Ислам діні

Ғассал қызметін көрсететін Анармат ата

  • Ғассал қызметін көрсететін Анармат ата

    Ғассал қызметін көрсететін Анармат ата

Шымкенттің іргесіндегі «Пахтакор» ауылында Анармат деген ата тұрады. Ол кісінің жасы биыл 80-ге шықты. Соған қарамастан Анармат ата әлі де тың, ол қазір де көпшілікке тиісті қызметін көрсетіп, еңбек сіңіріп жүр. Кәсібі өзгеше, «ғассал» деп аталады. Яғни ол кісі марқұм болған адамдардың сүйегін жуып, ақтық сапарға аттандыруға даярлайды. Біз кешегі аптада атаға жолығып, одан ғассал жұмысының ерекшеліктері жөнінде айтып беруін сұраған едік.

- Анармат ата, «ғассал» деген сөз қандай мағына береді? Ол қай тілден шыққан?

- «Ғассал» - шариғат сөзі, «жуушы» деген ұғым береді, яғни қайтыс болған адам сүйегін жуушы деген сөз.

- Естуімізше, бұл кәсіппен белгілі бір әулет өкілдері айналысады, яғни ол атадан балаға мирас болады екен. Солай ма?

- Иә, көп жерде негізінен солай.

- Сіздің аталарыңыз да осындай іспен айналысқан ба?

- Жоқ. Маған мұны ауыл ақсақалдары тапсырған еді. Бұрын біздің ауылда бір түрік жігіті ғассал болатын. Сол қайтыс болған кезде Назархан имам бар, мешіттегілердің бәрі ойласып, оның орнына ғассал болып істеуге мені лайық көріпті. «Сенің қолыңнан келеді, ғассал боласың», - деді. Мен қарсы болғаным жоқ.

- Таңдау неге сізге түсті екен? Осы жағын ойланып көрдіңіз бе? Жалпы, өзіңіздің туып-өскен ортаңыз, ғассалдыққа қалай келгеніңіз туралы айтып берсеңіз. Бұрын қандай жұмыстар істеген едіңіз?

- Мен тоғыз балалы отбасында өскенмін. Біз Сайрамда тұратын едік. Жаз бойы колхозда еңбек етеміз, жеркепелерде тұрып, қысқа қарай, бір-екі қар түскен соң Сайрамға қайтатынбыз. Өзім де есейе келе колхозда еңбек еттім. Кейін «Қазсельхозтехника» ашылып, сонда жұмыс істедім. Жұмыс істей жүріп жүргізушілікке оқыдым. Сосын Шымкенттегі автокомбинатта жұмыс істедім. Кейін автокомбинат тарағанда одан бір ескі машинаны меншігіме алып шықтым. Бір-екі жыл шофер болған соң көлік жөндейтін шеберхана ашқанмын. Маған ұсыныс сол шеберхана жұмысымен жүргенімде түсті. Сонымен бәрін қойып, осы шаруамен айналысып кеттім. Бұл 1999 жыл еді. Ауылда мешіт салынған, соның жұмыстарына жәрдемдескенім бар, оның үстіне сол мешітке намазға барып тұратынмын. Содан ғассал қажет болғанда ақсақалдар ақылдаса келе бұл жұмысты алып жүре алады деп мені лайық көріпті. «Солай шешкен болсаңыздар, Алла нәсіп еткен болса, істейін», - деп келісім бердім.

Менің қариялардың сөзін бірден мақұл көруімнің өзіндік себептері бар еді. Жасым 53-55-тердің шамасында болуы керек, бірде қайтыс болған адамның сүйегін жууға қатысқанмын. Шымкентте бір құдаларымыз қайтыс болып, денесін жууға жасы үлкен татар ғассал келген болатын. Уақыты белгіленіп қойылған, содан ол кісі мәйіт жуындыруды бастауым керек деп асықтыра бастады. Бірақ сүйекке кіретін адам табылмай жатты. Құда болған соң маған айтуға ыңғайсызданды ма, өтініш жасай қойған жоқ. Ғассал болса, асығуда. Сосын ол кісіден: «Мен кірсем бола ма?» - деп сұрадым. «Неге болмасын, болады. Тек менің айтқандарымды бұлжытпай орындап тұрсаң, сол жеткілікті», - деді ол.

