БАЙЛАРҒА БЕРІЛМЕГЕН НЫҒМЕТ

13 мамыр 2022, 19:49

Заманында Хазіреті Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар бір ағаштың көлеңкесінде дұға етіп, арбада отырған бір кісіні көреді. Дұға етуші кісіге жақындап келіп қараса екі көзінің көрмейтінін, тіпті екі аяғынан жүре алмайтынын байқайды. Айтарлықтай қуатты да емес, әлсіз һәм аурушаң екені көрініп тұр. Бірақ осыншалықты мүгедектігіне қарамастан екі алақанын жайып Алладан дұға етуде. Дұға еткені соншалықты әрбір сөзін айтып болғанда, бақыттан аспанға ұшып кетердей хәлде отыр еді. Оның;

 

– Уа Раббым, байларға бермеген нығметті маған бердің. Сол үшін де саған бүкіл ағаш жабырақтарының санындай шүкірлер, мақтаулар болсын, деген дұғасын естіп тұрған Иса пайғамбар жанына жақындап, сәлем бергеннен кейін;

 

– Өздігіңмен жүре алмайсың, көздеріңде көрмейді, өзің тым әлсіз һәм аурушаң екенсің. Алла саған жәрдемші болсын. Бірақ осыған қарамастан байларға берілмеген нығметтерге ие болдым деп ойлайсыз және бұған бақытты күйде шүкір етудесіз. Маған мынаны айтыңызшы, «байға берілмеген, саған берілген нығмет» қандай нығмет?, деп сұрайды. Сонда әлгі кісі көзі көрмеседе дауыс шыққан жаққа жүзін бұрып;

 

– Мырзам, Алла маған сондай бір жүрек берді, сол жүрегім арқылы Оны таныдым. Раббым маған сондай бір тіл берді, сол тіл арқылы Оны зікір етудемін. Алайда, дүние байлығын қолына ұстап, бірақ жүрегінде еш тыныштығы мен бақыты жоқ, ал тілінде шүкіршілігі жоқ байлар бар. Жаратқан Раббым, өздігінен жүре алмайтын аяғы ақсақ, көзі соқыр, денесі дертке шалдыққан мүгедек адамға осы нығметті нәсіп етті. Осыны ойласам, өзімді қоярға жер таппай, қуаныштан, Аллаға деген махаббаттан өзімді ұстай алмаймын. Байларға бермеген нығметті, маған нәсіп еткен Раббыма шүкірлер болсын! Өзімді сол үшін де бақытты сезінемін, дейді. Көзі көрмеседе, жүрек көзі ашық болған бұл кісіге Иса пайғамбар:

 

– Қолыңды бер, деп қолынан ұстап, әлгі кісінің көрмейтін көздерін сүйген екен. Иса  пайғамбардың мүбарак еріндері тиген әлгі кісінің көздері сол сәтте ашылып, қарсы алдында тұрған Иса пайғамбарды көріп, қуанғаннан;

 

– Сен Алланың құдіретімен өлілерді тірілткен, ауруларға шипа берген Алланың Елшісі емессің бе? – дейді. Иса пайғамбарда;

 

– Күмәнің бар ма, дейді күлімсіреп?

 

– Күмәнім жоқ, көздерім көргенімен, аяқтарым әлі қозғала алар емес? – дейді. Сонда Иса пайғамбар;

 

– Сен тұруға әрекет етсең, аяқтарың да қалпына келеді дейді. Тұруға әрекет еткенде аяқтары да қозғала бастайды. Ақырында тік тұрып;

 

 – Уа, Алланың Елшісі, бұл болған мұғжизалар Алладан емес пе?! Олай болса, Оған шүкір етемін, – деп дереу сәждеге басын қойған екен. Сәждеде жатып;

 

– Аллаһым! Өзіңді танитын жүрек һәм шүкір ететін тіл берген едің.  Енді мына әлсіз құлыңа көретін екі көз, өздігімен әрекет ететін екі аяқ нәсіп еттің. Енді бұл берген  нығметтеріңе қалайша шүкір етпеймін? – дейді.

 

Осы арада бұл оқиғаға куә болып, жиналып қалған халық Иса пайғамбарға қолыңызды сүюге рұқсат етіңіз, – дейді жамырап. Сонда Пайғамбар;

 

– Менің емес, сәждеде жатқан кісінің қолынан сүйіңіздер, деген екен. Сонда көпшілік;

 

– Біз оны сәждеге алып барған нығметке әу бастан ие едік. Бірақ біз ол секілді нығметтің қадірін мұншалықты сезінбеген екенбіз, – дейді. Сонда пайғамбар;

 

– Олай болса, тәфәккур (ғибрат алып, терең ойлану) етіңіздер. Тәфәккур адам баласын бақытқа жетелейді. Ал тәфәккурі жоқ пенде әрдайым өзін бақытсыз санайды, – деген екен.

 

 Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй мүміндер! Алланы жие-жие, көп еске алыңдар, Оны ертелі кеш пәктеңдер (дәріптеңдер)» дейді (Әл-Ахзаб сүресі, 41-42-аяттар).

 

 

mazhab.kz