп, медресе, ұстаз, қалам, дәптер, кітап деген сөздер бәрі араб тілінен алынған. Ислам діні арабтарға ғана тән дін деп қарасақ бұл үлкен адасушылық. Бұл бүкіл адамзатқа жіберілген дін. Сондықтан ұлтық салт- дәстүр деп дінге қиғаш көзқарастарын, осалдықтарын өзгелерге таңбау керек.

 

- Сирияға барып адасып келген адамдармен жұмыс істеп көрдің, жалпы оларың пікірі, көзқарастары, сенімі өзгерді ме?

- Мен өзім жұмыс істеген топ туралы айтсам, он адамның тағдыры он түрлі. Ол жаққа бару тағдыры да әр түрлі. Біреулер шынымен ештеңені білмей, күйеуіне еріп білім аламыз деп кеткен. Енді бірі «Қазақстанда таза дінді ұстану мүмкін емес, біз ислам мемлекетінде дінді ұстанамыз» деп кеткендер Менің тобымдағы әйелдердің көбісі адасқандарын, шатасқандарын түсінді. Шын мәнінде радикалды топтардың ойыншығы болғанын түсінгендер болды.

 

- Жат ағымды насихаттайтын видео, уағыздар көп. Әлеуметтік желіде ақпарат ашық. Ғаламторға белгілі бір шектеу қою арқылы экстремизмнің алдын алуға бола ма?

- Бізде ашық қоғам болғандықтан, демократиялық қоғам болғандықтан ол жағы қиындау сияқты. Бірақ, қазір қаншама сайттарға, әдебиеттерге тиым салып, оны қадағылап отырған мекемелер, құзырлы орындар бар. Дегенмен, соның өзінде арасында кетіп қалатын жағдайлар бар. Негізі бұл жерде адам діни білімі бар ма, жоқ па соны түсіну керек. Яғни мына арабшада не айтылып жатқанын білем бе, білмеймін бе деген нәрсеге мән беру керек. Арабша жазылғандардың бәрі «біссімілә», «Алла» деген сөз емес қой. Мысалы, Сирияға барғандардың көбінде діни сауаты төмен болған. Сол себепті құранның тәжуитін оқи алмайды. Арабша жазылған дүниені құранның сөзі екен деп таратудың өзі қате нәрсе әрі тиым салынған. Уатсап желісі, басқа да әлеуметтік желілер арқылы таратамын деп заң алдында жауап беріп жатқандары да бар. Яғни олар білген жоқ. Бірақ, білмегенің заң алдындағы жауапкершіліктен құтқара алмайды. Бәрібір ол діни радикалды ағымдардың уағызын таратушы болып есептеледі. Сондықтан адам өзі білмеген нәрседен аулақ болу керек. Білім иелерінен сұрау керек. Құранда «білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» дейді. Терең діни білім алу үшін де ондаған жыл кетеді. Сондықтан бір-екі сүрені жатқа біліп «мен білемін» деу ол адасушылық.

 

- Экстремизм және терроризм десе неге ислам діні елестейді, жалпы бұлардың артында кімдер тұр, батыс елдері ме әлде басқа ма?

- Бір сөзбен айтқанда дін дұшпандары, исламға қарсы топтар дейміз. Ол үлкен мәселе көзге көрінбейтін сыртқы күштер. Жалпы мына Бернард Шоуда айтып кеткен, қазіргі психологиялық салада зерттеу жүргізушілердің барлығын қарасаң адамдардың 95 пайызы тобырлық санада.Ол туралы Абай да 37-ші қара сөзінде айтып кеткен. Оның тек 5 пайызы ғана оның ішінде 2 пайызы ғана ойланады, саралай біледі және соны пайдаланады. Ал 3 пайызы ойланамыз деп ойлайды. Сол сияқты белгілі бір қоғамның 80 пайызы тобырлық сананы құрайды. 10 пайызы ғана дұрыс жолда жүретін алға тартатын тобы болады. Сол сияқты 10 пайызы теріс жол, радикалды ағымға жетелейді. Сондықтан адам саралай, зерделей білу керек. Олай болмаған жағдайда сыртқы күштердің жетегінде кетеді. Білім иелерінен сұрау керек, онда да қандай білім иесі дегенге мән беру керек. Қазір ғаламтордың бір келеңсіз тұсы кім көп жарнамаланады, кім көп көрінеді адамдар соның ығында кетеді, соның айтқаны дұрыс екен деп ойлайды. Саралап жатпайды. Әрине мүмкін жанында сұрайтын адам жоқ шығар, ақыл-кеңес беретін пенде жоқ шығар оған да байланысты. Абай айтады ғой «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тапта жөнге сал» деп.


- Қазақстанда әр түрлі ұлттар бар, түрлі діни ағымдар мен конфессиялар бар Болашақта осы ағымдар мен конфессиялар арасында қақтығыстардың орын алу мүмкіндігі қаншалықты?

- Жақсы сөз сөйле немесе үндеме дейді ғой хадисте. Жалпы менің өзімнің тәжірибемде, ізденіп жатқан ілімім бойынша жақсылықты ойлау керек. Қазақ елі ел боламыз десек, ұлт боламыз десек ойымызды дұрыстауымыз керек. Құранда да айтылады кімнің тақуалығы, бірлігі мықты болса ешкім зиянын келтіре алмайды дейді. Яғни біз өзгелерден қауіптенбей өзімізді күшейтуіміз керек. Қауіптенсек қауіптене беруге болады. Олардың өзге елдерге келтірген зияны, қырық пышақ қылып бөліп тастағанын, жалпы тарихтан тағылым алуға болады. Бірақ олай қауіптеніп, үрей үстінде жүргеннен көрі өзімізді күшетуіміз керек.


kaz.caravan.kz




Көрілген: 851    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 24.08.2020, 13:16

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Қыркүйек, 14:58
    БІР АЯТТЫҢ ҚҰПИЯСЫ
    25 Қыркүйек, 00:39
    АҚЫРЗАМАН БЕЛГІЛЕРІ
    24 Қыркүйек, 22:09
    САУАПТЫ ЖОЯТЫН АМАЛ
    14 Қыркүйек, 15:30
    БІР АЯТТЫҢ ҚҰПИЯСЫ
    8 Қыркүйек, 21:33
    ДҮНИЕНI ТҮЗЕТКЕН БАЛА...
    7 Қыркүйек, 13:58
    Қажылыққа тең 5 амал
    4 Қыркүйек, 19:46
    БАЛАМ, САҒАН АЙТАРЫМ БАР
    25 Тамыз, 17:36
    «Қайыршыны зекіме»
    23 Тамыз, 14:29
    ӘУЛИЕ ДЕГЕН КІМ?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31