Содан ғассалмен бірге марқұмның сүйегін жууға қатыстым. Бізге тағы бір адам қосылды. Ғассалдың былай істе дегенінің бәрін істеп тұрдық. Сүйекті қалай жуындыратынын, ғұсыл алдырып, мейрам суын қалай беретінін сол кезде алғаш көргенмін, бәрін де есімде сақтап қалдым. Бір есімде қалғаны - сол кезде ғассал маған қарап: «Алла нәсіп қылса, істерсің», - деген бір ауыз сөз айтқан еді. Неге олай дегеніне сол кезде аса мән бермеппін. Кейін өзім осы іспен айналысқанда есіме түсті.

Мен сол оқиғадан кейін марқұм шыққан үйлерге барғанда сүйекке кіретін адам табылмай жатса, кіруге дайын тұратын едім. Кей жерде осындай көмекті қажет еткендерге жәрдем көрсетіп те жүрдім. Бір жерлерде марқұмның сүйегіне кіретін ешкімі жоқ болып та жатады. Сондайда сауап үшін кіретінмін.

Кейініректе бір түс көргенім бар. Түсімде қолымды жусам, сабындаған сияқты көпіріп тұрады, оны кетірмек болып қолымды қайта-қайта жуамын, бірақ әлгі сабын сияқты көпірген нәрсе кетпейді. Бұл не болды екен деп аң-таң болдым. Оның сырын маған ешкім де түсіндіріп бере алмады.

Бірде түсімде бір топ адам: «Киімің нашар, мына шалбарды киіп ал», - деп жаңа шалбар берді. «Өзімдікі бар ғой», - деймін, бірақ олар киіп ал дей береді. Осы түске де түсінбей, аң-таң болып жүрдім.

Ал әлгі қолым сабындалған сияқты болатын түс кейін де екі-үш мәрте айнымаған сол қалпында қайталанды. Маған осы аян беріліп жатқан жоқ па деп те ойлана бастағанмын. Ақсақалдар ғассал болып істейсің дегенде екі сөзге келмей келіскенім де содан. Олар батасын берді. Бір қызығы, сол күні де әлгіндей түс көрдім: қолымды жусам, сабындалғандай көпіреді, қайта-қайта жусам да кетпейді. Мені бұл кәсіпке осындай бір тылсым күш әкелгендей болды. Ақырында Алла маған аян берген екен ғой деген ойға келдім.

- Биыл бұл іспен айналысып келе жатқаныңызға 21 жыл толады екен. Бұл жұмыстың да өзіндік қиындықтары аз емес шығар? Жасыңыз 80-ге толғалы отыр, орныңызға адам таңдап, ғассал жұмысының қыр-сырын үйретіп те жатқан боларсыз?

- Жұмысты Мұхаммед деген ұлыма үйреткенмін. Оның ғассал қызметін көрсетіп жүргеніне биыл 8 жыл болды. Әзірге шақырған жерлерге көбіне өзім барып жүрмін. Өйткені Мұхаммедтің өзінің негізгі жұмысы бар. Кейде бір мезгілде екі адам сүйегіне кіру керек болып қалады, сол кезде екеуміз екеуіне барамыз. Оның өзіне тікелей хабарласып та жататындар бар.

- Ары қарай не болады, ғассал кәсібі ұрпаққа жалғаса ма, балаңыз өз баласына мирас ете ме?

- Оны өздері шешер.

- Жалпы, сіздер тек «Пахтакор» тұрғындарына ғана қызмет көрсетесіздер ме?

- Әрқалай. Қаладан, төңіректегі ауылдардан шақыратындар да болады. Кей адамдардың марқұм болған туысының денесін туып-өскен жеріне, ата-баба мазаратына апарып қоямыз дейтіні бар. «Қай уақытта жеткізейік? Қай уақытта дайын боласыз?» - деп сұрайды. Ондай жерлерге барған кездер де болған. Негізі мен ол кісілерге марқұм сүйегін өзінің тұрғылықты аумағындағы немесе соған жақын маңдағы мазаратқа қойғаны дұрыс боларын айтамын. Өйткені оның өзінің бала-шағалары осында тұрады ғой.

