«ДІН ҮШІН» ДЕП ЖАСАЛҒАН ТЕРРОР «ЖИҺАД» ПА?

25 ақпан 2022, 11:52

Өкінішке қарай, терорлық ұйымдар, терористік әрекетке баратын топтар «жиһад» ұғымын желеу етіп, халық арасында Исламның террорға қатысы бар екен деген түсінік қалыптастыру үшін бар күштерін салуда. Исламға қатысы жоқ террористер: «Мен дін үшін соғысамын», – деп өздерін алдап қана қоймай, Исламды дұрыс білмейтін өзгелерді де шатастыруда.

 

Әсіресе, исламды білмейтін өзге дін мен мәдениет өкілдері террористік ұйымдардың осындай айлаларына жиі түседі. Сөйтіп қоғамда жалпы мұсылмандарды, олардың діні мен мәдениетін, атрибуттарын жеккөрушілік пайда болып, «исламофобия» қалыптасады.

 

Бұл құбылыс батыс қоғамдарында анық байқалады. Негізінде террористің жасаған жарылысының астарында дінге мүлдем қатысы жоқ әлеуметтік (тұрмыстық, материалдық, кек алу, билікке реніш немесе өкпе сияқты т.б.) яки болмаса саяси астардың болуы әбден мүмкін. Бірақ, адамдар бұған көп мән беріп жатпайтын сияқты, оның шынайы себептері айтылмай қалып қойып жатады.

 

Бар болғаны террор жасаған адамның сыртқы бейнесіне қарап баға беріледі, яғни ол адамның бойында мұсылманға тән көрінісі, киім үлгісі, пішімі, мұрты мен сақалы сияқты белгілері болса, дереу «діни террорист» деп баға беруге асығады.

 

 

 

mazhab.kz