«Берген – үндемесін, алған – айтсын»

10 желтоқсан 2021, 15:24

Испан қаламгері Мигель де Сервантес айтты демесеңіз, бұл сөз қазаққа да жат емес. Өмірде не болмайды, біздің де біреулерге ісіміз түсіп, көмек сұраған шығармыз, біреулерге біз де көмек қолын созған шығармыз. Бірақ сол туралы айту керек пе?

Ғұламалар жүрген жерлеріңде жақсылықты елге жайып жүріңдер, сонда жақсылық көбейеді. Керісінше, жамандықты айта бермеңдер, оны да сөйтіп көбейтесіңдер деп үйретеді. Қандай шешім қабылдауды әркімнің патша көңіліне қалдырып, көне бір тәмсілді айтқым келіп тұр.
Ертеде құм ішінде мал іздеген бір түйелі адам жалғыз келе жатып, аш-жалаңаш жүрген бір мүсәпірге жолығыпты. Абайсызда түйемнен айырылып, жаяу қалдым деп мұңын шаққан оған түйекеш сусын, тамақ ұсынады. Әлденіп алған соң әлгі мүсәпір мұның өзін байлап тастап, түйеге мініп кете барады. Жай кетпей, «ашық ауыз, аңқаусың» деп, мазақтап кетеді. Қайыр жасаймын деп, барынан айырылған түйекеш алыстап бара жатқан оның артынан айғайлап:
– Бір өтінішім бар, соны тыңдап кет, - дейді. «Бұл тағы не айтпақшы екен?» деген қызығушылықпен қарақшы кері бұрылады.
– Ал, не айтасың?
– Жалғыз тілегім – осы маған істегеніңді ешкімге айтушы болма...
– Айтсам, не болады екен?
– Айтсаң, адамдар шөлде адасқан адамдарға қайырылып қарамайтын қатыгез болады. Бәрінен де содан қорқамын, - деген екен түйекеш қамығып.
Қонақбай Қожанияз