- Марқұмның денесін жуу қалай атқарылады?

- Марқұм денесін жуудың шариғатта көрсетілген өзіндік тәртіптері бар. Ол бұлжытпай орындалуы тиіс. Дәрет алдыру, ғұсыл алдыру, мейрам суын беру рәсімдері орын-орнымен, ұқыпты жасалуы тиіс. Дәрет алдырғанда, мысалы, іште қалған ауа, тағы басқа шығуы тиіс нәрселер шығады. Біреулер ақтық сәтте тілін тістеп қалған болуы мүмкін, аузын ашып, тілін орнына келтіру, аузын тазалау керек. Мұрын, құлақ ішке су кетпейтіндей етіп тазаланады, бет, бас, қол, аяқ, дененің басқа тұстары - бәрі өз ретімен тиісінше тазартылады. Сабын қолданылады. Су қалдығын аяқасты болмайтын тұсты қазып, соған сіңіре құйып, бетін жауып тастау керек.

Мұның бәрі Алла разылығы үшін істеледі. Дүниеден өткен адам бақиға таза күйінде шығарып салынады. Мен осының бәрін рет-ретімен атқарып болған соң марқұмның туыстарынан: «Көңіл таза болды ма?» - деп сұраймын. Сосын бәрінің қолдарын тазалап жуғызамын. Одан кейін марқұмның денесін кебінге орау жасалады.

Жалпы, бұл жұмысты жүрдім-бардым қарамай, тиянақты атқару қажет. Өкінішке қарай, кей жерлерде бұған қатысты кемшіліктер жіберіліп, білместіктер орын алып жатады. Кейде мен барамын деп бес-алты адамның сүйекке топырлай кіретіні болады. Ол дұрыс емес, топырлағаннан пайда жоқ. Арада жөн білетін адам болуы, ол дұрысын айтып отыруы тиіс. Бақиға кеткен адамды өз жолы, құрметімен шығарып салған абзал. Сүйек жуып шыққан соң «ондай екен», «мұндай екен» деген жайсыз сөз тарататындар бар. Адам назары түсіп, көргендерін өйтіп айтпағаны дұрыс. Себебі қай пенде болса да өзінің өмірден қалай өтерін білмейді ғой.

Марқұм болған адамның дене мүшелері түгел болғаны абзал. Мысалы, ол бұрын қандай да бір себеппен аяғын кестірген болса, оны өз денесінің мүшесі ретінде мазаратқа апарып, көмгені дұрыс. Кейде жол-көлік оқиғасынан адам денесі бөлшектеніп кететіні болады. Миы шашылып кеткен болса да, лажынша ол жиналып алынғаны, иесімен бірге жерленгені жөн. Мәйіт жуу кезінде біз оған да мән береміз, бәрін түгелдеп, тазалап, марқұммен бірге қойғызуға тырысамыз. Денесінің бір мүшесі кем болса, оның қайда екенін сұраймыз. Алла адамды өмірге он екі мүшесін сау жіберді, сондықтан мүмкіндігінше ол Алла алдына солай қайтқаны абзал. Шариғат осылай дейді.

Ал сүйекке адамдар 3 немесе 5 болып, тақ санды болып кіруі тиіс. Одан артық кіруге болмайды. Марқұмның денесін жуындыруға орташа алғанда 45 минуттай, кей жағдайда 1 сағаттай уақыт кетеді.

- Жаңа кейде марқұм болған адамның туыстары тарапынан кейбір кемшіліктер жіберіліп жатады дедіңіз. Солар жөнінде айта кетсеңіз...

- Мысалы, кей жерлерде марқұмды диванға жатқызып, басына жастық қояды. Негізі жастық қойылмауы керек. Өйткені оның желке тұсы қатып қалады да, кейін тақтаға алғанда босаса, аузы, көзі ашылып кетуі мүмкін. Сол кезде біреулердің: «Марқұмның көзі ашылып қалыпты. Біреуді күтіп жатыр ма?..» - деген сияқты сөздерді айтатыны бар.

Кей марқұмның қолдары жайсыз қалыпта қатып қалатыны болады. Мұндайда білетін адам кеудесінен жаны шыққан соң оны ақырындап уқаласа, босайды, сосын оның қолдарын кіндік тұсына немесе екі жанына жайғастырып қоюға болады.

