Бірнеше тілде уағыз айтылатын Вайнах мешітінің ерекшелігі неде

29 сәуір 2022, 17:49

Үлкен мегаполисте сәулеті мен сән-салтанаты жарасқан, тарихы мен дәстүрі терең ғибадат орындары көп. Рамазан айына орай Алматыдағы бірнеше мешітті аралап көрген Zakon.kz тілшісі, мұсылман жамағатына арналған орындардың тарихына үңіліп, ерекшелігіне куә болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Сондай Алла үйінің бірі – Вайнах мешіті. Бұл құлшылық орны 2000 жылы желтоқсан айында ашылды. Қала шетіндегі, Айтықов көшесіндегі көк күмбезді ерекше мешіт шешен және ингуш халықтарының жұмылуымен салынған. Бұрын қаланың осы маңында ингуш, шешен халықтары көп тұрған деседі. Мешіт әкімшілігі берген ақпаратқа сай, аталмыш ұлт өкілдері қазақ жұртына алғыс білдіру мақсатында осындай ғибадат орнын салып, тарту еткен.

 

Құлшылық орны Вайнах деген атауымен де өзге мешіттерден ерекшеленіп тұрады. Мешіт имамдарының айтуынша, «вайнах» сөзін шешен және ингуш ұлттары «біз бауырмыз, мұсылманбыз» деген мағынада қолданады. Вайнах сөзі осы ұлттардың тобын, жамағат болып жиналуын білдіреді.

 

Вайнах мешітінің сәулеті қаладағы өзге ғимараттардан ерекше. Біріншіден, мешіт сырты Греция елінен арнайы әкелінген ақ гранитпен қапталған. Арада 22 жыл өтсе де, сыры кетпей сақталып тұр.

 

 

Сурет: Вайнах мешітінің әкімшілігі

 

Екіншіден, мешіттің бірнеше күмбезі бір-біріне жақын орналасқан, әрі көк түспен безендірілген. Күмбездің жалпы саны – жетеу. Оның негізгісі біреу, қалғаны кішкентай күмбездер. Сонымен қатар мешіттің бір минареті бар.

Алла үйі 2000 жылы пайдалануға берілді. Содан бері реконструкция да, жөндеу де жасалған жоқ. Әлі сол күйінде сақтап келеміз, - дейді мешіт имамы.

Осы ғибадат орнына Алматының түкпір-түкпірінен шешен, ингуш және өзге де ұлт өкілдері жиналады. Себебі – мешітте екі тілде уағыз айтылады. 30 минут уағыз айтылса, соның жартысы орыс тілінде де түсіндіріледі. Тіпті кейбір кезде мешіттің бас имамы баршаға бірдей түсінікті болуы үшін шешен, ингуш тілінде де ақпарат береді.

 

Қаланың әр жерінен біраз ұлт осы мешітке келетіндіктен орыс тілінде уағыз айтуды енгіздік, дейді Мешіт имамы.

 

 

Сурет: Вайнах мешітінің әкімшілігі

 

Мешіттің аумағы – 1011,4 шаршы метр. Мұнда бір мезетте шамамен 1200 адам құлшылық ете алады. Ауласы кең, ал сырты арнайы қоршалған.

 

Мешіт екі қабаттан тұрады. Екінші қабатта орналасқан негізгі залда ерлер жамағаты намаз оқиды, уағыз айтылады. Сонымен қатар, әйелдерге арналған орын да қарастырылған. Қыз-келіншектер бөлмесі мешіттің төбесінде, негізгі залдың балконында жасалған. Онда бұрымдылар басқа есіктен кіріп, емін-еркін намаз оқи алады.

 

Мешіттің негізгі залы, яғни екінші қабаты өте биік. Соған орай терезелері де ұзын. Күндіз ғимарат ішіне терезеден күн сәулесі түсіп, жарық беріп тұрады.

 

Ал мешіттің бірінші қабатында намаз оқуға немесе құран үйреніп, сабақ өтуге арналған екі бөлме бар. Мұнда аптасына екі рет 40 шақты оқушы Құран үйренуге келеді. Сонымен қатар, мешітте тұрғындардың басқа күндері де келіп, сабақ оқуына мүмкіндік жасалған. Бірінші қабатта бас имамның бөлмесі бар.

 

Мешіт іші ою-өрнекпен, Құран аяттарымен безендірілген. Үлкен залдың төрінде, мешіт михрабының екі жағында арабша «Алла» және «Мұхаммед пайғамбар» (с.ғ.с) деген жазулар бар.

 

 

Сурет: Вайнах мешітінің әкімшілігі

 

Вайнах мешітінде қағбаның сыртын айналдыра қоршап қаптайтын материал, кисва жамылғысы бар. Ол қара жібек матаға алтын жіппен көркемделіп жасалады. Онда құран аяттары жазылған. Осындай екі кисва негізгі бөлменің төрінде орналасқан. Сонымен қатар, қабырғада қолдан тоқылған, өте бағалы кілемшелер ілінген.

 

Мешітте екі түрлі баспалдақ бар. Оның біреуі айналдыра дөңгеленіп салынған. Осылайша мешітке келген жұрт өзгелердің ғибадатына кедергі болмайды.

 

Айта кететін жайт – Вайнах мешітіне құран оқытуға немесе некесін қидыруға келген жұрт мешіт ауласында орналасқан арнайы кабинеттерге кіреді. Әкімшілік намаз оқитын жұрттың назарын бөлмеу үшін осындай амал қарастырыпты. Имамдармен жолығуға, өтінішін айтуға келген мұсылмандар сырттан-ақ жұмысын бітіре алады.

 

 

Сурет: Вайнах мешітінің әкімшілігі

 

Рамазан айына орай Вайнах мешітінде күнде 80-120 адамға ауызашар ұйымдастырылып жүр. Ал қасиетті Қадір түнінде бұл мешітте ауған палауы жасалып, донер таратылды. Қадір түніне келген жұртқа сәресін беру мешіттің кейінгі 5-6 жылда жасайтын дәстүріне айналып кеткен.

 

Сонымен қатар, мешіт әкімшілігі Қадір түніне ерекше дайындалады. Мұнда намаздан соң жамағатқа сұрақтар қойылып, жауап берген адамдарға электронды шәйнек, үтік, жайнамаз сияқты жүлделер таратылды.

 

Вайнах мешітінде де өзге мешіттердегідей қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады. Жақында ғана 70 отбасыға азық-түлік себеттері таратылған. Күнде кешке тарауық намазы және құран хатым оқылады.

 

Ал Ораза айтқа орай мешіт әкімшілігі мектеп оқушылары арасында спорттық жарыс ұйымдастырмақ. Балаларға арнайы жүлде де тағайындалған.