Жәннатқа кіретін адамның келбеті қандай?

26 ақпан 2022, 10:05

Әнәс (р.а.) былай деп баяндаған: «Бір күні біз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге отырғанымызда, ол бізге: «Қазір мына жерге Жәннатқа кіретін кісі келеді» - деді. Сол мезетте бір ансарлық кісі келді. Оның сақалынан дәреттен қалған су тамшылары тамшылап тұрды, ал сол қолында аяқ киімі болғанды.

 

Келесі күні пайғамбарымыз әлгі сөзді қайта айтып еді, кешегі кісі қайта кіріп келді. Одан кейінгі күні осы оқиға тағы да қайталанды.

 

Пайғамбарымыз басқа жаққа кетіп қалған кезде Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) әлгі кісінің ізіне түсті де, жетіп алып: «Мен әкеммен жанжалдасып қалып едім, сөйтіп оған үш күн бойы үйге оралмаймын деп уәде берген едім. Егер қарсы болмасаңыз, осы күндері сіздің үйіңізде болайын?!»-деді. Әлгі кісі онымен келісті.

 

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас былай деп баяндады: «Мен оның үйінде үш күн болдым, бірақ ерекше еш нәрсе көрмедім. Тек көргенім таң намазына дейін түнде тұрып немесе жамбастап жатып Алланы еске алып, мадақтар айтатын. Үш күн өтті, көргеніме риза болмадым. Сонда мен оған: «Әй, Алланың құлы! Мені мен әкемнің арамызда еш нәрсе болған жоқ. Мен тек Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үш рет: «Қазір мына жерге Жұмаққа кіретін кісі келеді», - деген сөзін естідім, әрі әр айтқан сайын сіз кіріп келдіңіз. Кейіннен мен сіздің не істейтініңізді білу үшін жаныңызда болғым келді. Сөйтіп сіздің жаныңызда бірге болдым. Алайда, мен сіздің амалдарыңыздан ерекше ешнәрсе көргенім жоқ. Олай болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сіз туралы не үшін былай айтты екен?»-дедім.

 

Әлгі кісі:

 

«Мен сіз көрген нәрседен артық еш нәрсе жасамаймын. Алайда, сонымен қоса, мен мұсылманның ешқайсысын алдамаймын, Алланың оларға берген нығметін қызғанбаймын»,-деді.

 

Сонда Абдулла:

 

«Сіз расында да мына деңгейге осы себепті жеткен екенсіз! Шынында, мұндай деңгейге жету оңай емес»,-деді.

 

Алла елшісі де (с.ғ.с.) шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес екенін өсиет сөздерінде баса назар аударған. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі, (с.ғ.с.):

«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала да оны қиямет-қайымның қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады»,- деп айтты», - делінген.

 

Олай болса әр амалымызда Аллаға сеніп, амалымызды салиқалы істерден етейік.

 

 

 

Нуров Махмудқажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

ihsan.kz