Кейде марқұмның жерленуі кешіктіріліп, бір-екі күн жатып қалатыны бар. Ондайда иістену орын алуы мүмкін, денесі жайсыз жатқан қалпында қатып қалатындары болады. Тіпті сексеуілдей болып қатып қалғандарын да көргенбіз. Ондайда мәйітті жуындыру қиын болады. Сондықтан шариғатта қайтыс болған адамның денесін қабірге көп кешіктірмей қою керектігі ескертілген.

Сол сияқты, марқұмды қабіріне қоятын кезде де көп адам мән бермейтін жайларға жол беріліп қалып жатады. Мысалы, оның денесі оң жағымен құбылаға қарап жатуына мән берген дұрыс. Жалпы, мұндай нәрселердің бәрін шариғаттан хабары бар жандар өзгелерге түсіндіре жүргені абзал. Өз басым білгенімше айтып жүремін. Өйткені бұл біздің парызымыз. Атқарылуы тиіс рәсімдердің барлығында да шариғатта ескертілген дұғаларды айтып жүрген дұрыс.

- Кейде қатарынан бірнеше марқұмның сүйегін жуу керек болып, үлгере алмай қалатын кездеріңіз болып тұра ма?

- Жоқ. Марқұмның туыстары алдымен оны қай мазаратқа қоятынын түбегейлі шешіп, көр қазушылармен келісіп, имаммен ақылдасып, жаназа шығаратын уақытты белгілеп алады ғой. Ғассал өзінің жұмысын осыларды ескере отырып жүргізеді. Бірнеше адам сүйегін жуу керек болса, оның уақыты осы жайларды есепке ала отырып жасалады. Бір күнде ары кетсе екі-үш марқұмның сүйегін жуатын кездер болып тұрады.

- Бүгінде заман ағымына қарай көп нәрсе өзгеріп жатыр ғой. Ғассал жұмысы бұрын қандай еді, қазір қандай?

- Негізінен бұрын қандай болса, қазір де сондай. Пәлендей өзгеріс жоқ.

- Өзі өмірден өткенде денесін нақты бір ғассалдың жуғанын қалап, өсиет ететіндер бола ма?

- Болады деп ойлаймын. Өйткені өз басымнан мынадай бір жағдай өткен: Бір кісі менің атқарған ісімді көзбе-көз көргеннен кейін баласына мен өмірден өткенде сүйегімді осы адамға жуғызыңдар депті. Оны маған баласы келіп айтып кеткен еді. Бірақ қазір ол кісілерден хабарым жоқ. Алматы жаққа көшіп кеткен еді.

- Өзіңіз куә болған кейбір оқиғалар туралы айтсаңыз. Мысалы, адам комада жатқан болып, жуындыру кезінде тіріліп кеткен деген сияқты...

- Осы уақытқа дейінгі атқарған жұмысымда ондай оқыс жағдайлар болған емес. Пайғамбар дәуірінде қандай да бір себеппен комада жатып, денесін жуу кезінде тұрып кеткендер болған екен. Содан кейін адам денесін аяғын құбылаға қаратып жатқызып жуу керектігі жөнінде тәртіп қалыптасыпты.

Жалпы, өзім ондай жағдайларды көрген емеспін. Бірақ қабірге қойылған адамның тіріліп кеткен оқиғалары туралы бірен-саран естігенмін. Яғни ол адам комада жатқан болуы мүмкін.

- Ал ғассалға кесімді жалақы төлене ме, әлде тек жұрттың бергенін ғана аласыздар ма? Қызмет ақысы қандай?

- Ғассалда айлық жалақы деген жоқ. Әркім өзінің атағанын береді. Ақша беретіндер бар. Бергенді азырқану, қапа болу деген бізде болмайды. Өйткені ісіміз Алла разылығы үшін жасалады ғой. Ғассалды риза қылу жағы марқұмның туысының тұрмысына, жағдайына, пейіліне байланысты. «Пәлен бересің» деген сөз болмайды. Біреулер ас дастарханынан тамақ салып береді, біреулер бірер жаңа киім, кейбірі марқұмның тірлігінде киген киімдерін беріп те жатады.

- Адам мәйітін жуған соң ауырлап, қиналатын кездеріңіз бола ма?

- Әрқалай. Ол кейде жеңіл өтеді, кейде ауырлап қалатын кездер болады. Жұмысымыз Алла разылығы үшін жасалатын болғандықтан қорқып, үрейленуге, қандай да бір жайға байланысты жиренуге жол бермеуге тырысамыз. Жалпы алғанда, адамды бақиға дайындау ауыр жұмыс қой. Өйткені, шариғат бойынша, адамның кеудесінен жаны шыққасын ол аршыға барып қайтады да, біраз уақыт өз үйінің босағасында тұрады. Ол кімнің не істеп жүргенін сезеді, оған мұны періштелер айтып береді.

Адам қайтыс болғасын оның рухы, жүгі түседі ғой. Оның салмағы болады. Сондықтан сүйек жуып үйге келген соң тазаланып, жуынып аламыз.

- Жұрттан естіген бір жай еске түсіп отыр. Марқұмның денесін жуғанда қолданылған сабынның шипалық қасиеті болады деп айтады. Денені шыққан жарадан тез айықтырады дейді...

- Ондай бар. Сабынды тастамай, сақтап қойған дұрыс. Жараны кетіретіні рас.

- Бұл өзі нақты көз жеткізілген нәрсе ме?

- Иә, көз жеткізілген.

- Өзіңізде сондай сабындар бар ма?

- Бірер сабындар бар. Мен марқұмның туыстарына оның денесін жуған сабынды тастамау керегін айта жүремін. Алып қалғысы келмесе, тастайтын ойы болса, одан да маған беріңдер деймін. Өйткені сабынның мұндай қасиетінен хабары барлар, денесіне жара шыққандардың ғассал ретінде тауып беріңізші деп менен сұрайтындары болады.

- Ол негізі кәдімгі сабын емес пе? Әлде сүйек жууға қандай да бір өзгеше сабын қолданыла ма? Ол жараны қалайша кетіреді?

- Сабын кәдімгі сабын ғой. Адам денесін Алла алдына таза күйінде оралтуға қызмет еткесін қасиет қонатын шығар. Анығын бір Алла біледі. Мысалы, Құдайдың адамды қайта тірілтетініне мұсылман баласы шәк келтірмейді ғой. Біз иман келтіргенбіз, оған сенеміз. Мысалы, адам ұйықтайды, ұйқы кезінде ештеңе білмейді, өңінде жүргендей түрлі түстер көреді - осы сияқты нәрселердің бәрінің ғайып бір сыры бар емес пе? Сол сияқты сабынның мұндай сырын да біз нақты мынадан деп түсіндіріп бере алмаймыз.

- Жалпы, тұрмыс-тіршіліктеріңіз қалай? Үйде апа бар шығар? Қанша бала-шаға өсіргенсіздер?

- Құдайға шүкір, тұрмысымыз жаман емес. Азын-аулақ мал бар дегендей... Әйел бар, екеуміз 8 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіргенбіз. Үш ұл, бес қыз. Бір ұлым әскерде Германияда болған еді, сол жақта жүріп бүйрегін суықтатқан екен, елге оралған соң қайтыс болды. Басқалары бүгінде бір-бір үй, олардан өрбіген ұрпаққа ата-әже болып отырмыз.

- Жұртқа ой салар әңгіме айтып бергеніңіз үшін рахмет, Құдай сізге қуат берсін!

Р. ҚАЛТАЙ.

zamana.kz




Көрілген: 2239    Пікірлер: 0

сенбі, 30.01.2021, 16:40

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Сәуір, 14:29
    ҺАШИМ ЖӘМИЛ ОҚИҒАСЫ
    2 Сәуір, 01:26
    ШАРИҒАТ ДЕГЕН НЕ?
    24 Наурыз, 13:45
    ИМАН НЕДЕН ӘЛСІРЕЙДІ?
    22 Наурыз, 01:25
    БАЙҒЫЗ
    16 Наурыз, 18:37
    ҰЛЫЛАРДЫҢ ОРАЗАСЫ
    10 Наурыз, 19:59
    Сүрме жағу сүннет пе?
    6 Наурыз, 01:59
    ШЫНАЙЫ ДОС ДЕГЕН КІМ?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30